
«Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді», – деді Президент.
Оның айтуынша, бұл – аса маңызды мәселе, сондықтан асығыстыққа жол берілмеуі тиіс.
«Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізіп, Конституцияға тиісті өзгерістер енгізуге болатынын айтты.
«Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», – деді Президент.