Мәдениет • Бүгін, 18:00

Қазақстанға XI ғасырдағы құнды картаның көшірмесі жеткізілді

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы қорына XI ғасырға тиесілі құнды тарихи дерек қосылды. Ұлыбритания елшілігі орталыққа Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханасында сақталған «MS. Arab. c. 90» шифрлы қолжазбаның 44a парағында бейнеленген Орталық Азия картасының көшірмесін сыйға тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанға XI ғасырдағы құнды картаның көшірмесі жеткізілді

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, аталмыш қолжазба XI ғасырда құрастырылған «Китаб гараиб әл-фунун уа мулях әл-уюн» («Ғылымдардың ғажайыптары мен көз қуаныштары кітабы») атты еңбектің жалғыз белгілі нұсқасы. Ғалымдардың болжамынша, бұл қолжазба XII ғасырдың соңғы кезеңі мен XIII ғасырдың басында Мысырда көшірілген.

Картада қазіргі Қазақстан аумағындағы маңызды тарихи нысандар көрсетілген. Соның ішінде Жанкент қаласы ерекше аталып, араб тілінде «Әл-кария әл-хадиса» («Жаңа қала») деп берілген. Тарихи деректер Жанкенттің VIII–XI ғасырларда оғыз мемлекетінің астанасы болғанын айғақтайды. Сонымен қатар картада Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан негізгі қалалар да бейнеленген.

Айта кетейік, бұл қолжазба 2002 жылы қайырымдылық ұйымдарының қолдауымен сатып алынып, кейіннен толық цифрланды. Бүгінде ол исламдық ортағасырлық география мен кітап өнерін зерттеуде таптырмас дереккөз болып саналады.

XI ғасырдан жеткен карта Орта Азия мен Қазақстанның тарихи келбетін айқындап, ғылыми, мәдени және ұлттық тұрғыдан үлкен маңызға ие жәдігер ретінде бағаланып отыр.