
Манат Мусин басқаратын «УКСтрой» компаниясы құрылыс жұмысын өте сапалы атқарыпты. Осы мекеме әперген спорттық құрал-жабдықтар да көздің жауын алады. Республиканың ірі қалаларындағы спорт ғимараттарын көріп жүрміз. Зеренді спорт кешені сән-салтанаты мен құрал-жабдығы жағынан елорда және Алматы ғимараттарынан кем соқпайды.
Бұл кешеннің уақтында әрі ойдағыдай салынуын облыс әкімі Марат Мұратұлы қатаң назарда ұстаған екен. Мамандандырылған мектепте спорттың 7 түрінен жаттығу өтеді: қазақ күресі, еркін күрес, бокс, шаңғы, самбо,футбол, спорттық туризм. Алдағы уақытта грек-рим күресі, ауыр атлетика, биатлон бөлімдері ашылады. Әзірге ұжымдағы 24 бапкердің қол астында 807 спортшы шеберліктерін шыңдап жүр.
Күрес залына кірдік. Аумағы – 24 х 12 метр. Төбесінің биіктігі алты метр еңселі залдың төрінде екі күрес кілемі жарқырап жатыр. Тынысы кең залда бір мезгілде 29 балуан жаттыға алады.
Бокс залының аумағы – 18 х 12 метр. Су жаңа ринг құрулы тұр. Жаттығуға қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіліпті. Мұнда бір мезгілде 25 спортшының жаттығуға мүмкіндігі бар.
Бұдан басқа аумағы атшаптырым 2 тренажер залы бар. Бірінің көлемі 70,40 шаршы метр, екіншісі 86,00 шаршы метр. Екеуінде бір уақытта 24 адам емін-еркін жаттыға алады.
Тұмса табиғат аясындағы, жан-жағын жасыл желек қоршаған мектепте оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін 48 орындық жатақхана бар екен. Мамандар мен спортшылардың ас-су мәселесі де ойластырылған.
Осындай сәулетті ғимараттың ауыл орталығында салынғаны тамаша болған. Көптеген ауылдардың халқы қалаларға көшіп, қазақтың қарашаңырақтары құлазып, бос қалып жатқанда облыс әкімдігінің мына қадамы көңілге қуаныш сыйлады. Себебі ауыл – қазақтың берекесі, құтты ошағы. Ел болуымыздың негізгі ұйытқысы да қараша ауылдар. Туған тіліміздің тамыры да ауылда. Салт-дәстүріміздің ордасы да ауыл. Сондықтан қазағы басым Зерендідегі ғажап спорт кешені сондағы қараша халықтың көзқуанышы, несібесі әрі арман қуған қарадомалақтарды шыңдайтын мәдени ұстахана. Мұндай ғимаратта жаттыққан балалар ертең Токио мен Дубайдың спорт кешендеріне еркін кіретін болады. Мұндай ғимаратта еңбек еткен қазақ маманы жер шарының кез келген түкпірінде алшаң басып жүреді.
Қоштасарда Зеренді спорт мектебінің басшысы Қайырбек Әміржанұлына «Мекемеңіз чемпиондар ұстаханасына айналсын!» деп тілек айттық.
Қыдырбек Рысбек,
журналист