
Аталған жабдық Норвегияда жасалып, Каспий теңізінің табиғи жағдайына бейімделген. Бұл еліміз бен Каспий теңізі тарихындағы ең үлкен тор қоршамалар саналады – әрқайсысының айналымы – 120 метр, тереңдігі – 25 метр. Алғашқы екі жылда өндіріс көлемі 300-ден 1 600 тоннаға дейін жетіп, кейін жылына 5 000 тоннаға дейін ұлғаюы көзделген және 80-нен астам жұмыс орны ашылады.
Құрық портына жеткізілген тор қоршамалар шетелдік және отандық мамандардың күшімен құрастырылып, порттан 20 шақырым оңтүстіктегі теңіз аумағына орнатылды. Экологиялық жағынан теңізге еш зияны жоқ, дейді мамандар. Ендігі жұмыс – тор қоршамаларды Каспий албырты тұқымдас балықпен толтыру.
Аквашаруашылық жобасы Норвегия аквакультура институтының көпжылдық ғылыми зерттеулеріне негізделіп әзірленді. Теңіз суының гидрологиялық, гидрофизикалық және гидрохимиялық сипаттамасы, сондай-ақ учаскенің батиметриясы жан-жақты зерттелген. Табиғи таза ортада балық өсіру басты бағыт болғандықтан, балықтар экологиялық таза жеммен қоректеніп, теңіздің табиғи жағдайында өсірілмек. Бұл жағдай олардың пайдалы қасиеттерін толық сақтауға мүмкіндік береді.
«Бүгін Маңғыстау облысы үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін тарихи мәні бар маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Елімізде алғаш рет тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы іске қосылып, Каспий теңізіне алғашқы тор қоршамалар түсірілді. Бұл жоба – Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру, аквашаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылып отыр. Бастама жаңа жұмыс орындарын ашуға, жастарды заманауи балық шаруашылығы саласына тартуға мүмкіндік береді. Жоба отандық теңіз аквашаруашылығының дамуына жол ашып қана қоймай, аймақтық экономикалық өсімге, экспорттық әлеуеттің артуына және экологиялық тұрақтылықтың сақталуына зор үлес қосады», деді өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай.
Өңірлік балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтың айтуынша, тауарлы балық өсіру шаруашылығымен айналысушылар саны күн санап өсіп жатыр.
«Бұл кәсіп иелеріне мемлекеттік қолдау да зор. Атап айтқанда, балық өсіру үшін биологиялық негіздеме, дәрі-дәрмек, аналықтарын және шабақтарды сатып алу шығындарының 50%-ы өтеледі. Оған қоса, балық азығына жұмсалған шығындардың 30%-ы өтеледі. Маңғыстау өңірінде балық шаруашылығымен маусымдық негізде 609, тұрақты түрде 105 балықшы айналысады. Жыл басынан бері 4 150 тонна балық ауланды. Сондай-ақ саланы дамыту үшін «Аквашаруашылық туралы» заң қабылданып, балық өнімдерін қайта өңдеуді және несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау тетіктері қарастырылды», дейді.
Маңғыстау облысы