ЖОЛДАУ • Бүгін, 07:40

Ауқымды өзгерістер бағдары

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл бағдарламалық құжат ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындап, мемлекеттік саясаттың алдағы жылдардағы маңызды бағыттарын белгілеп берді.

Ауқымды өзгерістер бағдары

Жолдауда цифрлық күн тәр­тібін ілгерілетуге айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы жа­санды интеллектіні кеңінен ен­гізу және ауқымды цифрландыру еліміздің стратегиялық бағ­дарының негізгі тетігі болуы керек екенін айтты. Шын мәнінде, мұндай қадам Қазақстанның бар­лық сектордағы әлеуетін айтар­лықтай арттырып, экономика мен әлеуметтік саланы сапалы жаңа деңгейге шығаруға жол ашады.

Президент түбегейлі цифр­лық өзгерістердің түпкі мақсаты аза­маттардың әл-ауқатын артты­ру, олардың өмір сүру сапа­сын жақ­сарту және елдің бәсекеге қабі­леттілігін нығайту екенін ерекше атап өтті. Осыған байланысты Қа­зақ­станды толыққанды цифрлық дер­жава ретінде қа­лыптастыру таяу жыл­дардағы басым міндеттердің бірі болып белгіленіп отыр. Сол ар­қы­лы жаңа технологиялар эко­номи­калық жаңғырту мен әлеумет­тік тұрақ­тылықтың негізіне айналады.

Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін цифрлық дамудың негізгі бағыттарын, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да салаларды айқындайтын Цифрлық кодексті тезірек қабылдау аса маңызды. Депутаттар бұл жұмыс­пен осы сессия барысында белсенді айналы­сатынын атап өткен жөн. Соны­мен қатар Президентіміз бар­лық цифрлық бастамаларды жал­пыұлттық бағдарламаға біріктіретін «Digital Qazaqstan» бірыңғай стратегиясын әзірлеуді тапсырды.

инфо

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Жолдауда инвестициялық сая­сатқа да ерекше назар ауда­рыл­ды. Мемлекет басшысы Үкі­мет­ке шетелдік капиталды тар­ту те­тіктерінің тиімділігін қай­та қа­рау­ды және арттыруды, сон­дай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен жоға­ры тех­но­логиялық салаларға баса мән бере оты­рып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауды міндет етіп жүктеді.

Белгіленген басымдықтардың қатарында бәсекелестікті кү­шей­тетін, экономика, қаржы жүйе­сіндегі технологияларды дамы­туға және цифрлық активтер айналымын либерализациялауға ықпал ететін Банктер туралы заң қабылдау бастамасы да бар.

Сенаторлар осы сессияда жұ­мыс істейтін маңызды құ­жат­­тардың тағы бірі – Alatau City-дің арнайы құқықтық мәр­тебесін бекітетін заң. Жаңа қала тех­но­ло­гиялық өрлеудің және Қа­зақ­стан­ның келешектегі келбетінің жар­қын көрінісіне айналуға тиіс.

Мемлекет басшысы ауыл ша­руашылығын дамыту саласы­на да ерекше назар аударды. Пар­ламентке ЕАЭО аясында отан­дық өнім өндірушілерді қорғау­ды заңмен қамтамасыз етуге қатысты нақты міндет жүктелді. Бұл өзіміздің кәсіпкерлердің жағдайын құқықтық тұрғыдан күшейтуге және аграрлық сала­ның экспорттық әлеуетін нығай­туға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Президент жер ресурстарын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ете отырып, кадастрлық мәлімет­терді, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатыс­ты ақпаратты біріктіретін жер ре­сурстарының бірыңғай цифрлық картасын құруды тапсырды.

Көлік-логистикалық саланың дамуы да цифрландырумен тікелей байланысты екені анық. Осыған орай Мемлекет басшысы транзит үшін жаһандық бәсеке күшейе түскен қазіргі жағдайда Қазақстан цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу арқылы ғана өз позициясын сақтап, нығайта алатынын атап өтті.

Бұл тұрғыда барлық тасымал­дау үдерістерін бір жүйеге бі­рік­тіруге мүмкіндік беретін көп­бейінді цифрлық платформаны енгізу ерекше маңызға ие. Сондықтан Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен жақын айларда бизнестің инфра­құ­ры­лымға тең және автоматты қолжетімділігін қамтамасыз ететін Smart Cargo жүйесі іске қосылуға тиіс. Бұл көлік саласын цифрландыру үшін маңызды кезең және оның ашықтығы мен тиімділігін арттыратын тиімді тетік екені сөзсіз.

Президент шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне тоқта­лып, құқықтық базаны кәсіпкер­лердің қажеттілігіне қарай бейімдеу керек екенін жеткізді. Осы ретте жасанды интеллект технологиясын пайдалану арқылы заңнаманы түгел тексеріп, зерделеу бастамасы уақтылы қолға алынғанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы тұрғын үй шаруашылығы мен құрылыс саласындағы басым­дықтарды белгілеп берді. Бұл ретте жасанды интеллект техно­логияларының көмегімен ғимарат­тарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолданудың маңызы зор. Сондай-ақ құрылыстың барлық кезеңіне толық мониторинг жүр­гізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу да қажетті шешім болғаны анық. Осы орайда депутаттарға маңызды тапсырма берілді. Ол – саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына берік заңнамалық негіз қалайтын жаңа Құрылыс кодексін жыл соңына дейін қабылдау.

Жолдаудың негізгі ерекшелік­терінің бірі Мемлекет басшысын­ың парламенттік реформа жүргізу туралы ұсынысы болғаны белгілі. Бұл бір палаталы Парламентке көшу­ді көздейді. Аталған баста­ма – тарихи мәнге ие және Президенттің Әділетті Қазақстан құру, демократиялық институттар мен тетіктерді күшейту жолындағы байыпты бағдарының логикалық жалғасы.

Мемлекет басшысы Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақ­сыз саяси жағдай болып тұр­ған сәтте құрылғанына назар аударды. Сондай-ақ палата өткен 30 жыл­да мемлекеттік құрылымның тұрақ­тылығын, заңнама жүйесін дамытуды және негізгі реформалардың іске асырылуын қамтамасыз етіп, өзінің аса маңызды тарихи мис­сиясын абыроймен, тиімді атқар­ғанына тоқталды. Осыған бай­ланыс­ты еліміздегі саяси жүйе мен саяси мәдениеттің дамуын және азаматтық жауапкершілік дең­гейінің көтерілуін ескеріп, Қазақ­станның парламенттік жүйесін жетілдірудің жаңа кезеңін талқыға салатын уақыт жетіп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай маңызды рефор­ма тек ашық әрі жан-жақты қоғам­дық талқылау негізінде ғана іс­ке асырылатынын айтты. Соған сәйкес Мемлекет басшысы бір пала­талы Парламентке көшу мәсе­лесін азаматтардың және сарап­шылардың қатысуымен бір жыл көлемінде талқылауды ұсынды. Бұған қатысты қорытынды шешім жалпы халықтың пікірін ескере отырып, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданбақ.

Жалпы, Президент Жолдауын Қазақстанды жаңғыртудың жаңа замандағы кешенді жол картасы деп қабылдаймыз. Себебі жасан­ды интеллект пен цифрлық шешім­дерді жаппай енгізу алдағы жылдары мемлекетіміздің бәсекеге қабі­лет­тілігінің маңызды шарты әрі ор­­нықты дамудың кепілі болатыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру – Үкімет пен Парламенттің ғана жауап­кершілігі емес, барша азамат үшін ортақ іс. Біз жұдырықтай жұмылсақ қана байыпты даму және Әділетті, Қуатты әрі Заманауи Қазақстанды құру бағдарын одан әрі табысты жалғастыра аламыз.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат төрағасы