
Мемлекет басшысының айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, 17 трлн теңгеге жуықтады. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 12,4 пайызға жеткен. Өткен жылы 163 жаңа өндіріс іске қосылып, 12,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Әсіресе Алматы, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында ірі кәсіпорындар пайдалануға берілді. Биыл Алматыда еліміздегі ең үлкен автокөлік өндірісі іске қосылды.
Дегенмен Президент қол жеткізілген жетістіктер әлі де көңіл көншітерлік емес екенін атап өтті. «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс», деген Мемлекет басшысының сөзінің астарында көп дүние жатыр. Ал сапалы өнім өндіру үшін салаға алдымен озық технология мен білікті маман ауадай қажет. Әрине, тау-кен өндірісі секторы туралы айтсам, елімізде жоғары білімді мамандар даярлайтын оқу орындары жоқ емес. Осы бағытқа мемлекеттік грант көлемін көбейтсе, отандық білікті мамандар көбейе түсер деген сенімдемін.
Жолдауда тау-кен металлургиясының әлеуетін арттыру, газ-химия кешендерін дамыту және сұйытылған газды терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру қажеттігі айтылды. Алдағы үш жылда жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорын іске қосылмақ. Бұл дегеніміз – алдағы жылдары елімізде тау-кен инженерлеріне, геологтер мен технологтерге деген сұраныс артады деген сөз.
Тағы бір маңызды міндет – геологиялық барлау жұмыстарын күшейту. Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасау қажеттігі атап өтілді. Бұл кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық деңгейде бағалауға мүмкіндік береді. Осы ретте Президент «Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет», деді.
Өңдеу өнеркәсібін жаңғырту, геологиялық зерттеулерді күшейту және жаңа технологияларды енгізу мемлекетіміздің индустриялық дамуындағы шешуші қадамдар болмақ. Жалпы, Жолдауда белгіленген бастамалар елді жаңа индустриялық дәуірге жетелеуді көздейді. Инновация мен заманауи технологияларға арқа сүйеу арқылы ел экономикасы шикізатқа тәуелділіктен арылып, экспорттық әлеуетін күшейтпек.
Әлібек САТҚАНБАЕВ,
«Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің механигі