ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:55

Адам капиталын өрістетудің айрықша міндеттері

170 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы­н­а Жол­­дауын­да елдің әлеу­мет­тік-экономика­лық дамуы, экономика са­лалары­ның инновация­лық әлеуе­тін күшейту, ғы­лымның күш-қуа­тын өндіріс пен ауыл шаруа­шы­лығында тиімді пайдалану сияқты күрделі мәселелерді қозғады.

Адам капиталын өрістетудің айрықша міндеттері

Мемлекет басшысы қазір дүниежүзінде жасанды ин­тел­лектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Соған орай, Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды.

«Алдағы үш жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуын басшылыққа алуы­мыз керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Сондықтан қазіргі құзыр­лы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары дең­гейіндегі маман басқаруы керек. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізуі қажет. Қазақстанды бәсе­кеге қабілетті ел ретінде дамыта­мыз десек, жұмысымызды жаңа­ша тәсілмен жүргізуіміз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жасанды интеллект сала­сындағы бұл бастама негізін­де жүзеге асырылатын жаңалықтар – елдің дамуына тікелей әсер ететін өте тиімді жол. Қазір онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Озық техноло­гиялар ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғау­шы күшіне айналып келеді. Сон­дықтан Президенттің бұл бастамасын қолдаймыз және Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде танытуға, Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуын жүзеге асыруға тікелей атсалысамыз.

Цифрлық технология­лар­дың қарқынды дамуы мен жаһандық бәсекелестік жағ­дайында жасанды интеллект (ЖИ) автоматтандыру құралы ғана емес, ұлттық тәуелсіздіктің, экономикалық транс­формацияның және зият­керлік көшбасшылықтың фак­торы болып отыр. Мемлекет басшысының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру жөніндегі бастамасы – еліміз үшін жаңа көкжиектерді ашатын уақтылы және стратегиялық тұрғыдан дұрыс қадам.

Алайда бұл саладағы табыс  институционалдық ше­шімдер­ге ғана емес, мемлекет, ғылым, бизнес пен қоғам арасындағы терең синер­гия­ға да байланыс­ты. Қазақ­стан Республикасының Ұлт­тық ғылым академиясы (ҰҒА) жаңа министрлік, акаде­мия­лық қауымдастық, Назарбаев университетіндегі Интеллек­туал­дық жүйелер және жасанды интел­лект институты (ISSAI) және өзге де зерттеу орта­лық­тары арасындағы ведомство­аралық үйлестіруді күшейтудің қажет­тігін атап көрсетеді. Ғалым­дар, инже­нерлер, кәсіпкерлер мен мем­лекеттік қызметшілердің күш-жігерін біріктіру ғана ор­нық­ты әрі бәсекеге қабілетті ЖИ-эко­жүйені құруға мүмкіндік береді.

Негізгі сын-қатерлердің бірі – этикалық және құқықтық шең­берлерді қалыптастыру. ЖИ мүмкіндіктермен қатар, қауіп-қатерлерді де алып келеді: алгоритмдердің бір­жақ­тылығы, деректердің та­ра­лып кетуі, ашықтықтың бол­мауы. Осыған байланысты Жа­санды интеллект этикасы жөніндегі Ұлттық кеңес құру ұсынылады. Оның басты міндеті – нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу, алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың жеке дерек­терін қорғау. Кеңес құрамына ғылым, азаматтық қоғам, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдері енуге тиіс, ал оның шешімдері стратегиялық құ­жаттар мен стандарттарға енгізілуі қажет.

Ұзақмерзімді техноло­гиялық тәуелсіздікті қамта­масыз ету үшін DeepTech және іргелі зерттеулерге ерекше назар аудару қажет. Қазақ тіліне, этномәдени ерек­ше­ліктерге, аграрлық сектор мен экологиялық мониторингке бағытталған қолданбалы және теориялық әзірлемелер­ді қаржыландыруды арттыру дәс­түрлі экономикалық сала­­ларға арналған бірегей шешім­дер жасауға жол ашады. Бұл – сыртқы цифрлық платформалар мен алгоритмдерге тәуелділік артып отырған жағдайда ерекше маңызды.

Осы тұрғыда ҰҒА жасанды интеллектінің озық ба­ғыт­тарын дамытуға бағыт­тал­ған бірқатар бастаманы іске асырып отыр. Қытай ғы­лым академиясының акад­е­миктерімен, Чжэцзян техно­логиялық университетімен және ҚХР-дың жоғары техно­логиялық компанияларымен бірлесіп құрылған Кеңіс­тіктік-уақыттық жасанды интел­лект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертханасы климаттық сценарийлерден бастап, урбанистикалық және биомедициналық модельдеулерге дейінгі күрделі процестерді модельдеумен айналысады. Геоаналитика әдістері, графолық нейрожелі­лер және мультиагенттік модельдер пайдаланылады, олар­дың көмегімен нақты уақыт режімінде про­цестерді болжау мен оңтай­ландыру жүзеге асырылады. Бұл жұмысты «DeepBas» платформасы толықтырады — ұлт­тық контекс­ке бейімделген терең білім базасы мен оқыту модельдерін құруға бағытталған қазақстандық бастама. Бұл технологиялар төтенше жағдай­ларды болжау, табиғи ресурстарды мониторингтеу, су және энергетикалық жүйелерді бас­қару, сондай-ақ жалпы тұрақты дамуды қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Бұл жобаға Қытай тарапынан салынатын инвестиция көлемі 1 млрд юань немесе 70 мрлд теңгені құрап отыр.

Осылайша, Қазақстан жаңа кезеңнің табалдырығында тұр — цифрлық тұтыну­дан технологиялық көшбасшы­лыққа өту. Жасанды интеллект жеке сала ғана емес, ғылым­ды, мәдениетті, экономика­ны және мемлекеттік басқару­ды біріктіретін ұлттық страте­гия­ның өзегі болуға тиіс. Дәл қазір институционалдық қайта пішіндеу кезеңінде қазақ­стандық ЖИ-экожүйенің орнық­тылығын, ашықтығын және жаһандық бәсекеге қабі­летті­лігін қамтамасыз ете­тін ірге­тас­ты қалау айрықша маңызды.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы экономиканы жан-жақты жаңғырту адам капиталын дамытуға қатыс­ты жаңа міндеттер жүк­тей­тініне айрық­ша мән берді. «Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабыл­дауға тиіс. Білікті мамандары­мызды елге қайтарудың тиім­ді тәсілдерін ойластырып, қол­да­нысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн. Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуы­на жағдай жасау керек. Себе­бі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адам ресурсы» қажет. Өйткені білік­ті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі», деп атап өтті.

Дарынды зерттеушілер, білікті ғалымдар мен мамандарды елге қайтару бағытында Ұлттық ғылым академиясы шетелдік тәжірибені зерделеп, өкілетті органға нақты ұсы­ныстар берген, бұл ретте талантты жас отандастардың елде қалуы үшін лайықты жағдай, ең бастысы тиісті атмосфера жа­салуы қажет. Ол дегеніміз – ма­мандардың әлемдік деңгейде зерттеулер жасауына заманауи құрылғылармен қамтылған материалдық-техникалық база, инфрақұрылым қажет, содан кейін бәсекеге қабілетті жалақы мен әлеуметтік қолдаулар.

 

Ақылбек Күрішбаев,

ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті