
Президент бұл бастаманы жүзеге асыру үшін ең алдымен мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама мен оқу материалдарын әзірлеу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар балаға сабақ беретін ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болатынына тоқталды.
Қашықтан оқыту тәсілі мен жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq digital mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу ауылдағы оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл платформа олардың заманауи білім алуына қол жеткізіп қана қоймай, цифрлық сауатын да арттыруға жол ашпақ. Нәтижесінде, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас жеңілдейді, оқу материалдарын меңгеру үдерісі жылдам әрі тиімді болады.
«Келешек мектептері» жобасы – білім үдерісіне инновация мен цифрлық мүмкіндіктерді енгізудің нақты қадамы. Бұл жоба аясында оқу кабинеттері жаңарып, жаңа технологиялармен жабдықталғанын, интерактивті құралдар мен цифрлық ресурстар қолжетімді болып жатқанын айтты. Бұның нәтижесін өзіміз де көріп жатырмыз.
Біз, ұстаздар қауымы, Мемлекет басшысының аталған бастамаларын қолдап, оның жүзеге асуына өз үлесімізді қоса береміз. Өйткені саналы да сапалы ұрпақ өсіру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азамат. Олардың болашағы үшін әрбіріміз жауаптымыз.
Гүлназия БАЙҰЛОВА,
№9 «Зерде» мамандандырылған лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары