Үкімет • Бүгін, 08:58

Кәсіпкерлік жүйесін реттеу талқыланды

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған министрліктер мен агенттіктердің өкілдері, іскерлік бірлестіктер мен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл қатысты.

Кәсіпкерлік жүйесін реттеу талқыланды

Сурет: primeminister.kz

Жиында әртүрлі салада реттеу тетіктерін енгізуге қатысты бірқатар мәселе қаралды. Атап айтқанда, мотор майларын таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізу мәселе­сі қарастырылды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл шара өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын толық қадағалауға мүмкіндік бермек. Цифрлық таңбалау әр тауар бірлігінің жеткізу тізбегіндегі қоз­ғалысын айқын көрсетіп, оның шығу тегі мен қолданылуы жөнінде дәлме-дәл дерек береді.

Сондай-ақ сыра және сыра өнімдерін таңбалау, пести­цидтердің айналымын реттеу мәсе­лелері қаралды. Атап айтқанда, тіркелмеген пестицидтерді өндіруге (құрамдастыруға) келісім беру тәртібін енгізу ұсынылды.

Комиссия күн тәртібінде электронды және интернет-казино жарнамасына қатысты да мәселе қозғалды. Ұялы байланыс операторлары тарапынан осындай SMS-хабарламаларды таратуға әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылды. Туризм және спорт министрлігінің өкілдері атап өткендей, бұл бастама ойын­ға әуес азаматтардың санын азай­туға және байланыс саласында қыз­мет көрсететін кәсіпкерлердің әлеу­меттік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Отырыстың қорытынды­сында ведомствоаралық комис­сия мемлекеттік органдар мен қатысушылардың ұсыныс-пікір­лерін ескере отырып, барлық мәселе бойынша жасалған реттеу талдауларының нәтижелерін келісті.