
Жақында Ұлытау облысында вице-министр Ардақ Амангелдиевтің басшылығымен Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жұмыс тобы жұмысын бастады.
Жұмыс тобын құрудың мақсаты – өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметіне кешенді талдау жүргізу, өзекті мәселелерді анықтау және тұрғындар үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар ұсыну.
Облыс активі алдында сөйлеген сөзінде А.Амангелдиев: «Жезқазғанға елорда мен Қарағанды медицина университеттерінің өкілдері, сондай-ақ онкология, кардиохирургия, нейрохирургия, травматология, ана мен бала, медициналық-санитариялық алғашқы көмек сияқты жетекші республикалық ғылыми орталықтар мен клиникалардың басшылары жіберіледі. Жергілікті мамандармен бірге олар өңірлік денсаулық сақтау жүйесін нығайту бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлейді», деп атап өтті
Өзекті мәселелерді шешу үшін МСАК, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мамандарының қатысуымен жеке ведомствоаралық топ құрылды.
Бұл топ жергілікті жерлердегі жағдайды жүйелі түрде зерттеп, белгіленген шаралардың іске асырылуын бақылауды қамтамасыз ететін болады.
Өңірге келген кейін вице-министр 27 мыңнан астам тұрғын тіркелген Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасына барды. Ондағы медициналық ұйымның қызметімен танысып, аудандық әкімдік өкілдерінің, мәслихат депутаттарының және медициналық жұртшылықтың қатысуымен кеңес өткізді. Одан кейін Жезқазған, Сәтбаев қалаларының, Ұлытау ауданының стационарлары мен емханаларында болды.
Вице- министр А. Амангелдиев бас дәрігерлердің кадрлармен қамтамасыз ету, ана мен бала өлімінің көрсеткіштері, инфекциялық аурулармен күрес, МСАК жұмысы туралы ақпаратын тыңдап, ауруханаларды техникалық жарақтандыру, санитариялық көлікті жаңарту, келген медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелерін назарға алды.
Ұлытау облысы