
Ертіс-Баян өңірінде суға түсу маусымы ресми түрде жабылды. Құтқарушылар биылғы маусымды қорытындылады.
-Су айдындарында жазғы кезеңде 14 адам суға кетіп ажал құшты. Оның екеуі – бала. Адамдардың жазатайым оқиғаға ұшырауына олардың көбіне мас күйінде суға түсуі немесе рұқсат етілмеген жерде шомылуы себеп болады. Сондай-ақ кейбір жандар өз күштерін есептемей, терең жерге жүзіп барады. Моторлы қайықтар мен катерлерді дұрыс пайдаланбау да қайғылы жайттарға соқтырып жатады, - дейді өңірлік төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қыдыржан Наскенов.
Құтқарушылар маусым барысында суға батып бара жатқан 14 ересек пен 6 баланы құтқарып қалған.
Жалпы биылғы маусымда департамент өкілдері суға түсу ережелерін бұзудың 273 дерегін тіркеген. Олардың дені шомылуға тыйым салынған жерлерде болған. Тексерулер нәтижесінде 58 әкімшілік айыппұл салынып, 215 ескерту берілген.
Павлодар облысы