ЖОЛДАУ • Бүгін, 09:10

Адам – капиталдың тірегі

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект құзыреттерін оқушы кезден бас­тап қалыптастыру – еліміздің адам капиталын дамы­тудың стратегиялық бағыты. Қазірдің өзінде Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Цифр­лық сауаттылық», «Информатика» оқу пәндеріне ЖИ тақырыптарын кіріктірді. 2025–2026 оқу жылынан бастап аталған пәндерді оқытуда ЖИ негіздері, қағидаттары, қолдану ережесі, т.б. тақырыптар қамтылады. Оқушыға ЖИ қолданудың этикалық талаптары да түсіндіріледі. Жасанды зердені қолданушы адам академиялық адалдық талаптарын сақтауға тиіс. Оқушылар да осы талаптарды білуі қажет.

Адам – капиталдың тірегі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Одан бөлек MIT-пен серіктестікте «Day of AI» курсы қазақ және орыс тілдеріне ауда­рылып, бейімделіп жатыр. Аталған бағдарламаны қазақ және орыс тілінде аударып қана қоймай, оның ішкі контенті мен табиғаты отандық білім мазмұнымен қамтылуы керек.

Тағы бір айта кетерлігі, 180 мыңнан астам педагог «Ustaz» платформасында ЖИ бойынша біліктілікті арттырудан өтті. 2025 жылдың жазында «Өрлеу» орталығы мұғалімдерге жасанды интеллектіні оқу үдерісінде қолдану жолдарын үйретті. Өйткені оқушыларға білім мен тәрбие беретін ұстаздар жасанды зерденің қыр-сырын оқушылардан кем білмеуі керек. 

Сонымен қатар «Келешек мектептері» жобасы аясында 1300-ден астам мектепте цифр­лық кабинеттер, STEM және роботтехника зертханалары ашылып жатыр. Осы кабинеттер мен зертханаларда үйірме сабақтары жүреді. Үйірме сабақтары нақты ғылым салалары (математика, физика, химия, т.б. пәндермен) тығыз байла­нысты. Осы ғылым салаларында ЖИ игіліктерін қолдану – заман талабы. 

Жолдауда айтылғандай, ауыл мектептеріне арналған «Qazaq digital mektebi» үлгісін енгізу арқылы қашықтан оқы­ту мүмкіндігін кеңейту жос­парланып отыр. Шалғайдағы елді мекендердің және шағын жинақты ауыл мектептерінің оқушыларына қашықтан оқыту технологиясы көмегімен сапалы білім алуына жағдай жасалады. Білікті, шебер әрі тәжірибелі ұс­таздар шалғайдағы ауыл балаларына қашықтан сабақ жүргізеді.

Кәсіпкерлерді тарта отырып, өңірлерде балаларды дамыту орталықтарын ашу да назардан тыс қалмақ емес. Қосымша білім саласы (үйірмелер) нысандарын көптеп ашу балалардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Аталған орталықтар бала­лардың шығармашылық, сын тұр­ғысынан ойлау, спорттық қабі­летін дамытады. Барлық мектепке біртіндеп ЖИ ресурстарға тең қолжетімділікті қамтама­сыз етуге тиіспіз. Орта білім ұйым­дарының  (мектеп, лицей, гим­назия, т.б.) барлық түрі ЖИ ре­сур­сына қол жеткізуі керек. Яғни Президенттің Жолдауда айтқан ұсыныстары нақты қа­дам­дармен ұштасып отыр және бұл білім беруде сапа мен тең­дік­­­ті қамтамасыз ету үшін аса маңызды.

 

Рашит БЕЛГІБАЕВ,

Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті