
Депутаттың пікірінше, партиялық сайлау жүйесіне көшу – уақыт талабы.
«Біз халықаралық қоғамның бір бөлшегі ретінде әлемде қалыптасқан жалпыға ортақ партиялық сайлау жүйесіне біртіндеп көшуіміз керек. АҚШ-та екі партиялық жүйе орныққан, Еуроодақ елдерінің барлығы дерлік партиялық негіздегі Парламенті мен Үкіметін сайлайды», деді Ермұрат Бәпи.
Сондай-ақ ол халықаралық ұйымдар тарапынан Қазақстандағы саяси өзгерістерге қызығушылықтың артқанын жеткізді.
«Біз Азия континентіндегі қоғамдық-саяси дамуы терең стагнацияға ұшыраған мемлекеттердің қоршауындағы елміз. Авторитарлық формадан аттап өтуге бет алған біздің өзгерістерге ол мемлекеттер үрке қарайды», деді депутат.
Бұған қоса ол парламенттік реформаны халықтық талқылауға салу – демократиялық қадам екенін ерекше атап өтті.
«Ендеше, екі жылға жуық аралықта қоғамдық талқыға түсетін бұл парламенттік реформаға конструктивті ыждаһатпен белсене араласуымыз керек», деді Ермұрат Бәпи.