Әлем • Бүгін, 17:34

Оңтүстік Кореяда әуежай қызметкерлері ұлттық ереуілге шығуы мүмкін

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19 қыркүйектен бастап Оңтүстік Кореяның әуежайларында жалпыұлттық ереуіл басталуы мүмкін. Бұл акция 26-28 қыркүйек аралығанда өтетін Чхусок мерекесіне  дейін жалғасуы ықтимал, деп хабарлайды Egemen.kz Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.

Оңтүстік Кореяда әуежай қызметкерлері ұлттық ереуілге шығуы мүмкін

Фото: Ашық дереккөз

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, елдегі 15 әуежайдан шамамен 15 мың қызметкер наразылыққа қосылуға ниетті. Олардың қатарында ең ірі әуежайлар Инчхон мен Кимпхо да бар. Ереуілді Әуежай қызметкерлерінің ұлттық альянсы қолға алып отыр. Бұл ұйымға Инчхон әуежайының аймақтық кәсіподағы мен өзге әуежайлардың жұмысшылар бірлестігі кіреді.

Олар еңбек жағдайын жақсарту және жұмыс кестесін өзгертуді талап етеді. Қазіргі таңда Инчхон әуежайында «3 бригада, 2 ауысым» жүйесі қолданылады. Қызметкерлердің айтуынша, мұндай тәртіп денсаулыққа әсер етеді. Кәсіподақ «4 бригада, 2 ауысым» жүйесін енгізуді және еншілес құрылымдардағы қызметкерлер үшін тең еңбек жағдайын қамтамасыз етуді талап етіп отыр.

«Биылғы Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл кезінде ереуіл болмағанның өзінде, әуежайларда рейстер 3-тен 8 сағатқа дейін кешікті. Қазір қызметкерлердің 60 пайыздан астамы акцияға қатысатынын растады. Бұл рейстердің тоқтауына да әкелуі мүмкін»,  дейді альянс өкілдерінің бірі.

Соған қарамастан Инчхон әуежайының әкімшілігі жолаушыларды сабырға шақырып отыр. Олар әуе қауіпсіздігіне жауапты негізгі қызметтердің «өмірлік маңызы бар» санатқа кіретінін және олардың жұмысы тоқтамайтынын ескертті.

«Ереуіл басталған күннің өзінде рейстердің толықтай тоқтауына жол берілмейді. Ұшулардың қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысы қамтамасыз етіледі», деп мәлімдеген әуежайдың ресми өкілі.

Дегенмен сарапшылар саяхатшыларға сақтық шараларын ескеруді ұсынады. Кореяға 19 қыркүйектен бастап немесе Чхусок мерекесі кезінде жолға шығатын туристер авиакомпаниялардан дер кезінде ақпарат алып, қосымша уақытты алдын ала жоспарлағаны жөн.