
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Қай аймақ көш бастап тұр?
Мемлекет басшысы қазіргі инвестиция тарту саясатының мардымсыз екенін де айтты. Президенттің айтуынша, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.
Биыл қаңтар мен сәуір аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жөнінен аймақтар арасында айтарлықтай айырмашылық байқалды. Кей өңірлерде инвестициялық белсенділік күрт өсіп, кей аймақтарда төмендеу тіркелген. Инвестициялар өсімі тұрғысынан Жамбыл облысы көш бастап тұр. Мұнда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66,8%-ға артқан. Жетісу облысында өсім 63,8%-ға жетті. Түркістан облысында да жағдай оң, бұл өңірде инвестициялар көлемі 55,7%-ға көбейген. Шымкент қаласында өсім 54%-ды құрады. Алматы қаласында көрсеткіш – 35,6%-ға, Астана қаласында – 35,5%-ға, Маңғыстау облысында – 25%-ға, Алматы облысында 23,6%-ға өскен.
«Өңірлерді дамыту мақсатында биыл шамамен 16 млрд доллар көлемінде қайта қаржыландыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл – негізінен субсидияланған немесе жеңілдетілген қаржыландыру. Инвестициялық капиталды тартуға арналған ұзақмерзімді несиелердің мерзімі 20 жылға дейін жетеді. Біздің қаржы құралдары нарықтық мөлшерлемеден 70%-ға дейін төмендетілген мөлшерлемемен ұсынылады. Осылайша, нарықтағы орташа деңгейден әлдеқайда тиімді шарттармен 5%-дық жылдық несие беріп отырмыз», дейді «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы.
Алайда кейбір өңірлерде жағдай басқаша қалыптасты. Атырау облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 40,4%-ға, Ұлытау облысында – 29,3%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 9,9%-ға төмендеп кетті. Сарапшылардың айтуынша, мұндай құлдырау бірнеше факторға байланысты болуы мүмкін. Олардың қатарында ірі инфрақұрылымдық жобалардың аяқталуы, шикізат секторындағы белсенділіктің төмендеуі және капитал ағындарының басқа бағыттарға қайта бөлінуі бар.
Инвестицияның негізгі көздері өзгерген жоқ. 2025 жылдың алғашқы 4 айында негізгі капиталға салынған қаржының басым бөлігі, яғни шамамен 2 трлн 897 млрд теңге кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қамтамасыз етілген. Бұл жалпы инвестиция көлемінің 66,2%-ына тең. Сонымен қатар мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының үлесі айтарлықтай өсті. Бюджеттік қаражат көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есе көбейіп, инвестициялардың 22,1%-ын құрапты.
«Олқылықтарды жою үшін мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар іске асырылып жатыр. Бағдарламалардың басты мақсаты – инвестор тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, өндірістерді жолға қою және бизнестің дамуына жағдай жасау. Кейбір қалаларда бүгінде жаңа кәсіпорындар, қызмет көрсету нүктелері, тіпті жаңа форматтағы демалыс орындары – кафе, мәдениет және ойын-сауық орталықтары көптеп ашылуда. Бұл аймақтық экономиканың жандануына тікелей әсер етіп отыр. Демек бұл үрдіс инвесторлар үшін де жаңа перспектива ашады», дейді Ж. Шайхы.
Ал банктердің рөлі инвестицияларды қаржыландыруда әлі де шектеулі. Қаржы институттарының үлесі жалпы көлемнің небәрі 3,5%-ын ғана құрайды. Бұл банк секторының ұзақмерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыруға белсенді қатыспайтынын көрсетеді.
Инвесторларды түсінбей жатырмыз
Әдетте, инвестициялық климат туралы көп айтылады. Министрліктер мен әкімдіктердің баспасөз хабарламаларын оқысаңыз, үнемі инвесторлармен кездесіп, климатты жақсартып жатқандай көрінеді. Оларға түрлі жеңілдіктер, салықтан босату, тексерістерден қорғау уәде етіледі. Солай бола тұра нәтиже неге көңіл көншітпейді? Алмас Чукиннің айтуынша, ең басты түйткіл – шенеуніктердің инвесторды дұрыс түсінбеуі. Олар көбіне елдің әлеуетін қысқаша таныстырып, бірден түрлі салықтық жеңілдік пен ынталандыру шараларына көшеді.
«Инвестор үшін маңыздысы – нарық пен пайда. Қайда, қанша және кімге сатамыз? Нені өндіреміз немесе қазып аламыз? Осыдан кейін ғана шығын, тиімділік, өнімнің өзіндік құны есептеледі. Ал салық әдетте бизнес-жоспардың соңында ғана қаралады. Егер табыс жақсы болса, жоғары салық та мәселе болмайды. Пайда мардымсыз, тәуекелдер жоғары болса, төмен салықтың өзі инвесторды қызықтырмайды», дейді экономист.
Өңдеу саласында өрлеу бар
Салалар бойынша инвестициялардың құрылымы да назар аударарлық. Негізгі капиталға салынған қаражаттың 39,5%-ы өнеркәсіп саласына бағытталған. Оның ішінде кен өндіру және карьерлерді игеру 18,7%-ды, ал өңдеу өнеркәсібі 12,7%-ды құрайды. Қазақстан өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламановтың сөзіне сүйенсек, Саран қаласы кейінгі жылдары еліміздегі өндірістік даму орталықтарының біріне айналған.
«Мұнда бірнеше маңызды жоба іске қосылды. Мысалы, автобус өндіру зауыты – елдегі алғашқы ірі жобалардың бірі. Ол «KazTechno» базасында құрылып, кейін жаңғыртудан өтіп, өндірістік қуатын кеңейтті. Сонымен қатар жүк көліктері мен арнайы техника өндірісі жергілікті және шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып отыр. Жуырда «Samsung» зауыты іске қосылып, телевизор мен кір жуғыш машина шығара бастады», дейді.
Айтуынша, кейінгі уақытта инвесторлар үшін өңірлердің тартымдылығы артып келеді. Бұған бірнеше фактор әсер етеді: жұмыс күшінің қолжетімділігі, еңбек ресурстары жеткілікті болуы және жалақы деңгейінің салыстырмалы түрде төмендігі. Логистикалық артықшылықтар да өңірлерді қолайлы етеді, себебі кейбір өндіріс орындары ел ішінде де, сыртқы нарықтарға да тауар жеткізуге ыңғайлы орналасқан. Әрине, Алматыда да өзіндік ерекшеліктер бар. Мысалы, қалада автомобиль өндірісі бойынша жеке кластер қалыптасқан. «Kerdayz-Man», «Kazakhstan Kerdayz», «TransAvto» және «Astana Modern Manufacturing» кәсіпорындары белсенді дамып келеді.
«Қостанай өңірі еліміздегі ірі автоөндірістік кластердің орталығы болып отыр. Мұнда жаңа зауыттар ашылып, автомобиль бөлшектері мен компоненттерін өндіру жолға қойылған. Қозғалтқыш блоктары, редукторлар, трансмиссия бөлшектері және басқа да маңызды элементтер өндірісі қолға алынған. Семей өңірі де серпінді дамып келеді. Мұнда жаңа өндіріс орындары мен жеткізушілер пайда болып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтті. Қазір бұл аймақтарда самосвал шанағын жинау, қосалқы бөлшектерді өндіру және толық өндірістік тізбектерді қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді Қ.Еламанов.
БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) жариялаған есепке сүйенсек, инвестициялық ахуалымыз әлі де мардымсыз. Кейінгі кезде Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша көшбасшылық орнын жоғалтқан. Былтыр таза инвестиция көлемі теріс мәнге түсіп, -2,55 млрд долларды құраған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6,3 млрд долларға аз, 1992 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Былтыр шетелдік инвестиция көлемі бойынша аймақтық көшбасшы Өзбекстан болды. Бұл елге 2,8 млрд доллар тартылған.