ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:43

Егемендікті қорғау мұраты

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Жолдауда әлемнің жаңа тарихи кезеңге өткенін атап, еліміздің алдағы бағытын айқындады. Геосаяси шиеленістер мен институционалды дағдарыстар және жасанды интеллектінің даму қарқыны жағдайында басты сын-қатерлерге назар аударды. Ең негізгі міндеттің егемендікті қорғау және ұлттық мүддені сақтау екенін баса айтты.

Егемендікті қорғау мұраты

Сурет: elordainfo.kz

Президент Азияның жаңа дәуірінде еліміздің ұлттық бағы­тын сақтап, көпвекторлы саясатты жалғастыруға ниетті екенін ашық жеткізді. Ел мақсаты – жаңа әлемдік тәртіпте дербес әрі бел­сенді ойыншы ретінде орнығу. Сыртқы саясаттың бас­ты қағидасы теңгерімділік пен жасампаздық екенін айтқан Президент еліміздің Орталық Азия және өзге де мемлекеттермен шынайы серіктестікке ұмтылып, сындарлы байланысын жал­ғастыратынын меңзеді. Ресей мен Өзбекстанға сапар жоспарланған, Астана БҰҰ рефор­­­­­­масын талқылауға дайын. Бұл қадамдар елімізді бейтарап, праг­матикалық мемлекет ретінде көрсетуге бағытталған.

Екінші мәселе – цифрландыру. Қазіргі цифрлық даму жағдайында жаңа жасанды интеллект саласына жауапты министрлік құрылатыны дер кезінде айтылған, құптайтын шешім болды. Президент әлемдік өзгерістерге бейімделу қажеттігін қадап айтып, үш жылда елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру стратегиялық міндетін қойғаны – тамаша идея. Осы мақсатта жаңа Цифрлық даму министрлігі құрылып, жасанды интеллект, Big Data және электронды үкімет цифрлық платформасы енгізіледі. Негізгі басымдық – қызметтердің ашықтығын арттыру, интернет сапасын жақсарту, ІТ-мамандарды даярлау, цифрлық заңнаманы жетілдіру. Мақсат – ЖИ құралдарын дамыту арқылы елімізді басқару жүйесін жедел даму кезеңіне шығару.

Үшінші мәселе – ішкі саясат. Президент өзінің басты миссиясын – мемлекеттің тұрақ­тылығы мен қауіпсіздігін, халықтың даму бола­шағын қамтамасыз ету деп атап өтті. Бұл ұлттық даму мен бола­шаққа бағ­дарланған мемлекет құруды көздейтін үлкен жауап­­кершілік. Сонымен қатар Пре­зидент рефор­маларды асық­пай, сапалы жүргізіп, қиындыққа қара­мас­тан елді дұрыс дамудың даңғыл жолына шығару қажеттігін айтты.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бір палаталы парламент жүйесін құру бастамасын көтерді. Бұл реформа асығыс қабылданбайды, алдымен қоғамда кеңінен талқыланып, 2027 жылы референдум арқылы шешілмек. Жоспарға сәйкес, Сенат тараты­лып, Мәжіліс депутаттары тек партиялық тізім бойынша сай­­ланады. Қазіргі қос палата өкі­леттігін аяқтаған соң, жаңа жүйе 2028 жылдан бастап іске асады. Реформаның мақсаты – Парла­ментті ықшамдап, саяси партия­лар­дың жауапкершілігін күшейту.

Жолдауда Президент экономи­калық даму үшін келесі страте­гиялық міндеттерді қойды. Мәселен, Ұлттық қор қаражаты мектеп, медицина және инфрақұрылымға жұмсалады. Елімізді Еуразиялық авиациялық хабқа айналдыру үшін әуежайлар жаңғыртылып, жүк тасымалы мен цифрлық жүйелер дамытылады. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолы толық салынып, «Шығыс – Батыс» транзиттік бағытының тиімділігі артпақ. Қытай инвесторларымен бірге Алатау қаласы инновация мен бизнес орталығы ретінде өңірлік драйвер болуы мүмкін. Осы ретте Мемлекет басшысы бизнеске заңсыз қысым жасамауды қатаң ескертіп, «міндетті талаптар тізбесін» енгізуді ұсынуы бизнеске маңызды белгі болды.

Өңірлердің инвестициялық тартымдылық индексі енгізіліп, әкімдердің жауапкершілігі артады, арнайы экономикалық аймақтар жеке, шетелдік компаниялардың басқаруына беріледі. Туризм ұлт­тық брендке айналып, Алматы маңын­дағы тау-шаңғы инфрақұ­ры­лы­мы жаңғыртылады. Осы тұрғыда Президент еліміздің әлемдік өндірістік және инвестициялық тізбектерге белсенді қосылуы қа­жет екенін айтты. Бұл қадам елді жаһандық экономиканың ажы­рамас бөлігіне айналдырып, әртараптандыру мен тұрақты дамуды қамтамасыз етпек.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы су ресурстары мәселесіне де тоқ­та­лып өтті. Табиғи ресурстар мен суды үнемді пайдалану мәде­ниетін қалыптастыру қажет екенін, қазіргі кезде бұл салада көптеген проб­лема барын айтты. Осы бағытта агро­салада импортты алмастыру және ұлттық өнімдерді экспортқа шы­ғару жос­парын әзірлеуді тапсырды.

 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,

халықаралық сарапшы