Басылым • Бүгін, 08:38

Президент Жолдауы – Өзбекстан баспасөзінде

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Құдай қосқан көрші, бауырлас ел Өзбекстан еліміздің бағыт-бағдарына ерекше назар аударатыны сөзсіз. Өйткені Қазақстан аймақ дамуының бағытын белгілейтін ел екенін әлем жұртшылығы әлдеқашан мойындаған. Осы мағынада алғанда, өзбекстандықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауын да қызығушылықпен қабылдады.

Президент Жолдауы –  Өзбекстан баспасөзінде

Сурет: mpe.uz

Қазақстан Президенті алмағайып заманда көштен қалмас үшін жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, үнемі алға ұмтылу, ұмтылғанда да озық ой, өнегелі өзгеріс, салиқалы саясат қажет екенін жақсы түсінеді. Сөз бен істің бірлігі ғана елді өркениетке бастайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да аймақ басшыларының алдын орап кетті. Унитарлы мемлекетке қос палаталы парламенттің қажет емес екені туралы пікірлер Өзбекстанда да үнемі айтылып жүр. Алайда от басы, ошақ қасынан әрі асқан жоқ. Қазақстан Президенті бір палаталы Парламент құру идея­сымен аймақты, оның ішінде Өзбекстанды саяси дискурсын қайта қарауға үндейтіні хақ.

Өзбекстанның бұқаралық ақпарат құралдарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы туралы ақпараттар толассыз жарияланып жатыр. Әсіресе бір палаталы Парламент құру идеясы өзбекстандықтарда ерекше қызығушылық туғызды.

Өзбекстандағы беделді  «Daryo.uz» порталы «Қазақстан Пар­ламенті бір палаталы болуы мүмкін» деген тақырыппен мақа­­ла жариялады. «Президент бұл өте күрделі мәселе екенін, оны шешуде асығыстыққа жол бермеу керектігін баса айтты. Сон­­­дық­тан оны азаматтық қоғамда, сарапшылар арасында, қа­зір­гі Парламентте талқылау қажет деді», деп жазылған мақа­лада.

«Qalampir.uz» порталы болса, «Қ.Тоқаев Конституцияны өзгертуді ұсынды» деген материалында Қазақстан Президентінің бір палаталы Парламент құру идеясына баса назар аударды. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республиканы қос палаталы Парламенттен бір палаталы Парламентке көшіру үшін парламенттік реформаны ұсынды. Бұл мәселені 2027 жылы өтетін Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумға шығару керек. Бұл туралы Президент бүгін, 8 қыркүйекте Парламентте халыққа Жолдауында мәлімдеді», деп жазды портал.

Сондай-ақ аталған портал референдумға, Қ.Тоқаевтың қызметіне шолу жасады.

«Референдум 2027 жылы өтетін болса, бұл Тоқаевтың президенттігі тұсындағы үшінші референдум болмақ. Біріншісі 2022 жылы болды, ол кезде Конституцияға өзгерістер енгізу ар­қы­лы бір адамның бір мерзімнен артық ел президенті болуы­на тыйым салы­нып, президенттік мерзімі жеті жылға дейін ұзар­тылды. Тоқаев тұсындағы екінші референдум 2024 жылы өтті, онда Қазақ­станда АЭС салу мәселесі талқыланды», деп жазады мақала авторы.

Бұл – сөзіміздің басында айтқан Қ.Тоқаевтың Жолдаулары, бастамалары үнемі өзбекстандықтардың басты назарында екенінің айғағы. Тағы бір айта кететін жайт, аты айтып тұрғандай бұл портал негізінен сыни материалдар жариялайды. Алайда Қ.Тоқаевтың Жолдауы туралы материалдың Қазақстан Президентіне ерекше құрметпен жазылғаны көрініп тұр.

Ш. Мирзиёев билікке келген соң ашылған, Жаңа Өзбекстан (Янги Ўзбекистон) тыныс-тіршілігін жариялайтын «Yuz.uz» порталы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті енді Инвесторлар құқығын қорғау комитеті деп аталатыны жөніндегі бастамаларды таратып жазды.

Қазақстан халқының болашағына бағыт-бағдар беретін ел Президентінің осы жылғы Жолдауы халықтың ынтымағын нығайтып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, сол қажет­тіліктерді шешуге айқын іс-әрекеттер көрсетілген Жолдау деп айтуға болады.

Бауырлас ел ретінде өзбекстандықтар да Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси шешімдерін қолдап, барлық бастамасының іске асуына тілектестік білдіреді.

 

Бегабат ҰЗАҚОВ,

журналист