
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Алматы қаласының өкілі Алшын Алтыбаев ең көп шәкірт тәрбиелеген тәлімгер ретінде ерекшеленді. Ол ауыл шаруашылығын механикаландыру және цифрландыру саласында 50 жыл еңбек етіп, 500-ден аса қызметкерді оқытқан. Оның кәсібилігі мен еңбегі салалық ұжымда жоғары бағаланады.
Сонымен қатар Қостанай облысынан электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі 5-разрядты электромонтер Ришат Фастхутдинов пен Қызылорда облысынан күріш өсіру бригадасының жетекшісі Гүлсім Дарибаева 100-ден астам маманды оқытып шығарған. Сондай-ақ Абай облысынан Нұрлан Байбутинов, Ақтөбе облысынан Айдын Қайырбеков және Қарағанды облысынан Ерлан Сыздықов тау-кен және металлургия саласында 73 жаңа кадрды дайындаған.
Алматы облысынан Жанат Керімбаев, Жамбыл облысынан Ұлмекен Ибраева және Жетісу облысынан Раушан Зайтбекова білім беру саласында 98 жас маманға тәлімгер болды. Батыс Қазақстаннан Қоблан Метекесов пен Ұлытау облысынан Дулат Құрманбеков телекоммуникация саласында 32 қызметкерді дайындады.
Өнеркәсіпте Павлодар облысынан Жексен Ажманов, Солтүстік Қазақстаннан Асылтас Қабошева, Шымкенттен Александр Черных барлығы 70 маманға тәлімгерлік жасаса, энергетикада Шығыс Қазақстаннан Андрей Лисицын мен Астанадан Дисембай Шайкенов 55 кадрды дайындады. Ал HR саласында Ақмоладан Несібелді Жүсіпова, Маңғыстаудан Алексей Савин және Атыраудан Мейрамгүл Жолаева 104 жас маманға тәжірибе үйретті.
Айта кетейік, «Еңбек жолы» байқауы еңбек әулеттерінің дәстүрін дәріптеуге, жастарды жұмысшы кәсіптеріне баулуға және үздік қызметкерлерді ынталандыруға бағытталған. Ол жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейде «Үздік еңбек әулеті», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациялары бойынша өткізіледі.
Биылғы байқаудың өңірлік кезеңіне республика бойынша 505 өтінім қабылданып, әр аталымда 60 жеңімпаз анықталды. Олар енді республикалық кезеңде бақ сынайды. Жеңімпаздарды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы комиссия анықтайды. Қорытынды марапаттау рәсімі Жұмысшы кәсіптер жылының жабылуына орай желтоқсан айында өтеді.