
Қазір олар Ақтөбе қаласының іргесіндегі «Ақжар-2» тұрғын үй алабында үлкен ұлы Өмірбектің отбасымен бірге тұрады. Зібайда апай Өмірбек пен Самалдың алты баласына да бағдар беріп, келініне қолғабыс жасаудан жалыққан емес. Білетіндер осы үйдің балаларын кез келген жұмыстан қашпайтын, еңбекқор, тындырымды, қайырымды деп бағалайды. Расында да Балтабек ағай мен Зібайда апайдың бала тәрбиесіндегі ұстанымы – адал еңбекпен табыс табу. Осы қағида әкеден балаға жалғасып, одан немереге ауысып барады.
Балтабек ағай мен Зібайда апайдың өмір жолы бір қарағанда қарапайым сияқты көрінсе де, мазмұнға толы. Отағасы 1970 жылы Қарабұтақ ауданының Ақкөл ауылдық мектебін бітірген соң еңбек жолын механизаторлықтан бастаған. Трактор тізгіндеген жігіт кеңшардың шөбін де шапты, отын-суын да тасыды. 1975 жылы Ақкөлде сауыншы болып еңбек жолын бастаған Зібайда Зейноллақызымен шаңырақ құрды.
1980–1990 жылдары кеңшарда 15 мың бас ірі қара болған екен. Жері құнарлы, шөбі шүйгін, суы мол жерде ауылдың барлық адамына жұмыс табылып, табысты шаруашылыққа айналған. Кейін Зібайда апай ауданның балабақшаларына кеңшардан жаңа сауылған сүт жеткізумен айналысты. Екі ұл, екі қыз өсіріп жеткізіп, 2016 жылы зейнеткерлікке шықты. Балтабек ағай 1978–1993 жылдар аралығында кеңшар тарағанша малшы болып еңбек етті. 2005 жылы Ақтөбе қаласына отбасымен көшіп келді. 2018 жылы зейнет демалысына шықты.
Балтабек ағай жаңа отау көтерген жастарды тату болуға үндеп отырады. «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жанжал туса, ашуды сабырға, ақылға жеңдірген жөн. Отағасы – ер адам үйдегі ұсақ-түйекті тізбей, әйел-баласынан кемшілік іздемей, жұмыс істеп, отбасын асырауды ойлауы керек. Ер-азамат түздің шаруасын үйлестірсе, үйдің шаруасын үйіріп, бала тәрбиесімен айналысатын – әйел ана. Шаңырақтың береке-бірлігі ананың қолында. Ақылды әйел ағайынды табыстырып, ынтымақ-берекеде ұстап, балаларды туыстарымен жақындастырады. Менің айтпағым, ерлі-зайыптылар бір-бірінен кемшілік іздемей, жаманын жасырып, жақсысын асырса игі. Әке-шешенің сыйластығын көрген бала да көргенін қайталайды», дейді үлкен әулет иесі.
Ақтөбе облысы