ЖОЛДАУ • Бүгін, 09:28

Дәрігер даярлаудың жауапкершілігі зор

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың барлық саласын жаңғырту мақсатында жасанды интеллектіні енгізуге ерекше назар аудара отырып, елді одан әрі дамыту жөніндегі 7 негізгі міндетті атап өтті.

Дәрігер даярлаудың жауапкершілігі зор

Жоғары оқу орындары, әсіресе, медициналық мекемелер мұндай өзгерістерге жедел әрекет етуі керек. Кәсіби және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау – Қарағанды медицина университетінің басым міндеті. Бүгінгі таңда университет цифрлық технологияларды белсенді қолданады, білім беру, ғылыми үдерістердің, медициналық қызметтердің ашық-тығын, ыңғайлылығын қамтамасыз етеді. «ҚМУ» КеАҚ-да жасанды интеллектіні қолдана отырып іске асырылып жатқан жобалар, ең алдымен, дәрігерлерді даярлау сапасын арттыруға бағытталған.

Жалпы, денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекеттік шараларды күшейту қажет. Қазір елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылып келеді. Ауыл-аймақтағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңа қондырғылармен қамтылып жатыр.

Медициналық білімге де жаңа көзқарас, міндеттер қажет. Заманауи технологияға сай жас мамандар үлкен дағдылар мен құзыреттерді, прогрессивті көзқарастарды дамытуы керек. Мәселен, біздің университетте болашақ дәрігерлердің сапалы білім алуына көп мүмкіндік бар, жоғары білікті профессорлық-оқытушылар құрамы, бай клиникалық базалар, білім беру және ғылыми орталықтар, халықаралық ынтымақтастық жолға қойылды.

Ауыл-аймақтағы денсаулық сақ­тауды жаңғыртып, күшейту мақса­тында университет мамандар даярлауды күшейтті, оның ішінде скринингтік зерттеулердің ерекшеліктеріне, аурулардың түрлеріне, пациенттерді динамикалық тұрғыда байқауға баса назар аударып отырмыз. Ауылдық жерлерге жұмысқа келетін жас дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Осылайша, азаматтар тұрғылықты жеріне қарамастан денсаулық сақтау жүйесінің заманауи мүмкіндіктеріне тең қол жеткізе алады. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында осы Ұлттық жобаны табысты іске асыруды міндет етіп қойып отыр. Осы орайда «Педиатрия» мамандығын қалпына келтіріп, 14 тапшы балалар мамандығы бойынша резидентураны енгізіп отырмыз. Сондай-ақ «ҚМУ» КеАҚ көпбейінді стационарларға арналған маман даяр­лау кезінде дәрігердің кәсіби құзы­реттілігін жетілдіруге ден қойдық. Бұ­ған қоса жалпы медициналық білім беру жүйесінде симуляциялық орта­лық­тарды, түрлі қашықтан оқыту плат­­формалары арқылы дәрігер­лер­дің, мейіргерлердің үздіксіз кәсіби дамуын белсенді жүзеге асырып ке­леміз. Қарағанды медицина универ­си­теті­нің түлектері қазір еліміздің ден­­саулық сақтау саласын дамытуда ма­ңыз­ды жобалардың басы-қасында жүр.

Мемлекет басшысының тағы да алға қойған міндеттерінің бірі – ғылыми зерттеулерге де мән беру қажет. Бұл ретте Президент фармацевтика саласындағы жұмысты жандандыру қажеттігін нақты тапсырды. Жалпы, Қарағанды медицина университетінде жаңа белсенді заттарды іздеу, дәрілік препараттардың тиімділігін бағалау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті ресурс­тар бар. Университет ғалымдары да жаңа инновациялық дүниелерді зерттеп, зерделеуге бейім. «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бастамаларын қолдап, оларды сапалы іске асыруға әзір.

 

Бақыт КӨШЕРОВА,

Қарағанды медицина университетінің басқарма төрағасы – ректор