
Білім – болашаққа бағдарланған ең сенімді инвестиция. Ол жекелеген адамның ғана емес, тұтас қоғамның өркендеуіне жол ашады. Жас ұрпақтың алған білімі мен бойына сіңірген тәрбиесі ел тағдырын айқындайтын басты құндылық екені анық. «Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді. Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектептен қолға алынуға тиіс», деген Мемлекет басшысы ел дамуының бастау-негізі жас ұрпақтың білімінде жатқанын айтты.
Мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама мен оқу материалдарын әзірлеу, ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру, қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq digital mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін жасақтау мәселелері күн тәртібіне қойылып отыр.
Осы айтылған қашықтан оқыту және ЖИ технологиялары негізінде «Qazaq digital mektebi» моделін құру бастамасы Білім-инновация мектебі жүйесінің қазіргі бағыт-бағдарымен үндес. Қорға қарасты «Астана кітап» баспасы жаратылыстану-математика бағытындағы оқулықтарды ағылшын тілінде шығарумен қатар, цифрлық шешімдерді де белсенді түрде енгізіп келеді. Бұл оқулықтардың электронды нұсқалары мен қосымша цифрлық ресурстары сапалы оқу материалының барлық жерде қолжетімді болуына ықпал етеді. Бұл бастама Президент Жолдауында айтылған, ауылдық мектептерге арналған сапалы білім беру платформасын құру идеясымен толық сәйкес келеді.
Мектептеріміздің озық тәжірибесін басқа білім беру ұйымдарына таратуды қашанда қолдап келеміз. Бұл нақты жүзеге асып та жатыр. Соның ішінде, әсіресе, ауылдық жерлердегі оқушылардың сапалы оқу материалдарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін тәжірибе мен ресурстарымызды бөлісуге әрқашан дайынбыз.
Бұдан бөлек, қорға қарасты мектептерде «MyIDP» платформасы белсенді қолданылады. Бұл – оқушының жеке даму траекториясын жасауға арналған жасанды интеллект негізіндегі бірегей жүйе. Платформа әр оқушының қабілетін, қызығушылығын және білім деңгейін талдай отырып, оған сәйкес жеке оқу жоспарын ұсынады. Осы жүйе арқылы оқушылар өздеріне ең қолайлы пәндер мен бағыттарды анықтап, мақсатты түрде дами алады. «MyIDP» әрбір баланың әлеуетін толық ашуға және олардың болашақ мамандығын таңдауына көмектеседі.
Әрине, ұлы дүбірде бәсекеге түскенде алып та, шалып та жығатын көшбасшы ұрпақ қалыптастыруда сапалы біліммен қатар құндылыққа негізделген тәрбиенің маңызы зор. Шын мәнінде, білім – ақылдың шамы болса, құндылық – жүректің шамы. Өрендеріміздің білімді ғана емес, арлы да парасатты, адал да еңбекқор азамат болып өсуіне мектеп, ата-ана, қоғам бірдей жауапты. Осы орайда тағы да хакім Абайдың сөзі ойымызға тиянақ болады. «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады».
Осы орайда Мемлекет басшысының биылғы Тамыз кеңесінде айрықша айтқан ой-тұжырымы көкейге оралады. Ол – ұстаз мәртебесін арттыруды әлі де жетілдіре түсу. Мұғалімдерге өз міндетіне кірмейтін жұмыстар жүктелмеу керектігін, сондай-ақ оқушылардың мектептен тыс ортада тап болатын қиындықтары үшін мұғалім жауапты болмайтынын нақты айтуы ұстаздар қауымына үлкен серпіліс берді. Бұл ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның түсінігін өзгертуге ықпал етіп жатыр. Өйткені ұстаз – білім беруші ғана емес, жас буынға бағыт-бағдар беретін тұлға. Оның еңбегін бағалау – елдің ертеңіне деген құрметтің көрінісі.
Сонымен қатар Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер де осы ойды қуаттай түседі. Мемлекет басшысы оқыту тек пәндік біліммен шектелмеуге тиіс екенін, оның арқауында адалдық, еңбекқорлық, елшілдік, жауаптылық сынды құндылықтар жатуға тиіс екенін айтты. Бұл – жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие берудің берік іргетасы. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарға сүйенбей, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан біз үшін білім мен құндылық – қос қанат. Бірі ақылға нәр берсе, екіншісі жүрекке жарық түсіреді.
Мәселен, қазір «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жастарымыз қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, еріктілікпен айналысып, экологиялық және қайырымдылық акцияларына атсалысып жүр. «Адам өзгерсе, ғалам өзгереді» дейді шығыс даналығы. Осы қағида негізінде жасөспірімдер өз ортасын ізгілікке толтыру арқылы тұтас мемлекетті, қала берді адамзатты жақсылыққа шақырып отыр. Мұндай бастамалар олардың бойында жауапкершілік сезімін арттырып, айналасына жанашырлықпен қарауды үйретеді. Яғни мектепте алған білім тек формула мен ережеден тұрмай, олардың бойына адамгершілік пен азаматтық жауапкершілікті де сіңіріп отыр. Осылайша оқушы жақсы маман болып қана қоймай, ертеңгі күні еліне адал қызмет ететін азамат болып қалыптасады.
Жақында өткен халықаралық олимпиадалардағы жетістіктер – соның айқын дәлелі. Еліміздің 24 оқушысы алтын, күміс, қола медальмен оралды. Соның ішінде 11 жүлдені біздің «Білім-инновация» лицейлерінің шәкірттері иеленді. Президенттің дарынды балаларды Ақордаға шақырып, мемлекет атынан марапаттауы – білім мен ғылымға деген шынайы қамқорлықтың айғағы. Бұл – бір ғана мектептің емес, бүкіл елдің мерейін көтерген үлкен жетістік. Мұндай қолдау балалардың ғана емес, олардың ата-анасының да сенімін нығайтып, ұстаздардың еңбегіне зор қуат береді. Ахмет Байтұрсынұлының тұжырымына жүгінсек, балам дейтін жұрт болғанда ғана жұртым дейтін бала болары анық. Жас буынды білім мен тәрбиенің қайнарынан сусындата алсақ, ондай ұрпақтан күтеріміз де көп болмақ.
Дархан ӨТЕ,
«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті