ЖОЛДАУ • Бүгін, 10:20

Білім мен тәрбие – елдіктің іргетасы

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәр­селермен озбақ. Онан басқа нәрсе­менен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп Абай айтпақшы, қай заманда да жақсылыққа ұмтыл­ған, ізденімпаз адамның да, қоғамның да бір қадам алда болатыны дәлелденіп ке­­ле­ді. Қазіргі озық технологиялар дәуі­­рін­де бұл тіпті айқындала түсті. Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақ­стан­­ның үш жыл ішінде жаппай цифр­лық ел болуын стратегиялық мін­дет етіп, мұны іске асыруда білім саласы ай­­­рық­­ша рөл атқаратынын атап өтті.

Білім мен тәрбие – елдіктің іргетасы

Білім – болашаққа бағдарланған ең сенім­ді инвестиция. Ол жекелеген адамның ғана емес, тұтас қоғамның өркендеуіне жол ашады. Жас ұрпақтың алған білімі мен бойына сіңірген тәрбиесі ел тағдырын айқындайтын басты құндылық екені анық. «Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды ин­тел­лек­тімен жұмыс істеудің қыр-сырын бі­ле­тін маман­дарға деген сұраныс артып келе­ді. Жа­сан­ды интел­лектімен жұмыс істеу құзы­ретін қа­­лып­тастыру әлдеқайда ерте жас­тан, яғни мек­тептен қолға алынуға тиіс», деген Мем­лекет басшысы ел дамуының бастау-негізі жас ұр­пақтың білімінде жатқанын айтты.

Мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама мен оқу материалдарын әзірлеу, ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру, қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технология­сы негізінде «Qazaq digital mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін жасақтау мәселелері күн тәртібіне қойылып отыр.

Осы айтылған қашықтан оқыту және ЖИ технологиялары негізінде «Qazaq digital mektebi» моделін құру бастамасы Білім-инновация мектебі жүйесінің қазіргі бағыт-бағдарымен үндес. Қорға қарасты «Астана кітап» баспасы жаратылыстану-математика бағытындағы оқулықтарды ағыл­шын тілінде шығарумен қатар, цифрлық шешімдерді де белсенді түрде енгізіп келеді. Бұл оқулықтардың электронды нұсқалары мен қосымша цифрлық ресурс­тары сапалы оқу материалының барлық жерде қолжетімді болуына ықпал етеді. Бұл бас­тама Президент Жолдауында айтылған, ауылдық мектептерге арналған сапалы білім беру платформасын құру идеясымен толық сәйкес келеді.

Мектептеріміздің озық тәжіри­бесін басқа білім беру ұйымдарына таратуды қашанда қол­дап келеміз. Бұл нақты жүзеге асып та жа­тыр. Соның ішінде, әсіресе, ауылдық жерлер­­дегі оқушылардың сапалы оқу материал­дары­­на қол жеткізуіне мүмкіндік беретін тәжі­рибе мен ресурстарымызды бөлісуге әрқашан дайынбыз.

Бұдан бөлек, қорға қарасты мектептерде «MyIDP» платформасы белсенді қолда­нылады. Бұл – оқушының жеке даму траекториясын жасауға арналған жасанды интеллект негізіндегі бірегей жүйе. Платформа әр оқушының қабілетін, қызығушылығын және білім деңгейін талдай отырып, оған сәйкес жеке оқу жоспарын ұсынады. Осы жүйе арқылы оқушылар өздеріне ең қолайлы пәндер мен бағыттарды анықтап, мақсатты түрде дами алады. «MyIDP» әрбір баланың әлеуетін толық ашуға және олардың болашақ мамандығын таңдауына көмектеседі.

Әрине, ұлы дүбірде бәсекеге түскенде алып та, шалып та жығатын көшбасшы ұрпақ қалыптастыруда сапалы біліммен қатар құндылыққа негізделген тәрбиенің маңызы зор. Шын мәнінде, білім – ақылдың шамы болса, құндылық – жүректің шамы. Өрендеріміздің білімді ғана емес, арлы да парасатты, адал да еңбекқор азамат болып өсуіне мектеп, ата-ана, қоғам бірдей жа­уапты. Осы орайда тағы да хакім Абайдың сөзі ойымызға тиянақ болады. «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады».

Осы орайда Мемлекет басшы­сы­ның биылғы Тамыз кеңесі­нде ай­рықша айтқан ой-тұжырымы көкейге оралады. Ол – ұстаз мәртебесін арттыруды әлі де жетілдіре түсу. Мұғалімдерге өз міндетіне кірмейтін жұ­мыстар жүктелмеу керектігін, сон­дай-ақ оқушылардың мектеп­тен тыс ортада тап болатын қиындықтары үшін мұғалім жа­уапты болмайтынын нақты айтуы ұстаздар қауымына үлкен серпіліс берді. Бұл ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның түсінігін өзгертуге ықпал етіп жатыр. Өйткені ұстаз – білім беруші ғана емес, жас буынға бағыт-бағдар беретін тұлға. Оның еңбегін бағалау – елдің ертеңіне деген құрметтің көрінісі.

Сонымен қатар Ұлттық құрыл­тай­­да көтерілген мәселелер де осы ой­ды қуаттай түседі. Мемлекет бас­шы­сы оқыту тек пәндік біліммен шектел­меуге тиіс екенін, оның ар­қауын­да адалдық, еңбекқорлық, ел­шіл­дік, жауаптылық сынды құн­ды­лық­тар жатуға тиіс екенін айт­ты. Бұл – жас ұрпаққа жан-жақты тәр­бие берудің берік іргетасы. Бүгін­гі жа­һандану заманында ұлттық құн­­ды­лықтарға сүйенбей, бәсекеге қабі­летті тұлға тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан біз үшін білім мен құн­дылық – қос қанат. Бірі ақылға нәр берсе, екіншісі жүрекке жарық түсіреді.

Мәселен, қазір «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясын­да жастарымыз қоғамдық жұмыс­тарға белсене қатысып, еріктілікпен айналысып, экологиялық және қайырымдылық акцияларына атсалысып жүр. «Адам өзгерсе, ғалам өзгереді» дейді шығыс даналығы. Осы қағида негізінде жасөспірімдер өз ортасын ізгілікке толтыру арқылы тұ­тас мемлекетті, қала берді адамзат­ты жақсылыққа шақырып отыр. Мұн­дай бастамалар олардың бойын­да жауап­кершілік сезімін арттырып, ай­наласы­на жанашырлықпен қара­уды үйре­теді. Яғни мектепте ал­ған білім тек формула мен ере­же­ден тұрмай, олардың бойына адам­­гер­шілік пен азаматтық жауап­кер­шілік­ті де сіңіріп отыр. Осы­лай­ша оқушы жақсы маман болып қана қоймай, ертеңгі күні еліне адал қызмет ететін азамат болып қалыптасады.

Жақында өткен халық­ара­лық олим­пиадалардағы жетістіктер – соның айқын дәлелі. Еліміздің 24 оқушысы алтын, күміс, қола медальмен оралды. Соның ішінде 11 жүлдені біздің «Білім-инновация» лицейлерінің шәкірттері иеленді. Президенттің дарынды балаларды Ақордаға шақырып, мемлекет атынан марапаттауы – білім мен ғылымға деген шынайы қамқорлықтың айғағы. Бұл – бір ғана мектептің емес, бүкіл елдің мерейін көтерген үлкен жетістік. Мұндай қолдау балалардың ғана емес, олардың ата-анасының да се­ні­мін нығайтып, ұстаздардың еңбе­гіне зор қуат береді. Ахмет Бай­т­ұр­сынұлының тұжырымына жүгін­сек, балам дейтін жұрт болғанда ғана жұртым дейтін бала болары анық. Жас буынды білім мен тәрбиенің қайнарынан сусындата алсақ, ондай ұрпақтан күтеріміз де көп болмақ.

 

Дархан ӨТЕ,

«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті