
Сурет: facebook.com/kisi.kz
Ел үшін бұл тек бәсекеге қабілеттілікті сақтап қалу ғана емес, сонымен қатар әртараптандыруға, инновацияларға, институционалдық ортаны дамытуға негізделген жаңа даму нүктелерін қалыптастыру қажеттігін білдіреді. 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында ел экономикасына 6,6 млрд доллар инвестиция тартылды. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға артық. Жалпы алғанда, 2005 жылдан бері елге 424,3 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған. Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан халықаралық рейтингтерде оң белгілер көрсетіп те отыр. Мәселен, S&P агенттігі еліміздің жағдайы бойынша болжамды «тұрақтыдан» «позитивтіге» жақсартып, «BBB-» рейтингін растады. Сонымен қатар «World Competitiveness Ranking 2025» рейтингінде бір сатыға көтеріліп, 34-орынды иелендік.
Жаһандық және өңірлік инвестициялар үшін бәсекелестік күшейіп жатқан жағдайда еліміз инвесторларға институционалдық қолдауды арттырды. Осы мақсатта «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Инвестициялар тарту кеңесі (инвестициялық штаб) құрылды. Оның негізгі міндеті – туындайтын мәселелерді жедел шешу, жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде көмектесу және жаңа бастамаларды жедел іске қосу. Штабтың басты мақсаты – елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және отандық әрі шетелдік компаниялар үшін қолайлы жағдай жасау. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп қайта атауды тапсырды.
Инвестициялық тартымдылықты одан әрі арттыру мақсатында өткен жылдың қазан айында 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бұл саясаттың негізгі мақсаттары: негізгі капиталға инвестицияларды ІЖӨ-нің 23%-ына дейін ұлғайту; сыртқы инвестициялар үлесін 30%-ға дейін жеткізу; 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту. Инвестиция тартудың жаңа тәсілі экономиканың нақты салаларының қажеттіліктерін ескеруге негізделген. Инвестицияларға «тапсырыстар» отандық бизнес пен квазимемлекеттік компаниялардың сұранысына қарай қабылданбақ. Бұл инвестициялық саясаттың нысаналы бағыты мен тиімділігін арттыруға тиіс.
Жалпы, Қазақстан ЭЫДҰ-ның Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы Декларациясының қағидаттарын ұстанып келе жатыр.
Ерлан Жақыпов,
Президент жанындағы ҚСЗИ жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы