Президент • Бүгін, 14:38

Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет - Президент

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ақмола облысының Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді. Іс-шараға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары бейнебайланыс режимінде қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет - Президент

Фото: Ақорда

Президент Ақмола облысына егін жинау науқанының барысымен танысу үшін арнайы келгенін айтты.

«Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықтың тұрақтылығы осы жұмысқа тікелей байланысты. Астық жинау науқанын ойдағыдай жүзеге асырсақ, экспорттық әлеуетіміз де мықты болмақ, яғни шетелге мол өнім шығара аламыз. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Шаруалар табанды еңбек етіп, астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осының бәрі агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі деуге болады. Соның арқасында ауыл шаруашылығы бойынша өнім көлемінің өсімі басқа салаларға қарағанда анағұрлым артық болды. Биылғы 8 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Өндірістің технологиялық әлеуетін арттыру үшін қолға алынған шаралар тиімділігін көрсетіп жатыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

аа

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінген.

Президент еселі еңбектері үшін еліміздің диқандарына ризашылығын білдірді.

«Жыл сайын егін жинау науқанында сіздердің кәсіби біліктеріңіз, табандылықтарыңыз және патриоттық қасиеттеріңіз сыналады. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бұл сыннан сүрінбей өтеді. Сіздер жай-күй таңдамай, табиғат тосын мінез танытса да жұмыс істеп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрсіздер. Маңдай терлеріңіз арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканы дамытуға және ауылдағы тұрмысты жақсартуға орасан зор үлес қосып келесіздер. Мемлекет диқандарды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып жатыр. Атап айтқанда, биыл менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазірдің өзінде мемлекеттің жүйелі қолдау шаралары нәтиже бере бастады. Агротехнологияны қолдану жоғары деңгейге жетіп, өнімділік артты. Бұған дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайтуды тапсырған едім. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қарқынын төмендетуге болмайды», деді Президент.

Қ.Тоқаев егістікті әртараптандыруды жалғастырып, мемлекеттің қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы келесі жылғы егіс науқанында жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын ерте бастан қолға алу маңызды деп санайды.

«Пайдасы көп әрі тиімділігі жоғары дақылдарды өсіруге басымдық бере отырып, егістікті әртараптандыруды жалғастыру керек. Бұл егін шаруашылығындағы өнім көлемін ұлғайтып, мол табыс табуға мүмкіндік береді. Үкімет пен әкімдер егін жинау кезінде шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп, қаржы мен қажетті техниканы уақтылы алуына жағдай жасауы қажет. Күн райына қарамастан, егінді мүмкіндігінше шығынсыз жинап алған жөн», деді Мемлекет басшысы.