
Бүгінде арнаулы орталықта оқу-жаттығу жиындары, гроссмейстерлердің шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады. Спортшылар беделді бәсекелер алдында осы жерде дайындығын пысықтайды.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, көрікті табиғат аясындағы бірегей кешенде спортшылардың өз шеберлігін алаңсыз шыңдауына қолайлы жағдай жасалған. Соңғы жылдары шахмат «медаль көп әкелетін» спорт түріне айналды. Былтыр отандық спортшылар халықаралық жарыстардан 160 медаль жеңіп алған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас спортшылармен және ұлттық құрама мүшелерімен әңгімелесу барысында мемлекет шахматты дамытуға, сондай-ақ балалар мен жастар арасында насихаттауға ерекше мән беретінін атап өтті. Президент аталған ойын стратегиялық тұрғыдан ойлауға машықтандыратынын, тәртіпті күшейтіп, төзімділік пен жауапкершілікке үйрететінін айтты.