
– Жасанды интеллект білім саласына не өзгеріс әкеледі?
Қаныбек ЖҰМАШЕВ:
– Бүгінде барлық салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Қазірдің өзінде біздің педагогтер оны оқу үдерісіне қолданып отыр. Мәселен, осы жылдың алғашқы алты айында 160 мың мұғалім арнайы дайындықтан өтті. Бүгінгі уақытта барлық мұғалімге арналған ақысыз онлайн курсты ұйымдастыра бастадық. Бірақ атап өтеріміз, жасанды интеллект ұстаз орнын баспайды. Ертеңгі күні балаларды сыныпқа кіргізіп, тек жасанды интеллект сабақ береді деген үрдіс болмайды. Ондай жайт мүлде қарастырылмаған. Жасанды интеллект тек мұғалімге көмекші құрал ретінде тиімді болады, ал негізгі білім беру барысының жауапкершілігі педагогтің өзінде қала береді.
Бибігүл РАЗАХОВА:
– Жасанды интеллект білім жүйесіне құрылымдық өзгеріс әкеледі. Бұл жаңалықтар білім беру мазмұнынан бастап, оқыту әдістері мен білімді бағалауға дейінгі барлық компонентке әсер етеді. Атап айтатын болсақ, ЖИ оқытушыларға жеке білім беру траекторияларын анықтауда, әрбір оқушының қабілеті мен қызығушылығына қарай бейімделген оқыту жолын қалыптастыруға жол ашады.
Бейімделген оқыту жүйелері мен диагностикалық платформалар арқылы іске асады. Оқу бағдарламаларын, тест тапсырмаларын, есептер мен жауап үлгілерін автоматты түрде құрастыра алады. Бұл уақыт үнемдеуге және оқыту сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ оқушылардың білім деңгейін нақты және әділ бағалауды жүзеге асырады. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен оқушының қай тұста қиналғанын нақты анықтап, пысықтауға болады. Көру, есту немесе сөйлеу қабілеті шектеулі оқушыларға арнайы құралдар мен аудио-визуалды көмекші жүйелерді жасанды интеллектімен әзірлеуге мүмкіндік бар. ЖИ мұғалімдерге ғана емес, сонымен бірге білім алушылардың да жеке оқу көмекшісі бола алады.
Анар ТӨЛЕУБАЕВА:
– Жасанды интеллект білім саласына біраз өзгеріс әкелетіні анық. Бірақ әуелі ЖИ-ді дұрыс әрі жауапты пайдалану туралы ойлануымыз керек. Өйткені бұл даму ғана емес, сонымен қатар оқушы мен мұғалімнің қауіпсіздігін, бүкіл оқу үдерісінің әділдігін қамтамасыз ету міндеті.
ЖИ-дің басты артықшылығы – оқытуды дараландыру мүмкіндігі. Сондай-ақ мұғалімдердің ең көп шағымданатын мәселесі – қағазбастылық. Қазіргі уақытта ЖИ-дің көмегімен құжаттарды рәсімдеу, сабақ жоспарларын жүйелеу, тіпті ата-аналармен байланыс орнату жұмыстары жеңілдейді. Мұғалімнің негізгі міндеті – балаға білім беру ісіне көбірек көңіл бөлуіне жол ашады.
Алайда жасанды интеллектіні шектен тыс қолданудың да қаупі бар. Ол оқушының ойлау қабілетін әлсіретіп, дайын жауапқа үйретіп қоюы мүмкін. Сондықтан ЖИ-ді толыққанды құрал ретінде қарастыруға болмайды. Ол – көмекші, бағыттаушы. Осы жерде ұлттық деңгейде нақты регламенттер, заңнамалық база мен этикалық нормалар қажет. Әйтпесе технологияның пайдасымен бірге қауіп-қатері де қатар жүреді.
Нәзипа АЮБАЕВА:
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім беру жүйесіне жасанды интеллект игіліктерін енгізу міндетін жүктеді. Ел экономикасын дамытудың басты тетіктерінің бірі – ғылым мен білім саласына жасанды интеллект шешімдерін енгізу. Орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану маңызды жаңашылдық әкеледі. Біріншіден, әр оқушының деңгейі, қабілет-қарымы мен қызығушылығына қарай дербес тапсырмалар дайындауға ЖИ таптырмас құрал. Сонымен қатар ЖИ ұстаздардың уақытын үнемдейді. Жасанды зерде арқылы мұғалімнің күнделікті жұмысы едәуір жеңілдейді. Сабақ дайындау, кері байланыс тапсырмаларын тексеру, мәтін құрастыру, статистика шығару, оқушылардың үлгерімін талдау секілді күнделікті міндеттерін ЖИ көмегімен автоматты түрде орындайды. Нәтижесінде, мұғалім оқушылармен шығармашылық жұмысқа көбірек уақыт бөледі.
Жасанды интеллектінің тағы бір артықшылығы – қашықтан білім алудағы тең мүмкіндік. Ауыл мектептеріндегі оқушылар да заманауи құралдарды пайдалана алады. Бұл – сапалы білімге қолжетімділікті арттыратын қадам.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
– Ұстаздардың жасанды интеллектіні меңгеру дағдысын қалыптастыру, оны сабаққа кіріктіру қай деңгейде?
Қаныбек ЖҰМАШЕВ:
– Жаңа оқу жылының басында 400 мыңға жуық педагог орта білім беру жүйесінде жасанды интеллект бойынша дайындықтан өтеді. Біз жасанды интеллектіні сабаққа енгізгелі отырмыз. Біріншіден, бастауыш сыныптарда «Цифрлық сауаттылық» деген пән бар. Ал 5-сыныптан бастап «Информатика» пәні оқытылады. Енді осы екі пәнге жасанды интеллектіге қатысты бағдарламалар енгізіледі. Осы арқылы оқушылар негізгі түсініктерді меңгереді. Сонымен қатар әрбір мұғалім өз пәнінде жасанды интеллектіні қолдана бастайды. Бұл жобаның тиімділігін арттыру үшін әрі қажет болған жағдайда түзетулер енгізіп отыру мақсатында қанатқақты жоба жүргізуді қолға алдық. Оған Астана қаласының мектептері, 217 «Келешек мектебі» тартылады. Жалпы, 380 мыңнан астам оқушы және 22 мыңнан астам мұғалім қатысады. Осылайша, бірінші жартыжылдықта, қаңтар айына дейін, белгіленген мектептерде жасанды интеллектіні енгізу басталып кетеді. Кейін қосымша эксперименттің аралық нәтижелерін ескере отырып, қаңтар-ақпан айларында қамтылатын оқушылар мен мектептердің санын біртіндеп арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі балалардың техникаға бейімділігі жоғары. Олар туғаннан әлеуметтік желіні де, телефонды да, техниканың тілін де тез меңгереді. Сондықтан бұны қабылдап әкететіні сөзсіз. Дегенмен бізде мемлекеттік білім стандарты бар. Сондықтан оқу барысына кез келген жаңа құралды енгізу оңай емес, ол үшін жан-жақты тексеру қажет. Алдымен сынақ кезеңін аяқтап, содан кейін ғана енгіземіз. Егер қажетті ақпаратты балаларға ыңғайлы әдіспен жеткізетін болсақ, білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
Нәзипа АЮБАЕВА:
– Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы ЖИ қолдану бойынша этикалық стандарттар мен академиялық адалдық ережелерін дайындады. Сонымен қатар академия ұжымы ЖИ-ді этикалық қолдану жөніндегі нұсқаулық әзірледі. Бұл – техникалық нұсқаулық емес, мұғалім қызметіне пайдалы құндылықтар жинақталған құжат. «Мұғалім – оқушыға ЖИ-ді сауатты пайдалануды үйрететін жетекші тұлға» деген қағидат сақталады.
Биылғы оқу жылында мектептегі «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект негіздеріне арналған тақырыптар енді. Осы тұста айта кетерлігі, мектеп бағдарламасына жасанды интеллект жеке оқу пәні ретінде емес, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер мазмұнына кіріктіріліп енгізіліп жатыр.
Бастауыш сынып білім алушылары ЖИ туралы қарапайым түсініктер, қауіпсіздік ережелері, этикалық нормалар туралы білімді «Цифрлық сауаттылық» оқу пәні арқылы меңгереді. Ал негізгі және жоғары сыныптарда ЖИ туралы білім «Информатика» пәнінде оқытылады. Аталған пәндегі алгоритмдер, деректерді өңдеу, машиналық оқыту негіздері сынды тақырыптарын оқытуда білім алушылар ЖИ-ді қолдану құзыретін игереді. Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарына «Day of AI» сияқты ашық әдістемелік кешендер қолданылып, дайын сценарийлер, тапсырмалар және жобалар ұсынылады. Бұл оқу материалдары үнемі жаңартылып отырады. ЖИ орта білім беру жүйесіне оқу пәндері мазмұнына кезең-кезеңмен және білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі.
Анар ТӨЛЕУБАЕВА:
– Бұл – осы күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Біз балаларды ерте дамыту институтымен бірлесіп, тәрбиешілерді, мұғалімдерді, әдіскерлерді жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуге үйрету бойынша курстар өткіздік. Қызығы, қатысушылардың көпшілігі – орта жастағы, 45–50-дегі әйелдер болды. Кейбірі қарапайым электрондық поштаның құпиясөзін де есте сақтай алмайтын адамдар. Соған қарамастан, біз оларды «ChatGPT» жүйесіне тіркеп, промпт жазуды үйреттік. Нәтижесінде, олар жасанды интеллектінің көмегімен сабақ жоспарларын дайындап, тәрбиелік іс-шараларға арналған сценарийлер құрастыра алатын деңгейге жетті.
Бұл тәжірибе бізге мына нәрсені дәлелдеді: егер дұрыс бағыт-бағдар берілсе, мұғалімдердің жас ерекшелігіне қарамастан, жаңа технологияға бейімделу қабілеті жоғары. Жас буын ұстаздар ЖИ-ді жылдам қабылдаса, орта буын мұқият үйренеді, ал үлкен буын алғашқыда сенімсіздік танытқанымен, уақыт өте келе олар да пайдасын көреді. Мұның бәрі педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға жол ашады. Демек ЖИ – ұстаздың орнын басатын құрал емес, керісінше, оның жұмысын жеңілдетіп, шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасайтын серіктес. Болашақта мұғалімнің кәсіби дағдылары қатарында жасанды интеллектімен жұмыс істеу қабілеті негізгі талаптардың біріне айналары сөзсіз.
– Университетте жасанды интеллект мамандарын даярлау үдерісі қалай жүріп жатыр?
Бибігүл РАЗАХОВА:
– Жоғары оқу орындарында жасанды интеллект саласына маман даярлау мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл үдеріс техникалық біліммен ғана шектелмей, пәнаралық бағытта жүзеге асырылып жатыр. Университеттерде ЖИ мамандарын даярлау бакалавриат, магистратура, PhD деңгейлерінде жүргізіледі. Әр деңгейде күрделілік пен бағыт ерекшелігі ескеріледі. Білім беру бағдарламаларында Машиналық оқыту, Компьютерлік көру, Білімді бейнелеу модельдері, Нейро желілер, Терең оқыту, Табиғи тілді өңдеу сынды модульдер қарастырылған.
ЖИ тек ақпараттық технологиялар бағытындағы факультеттермен шектелмейді. Университеттерде гуманитарлық, әлеуметтік, экономикалық және жаратылыстану салаларына арналған ЖИ курстары енгізіле бастады. ЖИ курстары үшін арнайы лабораториялар, білім беру деректер базасы, сондай-ақ оқытушылардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде Еуразия ұлттық университетінде «Лу Бань шеберханасы» ашылды. Мұндай шеберхананың ашылуы студенттерімізге Қытайдың заманауи жабдықтарын пайдалана отырып, жасанды интеллект бойынша тәжірибеге бағытталған курстарды игеруге жол ашты. Сондай-ақ зерттеу топтары мен докторанттар ЖИ және өнеркәсіптік технологиялар саласындағы гранттық тақырыптарды қамтитын ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға пайдаланады. ЖИ білімін университеттен бастау жеткіліксіз. Сондықтан «Мектеп-колледж-ЖОО» тізбегін қалыптастыру үшін мектеп оқушыларына арналған ЖИ негіздері пәнін дайындап, колледждермен байланыс орнату қажет.
– Жасанды интеллектіні білім саласына енгізгенде, ең алдымен қандай этикалық және әдістемелік мәселелерге назар аудару керек?
Анар ТӨЛЕУБАЕВА:
– Жасанды интеллектіні мектеп бағдарламасына енгізу – қажеттілік. Ең бастысы, оны қалай пайдаланамыз? Бұл жерде тепе-теңдік сақталуы керек. ЖИ баланы дайын білімге үйретіп қоймай, оның ізденісін арттыруға да септігін тигізуі қажет. Сондықтан әр қадам ұлттық регламентпен, нақты ережелермен бекітілуге тиіс.
Елімізде ЖИ-ді қолданудың құқықтық негіздері жасалса, мұғалімдер мен ата-аналардың сенімі артады. Қауіпсіздік – тек техникалық жағынан ғана емес, этикалық тұрғыдан да маңызды. Баланың жеке деректерін қорғау, тапсырмалардың әділ орындалуын қадағалау, білімді бағалауда ашықтық сақтау – басты талап.
Осы тұрғыда мектеп бағдарламасына тек ЖИ-ді пайдалану емес, сыни ойлау мен цифрлық сауаттылық модульдерін енгізу аса қажет. Балаларға «қалай қолдануды» ғана емес, «неге толық сенуге болмайтынын» да түсіндіру керек. Өйткені технологияға тәуелділік білімнің сапасына кері әсер етуі мүмкін. ЖИ оқушының ақыл-ойын алмастыратын емес, оны дамытуға көмектесетін құрал ретінде қолданылғанда ғана шынайы нәтиже береді.
Бибігүл РАЗАХОВА:
– Жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізгенде жеке деректердің құпиялылығы, авторлық құқық және заңсыз пайдаланудың алдын алу, генеративті ЖИ қолданудың этикалық аспектілеріне назар аударуымыз керек. ЖИ оқытушыны алмастырмайды, тек көмекші құрал. Шешім қабылдау жауапкершілігі адамның қолында қалуы керек.
Жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізгенде келесі әдістемелік мәселелерге назар аударсақ деймін. Ең алдымен, ЖИ негіздері пәнін кезең-кезеңмен енгізу қажет. Одан соң, оқытушылардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыру керек. Сонымен қатар оқыту форматы мен ресурстарды әзірлеп, қашықтан оқыту мен офлайн оқытудың үйлесімін ескерген жөн. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ тіліндегі ЖИ оқулығы мен оқу-әдістемелік құралдарды дайындауымыз қажет.
– «Qazaq Digital Mektebi»-нің басты артықшылығы қандай?
Нәзипа АЮБАЕВА:
– Ел Президенті Жолдауда атап өткендей, «Qazaq Digital Mektebi» – қашықтан оқыту мен жасанды интеллект технологиясына негізделген жоба.Жоба мақсаты – ЖИ мен цифрлық шешімдер көмегімен шалғайдағы ауыл оқушыларына сапалы білім беру. Аталған бастаманың артықшылығы бастауыш мектептен бастап-ақ оқушылардың ЖИ-сауаттылығы қалыптасады, мұғалімдердің цифрлық және ЖИ құзыреті артады, әдістемелік материалдар мен онлайн ресурстар баршамызға қолжетімді болады. Ең басты артықшылығы, «Qazaq Digital Mektebi» ауыл мен қала арасындағы білім теңдігін қамтамасыз етеді деген ойдамыз.
Дайындағандар –
Бекзат ҚҰЛШАР,
Айтолған ЖҮНІСХАН,
«Egemen Qazaqstan»