
Балаларға арналған сауатты контент жасау, тартымды шығармалар жазу елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде өзекті болып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шараға Oxford University Press (Ұлыбритания) халықаралық бизнесті дамыту жөніндегі аға менеджері Джузеппе Трапани, сондай-ақ Pickatale (Норвегия) білім беру контенті және баспа стратегиясы жөніндегі директоры Эмили Гилле-Марретт сияқты білікті мамандардың қатысуы балаларға арналған кітаптар мен білім беру технологиялары саласындағы бірлескен жобаларға жол ашып, түйткілді мәселелерді шешуге ықпал етпек.
Балалар жазушылары, баспагерлер мен халықаралық сарапшылардың басы біріккен жиында балалар әдебиеті индустриясында 20 жылдан астам тәжірибесі бар Oxford University Press Бизнес дамыту жөніндегі аға менеджері Джузеппе Трапани, Білім беру бағдарламалары жөніндегі директор, Норвегиядан келген Эмили Гилле-Марретт балалар сұранысына жауап беретін, олардың қиялын шыңдап, ойын өрістететін әдебиет шығару ісіндегі тәжірибесімен бөлісті.
Кәсіби сарапшы мамандар атап өткендей, балаларға арналған әдебиет шығару кітап басып шығару үрдісімен ғана байланысты емес. Ол балалардың жас ерекшеліктерін зерттеу, қажеттіліктеріне талдау жасау, тіптен мінез-құлық ерекшеліктерін тануға зер салатын әлеуметтік, психологиялық әрі талғамдық факторлармен тығыз байланысты. Мұнымен қоса жас оқырмандарды кітап оқуға қызықтыруда мәтінге, түрлі-түсті безендірілуіне де зер салу аса қажет.
Бүгінде Oxford University Press (OUP) әлем бойынша балалар кітаптары мен білім беру мазмұнын баспа және цифрлық форматта насихаттап отырған алдыңғы қатардағы баспа. Баспаның көптеген марапаттарға ие болған иллюстрациялық кітаптары, оқырмандарға арналған сериялары және Оксфордтың білім беру жобалары әлемнің 60-тан астам тіліне аударылған. Кітаптар аудио мен фильмдер форматына бейімделгендіктен, балалардың тыңдауына, көруіне қолайлы әрі тартымды келеді.
Жиында сарапшылар сандық білім беру өнімдерін әзірлеу, қызықты оқиғаларды озық технологиялармен, бағалау құралдарымен және педагогикамен біріктірудің заманауи әдістері және EdTech нарықтың мүмкіндігі туралы да айтып берді.
Шараның ұйымдастырушысы «Nomad Culture Foundation» қорының директоры Баян Қабылаштың айтуынша, балалар әдебиетін шығару, насихаттау ісі елімізде кенжелеп келеді.
«Балалар шығармаларын жазатын жазушылар өте аз. Бұл шарада әлемдік тәжірибені тыңдай отырып, шетелдік сарапшылармен ой бөлісу маңызды. Бүгінде бала тәрбиесінде балаға кітап оқытудың өте маңызды екенін ескерер болсақ, дүние жүзінің көптеген елдерінде тәжірибесімен бөлісіп жүрген шетелдік баспагерлер бұл жолы Алматы, Астана қаласында балалар баспа нарығына қажет ақпараттармен бөлісті. Бұл алаңда еліміздің баспагерлері, жазушылары да келіп, толғандырған сұрақтарын қойып, пікірімен бөлісіп жатыр. Бұл алдағы уақытта балаларға арналған қызықты әдебиеттер нарығының дамуына жол ашатыны анық» дейді Б.Қабылаш.
Кездесуді Steppe & World баспа үйінің директоры Раиса Қадыр жүргізді. Айналасы аз ғана уақытта балалар үшін қазақ тілінде 100-ден астам кітап шығарып үлгерген баспа үйінің басшысы «Кітап оқу арқылы балалардың сөздік қоры қалыптасып, сыни ойлау қабілеті жақсарады. Сондықтан балалардың өз ана тіліндегі әдебиеттерге, оқулықтарға сусындап өсуіне қолайлы жағдай жасау әрі әрбір басылымды өте қызықты, сауатты етіп шығаруға баспагерлер басты назар аударуы қажет деген» пікірін білдірді. Бүгінде «Ақын қоян» мен «Груфалло», Хәрри Поттерді қазақшалаған баспа үйі әлемдік әдебиеттің жарқын үлгілерін қазақ тіліне аударып, балаларға тарту етіп келеді. Осы үрдісті жалғастыруды мақсат етіп отырған баспагер өкінішке орай елімізде мектеп оқулықтарының, кейбір кітаптардың сауатты шығарылмайтындығына қынжылысын білдірді.
Өз тәжірибесімен бөліскен Әсел Сапақова баспа ісіне келудегі бірден-бір себебін өз балаларына қазақ тілінде кітап шығарып бастағанымен байланыстырды. Осы орайда қазақ тіліндегі балаларды дамыту кітаптарының авторы балаларға арналған сауатты әрі кәсіби әдеби ортаны дамытуға әлі де күш салу қажеттігін алға тартты.
Алқалы жиынға Алматы, Астана, еліміздің басқа да өңірлерімен қатар Орталық Азиядан баспагерлер, авторлар, иллюстраторлар мен педагогтер қатысып, балаларға ұнайтын, оларды білімге, ізгілік пен ізденіске үндейтін шығармалар, оқулықтар шығарудың әлемде ортақ мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасты.