
Іс-шараға Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов, музей меңгерушілері, ғылыми қызметкерлер, реставраторлар, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Зоология институтының ғалымдары қатысты. Семинар Ғылым және жоғары білім министрлігінің нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба жетекшісі – PhD, этнограф Айнұр Бейсеғұлова.
Іс-шара барысында биология және зоология саласында жиі қолданылатын терминдердің қазақ тіліндегі баламалары талқыланып, Табиғат музейі мен Археология музейінің қалыптасу тарихы, сондай-ақ ғылыми зертхана негізінде оқу-өндірістік практика ұйымдастыру тәжірибесі сөз болды. Бұдан бөлек, археографиялық коллекциялардың қалыптасу ерекшеліктері, Табиғат музейінің жәдігерлері, археологиялық және археографиялық қорларды қалпына келтіру мен жаңғырту мәселелері қарастырылды.
«Қазақ ғылымының қара шаңырағы саналатын Ғылым ордасы бүгінде ғылыми институт ретінде қалыптасып келеді. Бұл жоба – музейлердің ғылыми әлеуетін арттыруға, қор жинақтарын жүйелі зерттеп, жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Біз халықаралық деңгейдегі озық тәжірибе мен заманауи технологияларды тиімді пайдалана отырып, музей қызметін дамыту және мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарын жалғастырамыз» деп атап өтті Ұлар Мұқажанов.
Семинар аясында палеонтологиялық, археологиялық және археографиялық жинақтардың көрмесі мен шеберлік сабағы ұйымдастырылып, қатысушылар коллекцияларды сақтау, қалпына келтіру және ғылыми каталог жасау бойынша тәжірибе алмасты.
АЛМАТЫ