Маман • Бүгін, 07:53

HR мамандарының мүмкіндігін арттырады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі еліміздің HR мамандары үшін «HR цифрландырудың жаңа тәсілдері» тақырыбында Open Day өткізді.

HR мамандарының мүмкіндігін арттырады

Іс-шараның мақсаты – кадрлық үдерістерді цифр­лан­д­ырудың заманауи құ­ралдары туралы HR-қоғам­дастықты ақпарат­тан­дыру, сондай-ақ мемлекеттік қыз­метте адам капиталын дамы­туда инновациялық шешім­дерді енгізу бойынша тә­жірибе алмасу. Кездесу барысында кадр жұмысын авто­мат­тандыруға және цифрлық трансформациялауға арналған заманауи ақпараттық жүйелер, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыруға бағыт­талған іске асырылып жатқан HR-жобалар ұсынылды. Open Day-ға қатысуға HR-қыз­мет­терінің өкілдері, сондай-ақ цифрлық HR-тәжірибелерді дамытуға тартылған сарапшылар шақырылды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысушыларға арнаған сөзінде цифрлық трансформацияның маңызын, мем­лекеттік және жеке сек­тордағы HR-қызметтері ара­сындағы әріптестікті нығай­тудың өзектілігін атап өтті. Бұл міндет Мемлекет басшысының Жолдауында жарияланған негізгі бастамалармен тығыз үндеседі. Атап айтқанда, Қазақ­­станды толыққанды цифр­лық мемлекетке айнал­дыру, жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту, сондай-ақ мемлекеттік институттардың ашықтығы, тиімділігі мен бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру үшін плат­формалық экономика мен үлкен деректерді кеңінен қол­дануды қамтамасыз ету көз­деліп отыр.

Кездесу барысында қатысу­шылар агенттіктің жұмысымен және өзекті міндет­терімен танысты. Орталықта мемлекеттік қызметке цифрлық іріктеу, сондай-ақ «e-Qyzmet» жүйесі және бірыңғай кадр жүйесі арқылы HR-үдерістерді автоматтандыру мәселелері егжей-тегжейлі ұсынылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ірі HR-жобалардың бірі Президенттік жастар кадрлық резерві таныстырылды. Бұл таланттарды басқаруда және кәсіби мемлекеттік қыз­мет­шілердің жаңа буынын қа­лыптастыруда маңызды құ­рал­ға айналды.

Агенттік төрағасының орынбасары Әлібек Ахмедьяр мемле­кеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға бағыт­талған «Мемлекеттік қыз­мет туралы» заңның жаңа редак­циясының жобасын ұсын­ды.