
Конференцияның ашылуында Мемлекеттік кеңесші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі Владимир Мединский және Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов құттықтау сөз сөйледі.
Ерлан Қарин түркі өркениетін зерттеуге арналған мұндай іс-шаралардың өткізілуі ғылым саласындағы байланыстарды кеңейтетін маңызды бағыт екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Трансалтай диалогін» бастау жөніндегі ұсынысының мәні зор. Бұл өңірдегі ғылыми-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуді көздейді. Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші биыл Қазақстанда әлемнің 11 елінен келген қонақтардың қатысуымен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылғанын еске салды.
Сөз соңында Ерлан Қарин сындарлы әрі ашық ғылыми пікірталас алаңын ұсынған ұйымдастырушыларға алғыс айтып, қатысушыларға нәтижелі жұмыс пен толайым табыс тіледі.