
Қазақстан тарихи Жібек жолының торабында орналасқан ел ғана емес, сонымен қатар әртүрлі мәдениеттер мен руханияттардың түйісетін тұғырлы кеңістігіне айналды. Мұнда «домбыра мен гитара, арфа» қатар үндесіп, әлемдік мәдениеттер симфониясына айналып отыр. Бұл – Қазақстанның мәдени ашықтығы мен рухани байлығының көрінісі.
«Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жүзеге асқан халықаралық іс-шаралар Қазақстанның мәдени және рухани платформа ретіндегі рөлін нығайта түсті. Мұндай жобалар өркениеттер арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеріп, өзара құрмет пен ашықтық рухын қалыптастыруға бағытталған. Бұл – осы съездің басты тақырыбымен толық үндесетін құндылықтар.
Буддизм әлемдегі барлық нәрсе бір-бірімен тығыз байланысты деп үйретеді. Христиан дінінде адамға жақсылық жасап, жақыныңды өзіңдей сүю керек дейді. Исламда сабыр сақтау пен мейірімділік басты қасиеттердің бірі. Ал даосизм болса, табиғатпен үйлесімде өмір сүруді насихаттайды. Осы діндердің бәрі, әрине, әрқайсысы өз жолымен, адамдарды ізгілікке, түсіністікке және бейбіт өмірге шақырады. Сондықтан бұл рухани ілімдер дінаралық диалог үшін берік негіз қалыптастырады. Діни дәстүрлер адамзаттың ортақ рухани тәжірибесі ретінде біріге отырып, бейбіт өмір мен келісімді қамтамасыз ете алады.
Бүгінде бізді алаңдататын жаһандық проблемалар климаттың өзгеруі, ашаршылық, қақтығыстар – баршамызға ортақ сын-қатерлер. Бұл мәселелерді тек саяси немесе технологиялық тәсілдермен емес, рухани және моральдық көзқараспен де қарастыруымыз қажет. Сондықтан дін көшбасшылары жастар тәрбиесіне, отбасылық және адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, мәдени жобалар аясындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударуға тиіс.
Дін өкілдері насихатпен ғана емес, нақты әрекеттермен де үлгі көрсетулері қажет. Біз игі идеяларды нақты іске айналдыруымыз керек. Бос сөз емес, шынайы рухани энергия адамзатқа үміт сәулесін сыйлайды. Сол арқылы бейбіт өмірге жол ашылады.
Бұл ретте Қытай буддашылар қауымдастығы әлемдік діндермен бірлесе әрекет етуге дайын екенін жеткізгім келеді. Біз келіспеушілікті келісім кемесіне салып, сенімді желкен етіп, нақты әрекетті ескекке айналдырсақ қана, ортақ бейбіт және бақытты болашаққа жете аламыз.
Цзин БО,
Қытай буддашылар қауымдастығы төрағасының орынбасары