Елорда • Бүгін, 12:06

Астанада Бейбітшілік және келісім саябағы ашылды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайту мақсатымен қолға алынған бірегей бастама. Салтанатты іс-шараға VIII Съезд делегаттарымен бірге Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Астанада Бейбітшілік және келісім саябағы ашылды

Фото: Сенат

Аталған іс-шараға Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб қатысқан болатын. Осы аралықта саябақ Қазақстандағы түрлі конфессиялар арасындағы достық пен бірліктің жарқын үлгісіне айналды.

Мәулен Әшімбаев мәртебелі меймандарға ілтипат білдіре келіп, Бейбітшілік және келісім саябағының негізін 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысушылар қалағанын айтты. 

«Съезге қатысушылардың ізгі бастамасының нәтижесінде Есіл өзенінің жағалауында жаңа саябақ бой көтерді. Бұл – бірліктің, өзара сенімнің және бейбітшілік пен келісімнің жарқын символы. Барлық халықтың дәстүрінде тал өміршеңдікті, өсуді және өркендеуді білдіреді. Сондықтан бұл саябақты сенім мен этносқа қарамастан кемел келешекке ортақ ұмтылысымыздың белгісі деп қабылдаймыз. Қазақстан астанасының ортасында орналасқан Бейбітшілік және келісім саябағы діндер мен мәдениеттер арасындағы рухани көпір болады деп сенеміз. Мұндай қадам қазіргідей күрделі кезеңде айрықша маңызға ие», деп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының басшысы саябақтың ашылуына өз үлесін қосқан барлық қатысушы мен ниеттестерге алғыс білдірді.

пп

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Қазақстан түрлі ұлт, мәдениет және дін өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп жатқан бірегей ел екенін атап өтті. Бұл этносына және дініне қарамастан баршаға ашықтық, сенім, төзімділік, құрмет сияқты құндылықтардың нақты көрінісі екені анық. Бейбітшілік пен келісім саябағының дәл ортасындағы «Өмір ағашы» монументі де осы рухани ұстанымды бейнелейді. Үш жыл бұрын мұнда делегаттар 60-тан астам тал отырғызған еді. Монументтің ортасына күмбез үлгісінде емен ағашы отырғызылып, субұрқақ орнатылған.

Жоба авторларының айтуынша, су мен тамыры тарих тереңіне бойлаған өмір ағашы Жердегі мәңгілік тіршілікті және оның құндылығын дәріптейді. Сол арқылы аталған инсталляция, сенімі мен нанымына қарамастан, планетадағы барлық адамды келісімге, бейбітшілік пен достыққа шақырады. Күмбез бір аспан астындағы бейбітшілікті, ал, 4 жағындағы кіреберіс дүниенің төрт бұрышы: Оңтүстік, Солтүстік, Батыс және Шығысты білдіреді. Күмбездің қабырғаларында дүниенің жаратылысы, Қазақстан үшін тарихи маңызы бар оқиғалар және ежелгі суреттер – петроглифтер бейнеленген.

аа

Саябақтың ашылуына қатысқан VIII Съезд делегаттары «Бала бояуындағы әлем» атты сурет көрмесін тамашалады. Онда республикалық жас суретшілер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қылқаламынан туған үздік 20 картина қойылған көпшілік назарына ұсынылған. Аталған экспозициялар жас буынның шығармашылығымен танысуға мүмкіндік беріп, жарқын және үйлесімді болашаққа деген сенімді нығайтуға өз үлесін қосады.