Саясат • Бүгін, 09:00

Сындарлы диалог – нағыз даналықтың көрінісі

10 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін

Жиырма жылдан аса уақыттан бері Астана қаласында рухани көшбасшылардың басын бір мүддеге тоғыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдырып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VIII съезі өз жұмысын қорытындылады. Съездің жабылу салтанатына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

Сындарлы диалог – нағыз даналықтың көрінісі

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Сыйластыққа негізделген алаң

Мемлекет басшысы бірнеше күннен бері елордада түрлі мәдениет пен өркениет өкілдері бас қосып жатқанын айтты.

– Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, ті­легі мен ниеті бір екені сөзсіз. Съездің қорытынды Деклара­ция­сы – соның айқын дәлелі. Құжат­та ортақ идеялар мен ұсы­ныс­тар көрініс тапты. Жалпы, форумның түпкі мәні де – осы. Біз құрмет пен сыйластыққа негізделген сындарлы диалогтің куәсі болдық. Ең бастысы, дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, шын мәнінде, салмақты және сындарлы диалог – нағыз даналықтың көрінісі.

– Сіздер бүкіл әлемге көреген­дік пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп отырсыздар. Геосаяси тұрақсыздық белең алған күрделі кезде мұның мән-маңызы айрықша. Форум бүгінде діндер мен мәдениеттер арасындағы ықпал­дастықты дамытудың, барша адамзаттың жарқын бола­шағы үшін ынтымақтастықты нығайтудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Пленарлық және секциялық отырыстарда, діни орындар мен нышандарды қорғау бойынша арнайы сессияларда, сарапшылар дөңгелек үстелінде және жас діни көшбасшылар форумында көптеген құнды идея мен ұсыныс айтылды. Сіздер деструктивті ағымдар мен зор­лық-зомбылықты қатаң айыптап, қазіргі дағдарыстарды реттеу мүмкіндіктерін қарастыр­дыңыздар, әлеуметтік теңсіздікті еңсеру мен инклюзивті қоғам құру жолдарын талқыладыңыздар. Экология, орнықты даму, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің адам өміріне әсері мәселелеріне ерекше мән берілді. Съездің ашылуында сөйлеген сөзімде діни дипломатияның халықаралық аренадағы диалог пен сенімді нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтқан едім. Сіздердің де бұл ұстаныммен келісетіндеріңіз қуантады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаһанда түбегейлі өзгерістер орын алып жатқан кезеңде дін көшбасшылары барша халыққа адамгершілік қасиеттер мен гуманистік құндылықтардың шамшырағы болуға тиіс деп санайды.

– Екі күн ішінде сіздер съезд жұмы­сының басты бағыттары мен келешек күн тәртібі туралы ортақ ұйғарымға келдіңіздер. Ол бірлескен қорытынды Декларацияда көрініс табады. Барлық форум қатысушыларын, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерін осы Декларацияның идеяларын белсенді насихаттауға шақырамын. Сіздердің климат өзгерістерімен күрестегі дін басшыларының рөлі туралы құжат әзірлеу, сондай-ақ дін және гуманизм тұрғысынан жасанды ин­теллектіні жауап­кершілікпен пайда­ланудың жал­пыға бірдей қағидаттарын қалып­тастыру туралы Съезд хатшылығына берген ұсынымдарыңызды толық қолдаймын. БҰҰ Өркениеттер альянсының сессиясын айрықша атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы тарихи ескерткіштерді, мәдени әралуандықты және адамзаттың рухани мұрасын сақтау үшін діни нысандарды қорғау өте өзекті екенін жеткізді.

– Қазақстанда мұндай іс-шараларды өткізу Орталық Азия аймағында аталған мәселе үлкен маңызға ие екенін көрсетеді. Жас діни көшбасшылар форумы өскелең ұрпақтың сабақтастықты сақтауға, диалог пен өзара түсіністік жолын жалғауға ұмтылатынын байқатты. Яғни әлемнің келешегі бар деген сөз. Сарапшылардың дөңгелек үстелі рухани дипломатияның әлеуетін кеңінен түсінуде ғылым мен діни ілім синергиясы маңызды екенін танытты. Бұл бағытты халықаралық ынтымақтастықтың құрамдас бөлігі ретінде күшейту қажет деп санаймын. Съезде дін көшбасшыларының бейбіт қатар өмір сүруге шақырып, бейтарап, саяси реңк бермей, ортақ үн қату идея­сы талқыланды. Осы арқылы жаңа, анағұрлым орнықты әрі әділ әлемдік тәртіпті қалыптастыруға елеулі үлес қосуға болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан барлық деңгейдегі дінаралық және мәдениетаралық диалогті толық қолдай­тынын және съездің жаһандық пікірталас алаңы ретінде ықпалын арттыруға тырысатынын атап өтті.

сми

– Біз Съезд хатшылығының БҰҰ инсти­туттарымен және басқа да құры­лым­дармен серіктестік желісін кеңейту­ді жалғастырамыз. Съезд идеяларын ілгері­лету үшін бірқатар іс-шара ұйымдас­тырылады. Оған халықаралық серіктес­теріміз, жастар, сарапшылар, волонтерлік ұйымдар қатысады. Бейбітшілік – ең басты байлығымыз. Бұл – барша елге, халықтар мен діндерге ортақ аса маңызды құндылық. Шын мәнінде, тату­лық пен тұрақтылық баянды болашақ­тың мызғымас кепілі саналады. Сіздер осы жолда аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Бүгінгі басқосуды соның жарқын көрінісі болды деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, съезд табысты өтті. Баршаңызға зор алғысымды айтамын. Игі мақсат жолындағы ынтымағымыз одан әрі нығая береді деп ойлаймын, – деді Президент.

 

Съезд декларациясы қабылданды

Жиынға модераторлық еткен Съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев пленарлық отырыс мазмұнды болды деп айтуға толық негіз бар екенін атап өтті. Секциялық отырыстар ая­сында да жан-жақты пікір алмасулар өтіп, маңызды ойлар айтылғанына тоқталды.

– Кездесулер барысында ашық және сындарлы диалог болды. Көптеген ма­ңызды идеялар, нақты ойлар мен құн­ды ұсыныстар айтылды. Дін лидер­лері қа­зір­гі өзекті жаһандық сын-қатерлер­­­ді бір­­лесіп еңсеру жолындағы рухани дип­ло­­матияның рөлін жан-жақты тал­қы­ла­ды. Сондай-ақ съезд аясында бір­қа­тар маңызды іс-шара өткіздік. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымының Өркениеттер альянсымен бірлесіп ұйымдастырылған діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессияны, жас діни лидерлердің ІІ фо­румын және сараптамалық дөңгелек үс­т­ел­ді ерекше атап өтуге болады. Мұның бәрі съезді мазмұндық жағынан дамытуға және көтерілген тақырыпты терең ашуға үлкен үлес қосты деп сенеміз. Сонымен қатар осы кездесулер мен жиындар өзара құрмет пен сенімді одан әрі нығайтып, үйлесімді әрі өркендеген әлем құру жолындағы діндердің ортақ міндетін айқындауға мүмкіндік берді. Сондықтан съезіміз жалпы нәтижелі болды деп айтуға толық негіз бар, – деді М.Әшімбаев.

Қорытынды жиын барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII съезінің «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» атты декларациясы қабылданды. Құжат мазмұнына қысқаша тоқталған М.Әшімбаев декларацияда тоғызыншы съезді өткізу мерзімі де қамтылғанын, оны 2028 жылы Астанада өткізу ұсынылғанын айтты. Бұл ұсынысқа делегаттар қолдау білдірді.

– Форум қатысушыларының назарына осы құжаттың жобасы ұсынылды. Дек­ларация жобасы жұмыс тобында және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лері съезі хатшылығының отырысында егжей-тегжейлі талқыланды. Осы орайда келіп түскен ұсыныстар ескерілді. Дек­лара­цияның негізгі ережелері мәдениетара­лық және дінаралық диалогті нығайтуға тың серпін беретініне, сондай-ақ қазіргі әлемдегі сын-қатерлер мен проблемаларға қатысты іс-қимыл жасау аясында бірыңғай қадамдарды пысықтауға негіз болатынына үміттенеміз, – деді Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы М.Әшімбаев.

Ал декларацияның мәтінін съезд қатысушыларына Ватиканның Қасиетті тағының Дінаралық диалог бойынша дикастерия префектісі Кардинал Джордж Джейкоб Кувакад оқып берді. Cъезд қатысушылары қабылдаған бұл құжат БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-сессиясының ресми құжаты ретінде әлемге таратылмақ.

«Біз бейбітшілікке, әлеуметтік тұрақ­тылыққа және жаһандық ынтымақ­тастыққа қол жеткізуге бағытталған күш-жігердің маңызды құралы болып отырған дінаралық және мәдениетаралық диалогті тереңдетуге деген адалдығымызды білдіреміз. Қақтығыстар мен геосаяси қарама-қайшылықтардың күшеюі жағдайында диалог адамзаттың өмір сүруінің негізі саналатын бейбітшілік пен дамуға жол ашады. Біз ұлттық үкіметтерді, халықаралық ұйымдарды, діни лидерлерді, саясаткерлерді, сарапшыларды, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерін және барлық ізгі ниетті адамдарды адамзат бірлігінің негізі ретінде мәдениетаралық және дінаралық диалогті белсенді түрде ілгерілетуге, төзімділікті, адам құқықтарын құрметтеуді, инклюзивтілікті және бейбіт қатар өмір сүруді дәріптеуге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту үшін өшпенділік пен зорлық-зомбы­лықтан бас тартуға шақырамыз», делінген деклариция мәтінінде.

Бұған қоса съезд қатысушылары декларация арқылы жаңа технология­ларды, соның ішінде цифрлық технологияларды, жасанды интеллект пен биоинженерияны жауапты түрде пайдалануға шақырады. Құжатта жасанды интеллектіні кемсіту, өшпенділік немесе адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіру мақсатында қолдануға жол берілмеуі керектігі айтылған. Адам құқықтары мен этика қағидаттарына сүйене отырып жасалған жасанды интеллектіні пайдалану жөніндегі халықаралық нормаларды әзірлеудің қажеттілігін атап көрсетеді. Жасанды интеллектіні дамытудағы прогресске қарамастан, шынайы жанашырлық пен сүйіспеншілік таныту тек адамға ғана тән қабілет екенін және осы қасиеттерге баулу адамзаттың гуманистік әрі рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуының арқауына айналуға тиіс екенін мәлімдейді.

«Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіспеушіліктер мен қақтығыстарды еңсеруге, халықтар арасындағы сенімді нығайтуға және бейбітшілік пен әділдік мұраттарын орнықтыруға ұмтылатындардың күш-жігерін біріктіру мақсатында бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құру жөніндегі үндеуін қолдаймыз. Біз басқа жаһандық және өңірлік алаңдармен серіктесе отырып, бейбітшілік пен келісім мәдениетін ілгерілетудің тиімді жолдарын іздеу үшін бейбітшілік жолын­дағы жаһандық қозғалыстың мақсат­тарын ілгерілету жөніндегі халық­ара­лық диалогті жандандыруға және халықар­алық іс-шаралар легін – дөңгелек үс­тел­дер, конференциялар мен сайд-ивент­тер ұйым­дастыруға ниеттіміз», делін­ген съезд деле­гаттары қабылдаған басты құжатта.

Съездің қорытынды отырысында Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл сөз сөйлеп, дін көшбасшылары шынында да бүкіл әлемдік деңгейде маңызды әрі шешуші сипатқа ие алаң ашып отырғанын, бұл алаңда түрлі көз­қарас­тағы адамдар бірлесе еңбек етіп, бейбіт­шілік пен өркендеу жолына үлес қосуға тиіс екеніне тоқталды.

– Ең маңыздысы – бүгін біз әртүрлі діндер мен конфессияларға жататын діни көшбасшылардың, рухани жетекші­лер­дің бір-бірімен иық тірестіре, бір отбасы­­ның мүшесіндей еңбек еткенін көріп отырмыз. Бұл құбылыс біздің арамыз­дағы діни-теологиялық айырмашылықтар­ға қарамастан, ұстанымдарымыздың жақындығын тағы да айғақтайды. Осы сәтті пайдалана отырып, баршамыздың атынан және өз атымнан Қазақстан Республикасының Президенті, құрметті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Ол кісі бұл жиынның жоғары деңгейде өтуіне үлкен мән беріп, жеке уақытын бөліп, ерекше күш-жігерін салды. Сонымен қатар осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға тікелей атсалысқан Қазақстанның діни жетекшілеріне де алғысымды жет­кізгім келеді. Олар барлығымызға қонақ­жайлылық танытып, кеңпейілділік көрсетті, – деді патриарх Кирилл.

Әл-Азһар Жоғарғы имамының орынбасары, шейхы Мұхаммед Абдурахман әл-Дуайни де өз сөзінде Мемлекет басшысына, ұйымдастырушыларға осындай аса маңызды миссияны арқалаған съезд жұмысын сәтті өткізгені үшін айрықша алғысын білдірді. Сонымен қатар барша дін өкілдерін бейбітшілікті барынша насихаттауға шақырып, әлем халқын қантөгіссіз қарым-қатынаста өмір сүруге үндеді.

Израильдің Бас Сефард раввині Дэвид Йосеф те сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына, ең алдымен, осы съезді ұйымдастырғаны үшін зор алғыс білдірді. Және де адамзат баласын терроризм мен қантөгісті тоқтатуға шақырды, бейбіт­шілікті ең басты құндылық деп атады.

Жиынды қорытындылаған М.Әшімбаев хатшылық атынан Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бар­лық қатысушыларға алғыс білдіріп, бар­шамыздың ортақ мүддемізге жұмыл­дырылған күш-жігеріміздің арқасында әлемнің ашық диалогке, өзара түсіністікке және бейбіт өмірге деген ұмтылысы нығая түседі деген сенімімен съезд жұмысын жабық деп жариялады.

 

Бейбітшілік және келісім саябағы ашылды

Бүгінде еліміз бейбітшілік пен келісімнің халықаралық орталығына айналған. Екі күнге жалғасқан съезд аясында айтылған пікірлер осыған саяды. Дін көшбасшыларынан бөлек әлемнің әр бұрышынан келген халықаралық ұйым өкілдері, беделді сарапшылар мен саясаткерлер алмағайып кезеңде адамзатқа ең қажетті татулық пен өзара түсіністік құндылықтарының жарқын көрінісін қазақ даласынан байқағандарын жеткізді. Сол игіліктің жалғасы ретінде Астанада Бейбітшілік және келісім саябағы ашылды.

Бұл – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында дінаралық және мәдениетаралық диалогті нығайту мақсатымен қолға алынған бірегей бастама. Салтанатты іс-шараға VIII съезд делегаттарымен бірге Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты.

сми

Хатшылық басшысы мәртебелі меймандарға ілтипат білдіре келіп, Бейбіт­шілік және келісім саябағының негізін 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысушылар қалағанын айтты. Аталған іс-шараға Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб қатысқан еді. Осы аралықта саябақ Қазақстандағы түрлі конфессиялар арасындағы достық пен бірліктің жарқын үлгісіне айналып үлгерді.

– Съезге қатысушылардың ізгі бас­тамасының нәтижесінде Есіл өзенінің жағалауында жаңа саябақ бой көтерді. Бұл – бірліктің, өзара сенімнің және бейбітшілік пен келісімнің жарқын символы. Барлық халықтың дәстүрінде тал өміршеңдікті, өсуді және өркендеуді білдіреді. Сондықтан бұл саябақты сенім мен этносқа қарамастан кемел келешекке ортақ ұмтылысымыздың белгісі деп қабыл­даймыз. Қазақстан астанасының ор­та­сында орналасқан Бейбітшілік және келі­сім саябағы діндер мен мәдениеттер ара­сындағы рухани көпір болады деп сенеміз. Мұндай қадам қазіргідей күрделі кезеңде айрықша маңызға ие, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар ол сөзінде Қазақстан түрлі этнос, мәдениет және дін өкіл­дері бейбіт қатар өмір сүріп жатқан біре­гей мемлекет екенін айтты. Ал бұл этносына және дініне қарамастан баршаға ашықтық, сенім, төзімділік, құрмет сияқты құндылықтардың нақты көрінісі екені анық. Бейбітшілік пен келісім саябағының дәл ортасындағы «Өмір ағашы» монументі де осы рухани ұстанымды бейнелей түскен. Үш жыл бұрын мұнда делегаттар 60-тан аса тал отырғызған еді. Монументтің ортасына күмбез үлгісінде емен ағашы отырғызылып, субұрқақ орнатылды.

Жоба авторларының айтуынша, су мен тамыры тарих тереңіне бойлаған өмір ағашы Жердегі мәңгілік тіршілікті және оның құндылығын дәріптейді. Сол арқылы аталған инсталляция, сенімі мен нанымына қарамастан, планетадағы барлық адамды келісімге, бейбітшілік пен достыққа шақырады. Күмбез бір аспан астындағы бейбітшілікті, ал төрт жағындағы кіреберіс дүниенің төрт бұрышы – Оңтүстік, Солтүстік, Батыс және Шығысты білдіреді. Күмбездің қабырғаларында дүниенің жаратылысы, Қазақстан үшін тарихи маңызы бар оқиғалар және ежелгі суреттер – петро­глифтер бейнеленген.

Саябақтың ашылуына қатысқан VIII съезд делегаттары «Бала бояуындағы әлем» атты сурет көрмесін де тамашалады. Онда республикалық жас суретшілер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қылқаламынан туған үздік 20 картина қойылған. Аталған экспозициялар жас буынның шығар­машылығымен танысуға мүмкіндік береді әрі жарқын және үйлесімді бола­шаққа деген сенімді нығайтуға септеседі.

 

Болашақ жолындағы синергия

Съезд аясында «Бейбіт өмір – жастар таңдауы: болашақ жолындағы синергия» ұранымен Жас діни лидерлердің II форумы да ұйымдастырылды. Оған жас діни көшбасшылармен қатар әлем бойынша іргелі жастар қозғалыстарының өкілдері, ғалымдар, белсенділер, орнықты даму, ақпараттық технология, мәдениет және коммуникация салаларының сарапшылары қатысты. Іс-шарада қазіргі таңдағы өзекті проблемаларды шешу жолдары талқыланды.

Форумды ашқан М.Әшімбаев был­тырғы I Форум жас буынның адамзатты алаң­датқан жаһандық түйткілдерді шешуге қатысуы қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетіп бергенін айтты.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қиын кезең­дер­де біз қабырға емес, көпірлер салуы­­мыз керек. Бұл – біздің халқымыздың сана­лы таңдауы. Қазір біз бұрын-соңды бол­­­маған қайшылықтардың күрделі дәуірін­де өмір сүріп жатырмыз. Жаһандық кли­мат­тың өзгеруі және экологиялық апаттар әлемге жойқын салдарын тигізу­де. Бітпейтін соғыстар мен қақтығыстар тұтас планетамызға орасан зор қауіп төндіріп тұр. Сондықтан адамзат қазіргі өзекті проблемаларды шешу жолында жаңа идеялар мен тың тәсілдерге мұқтаж. Осы орайда ХХІ ғасырдағы ең күрделі түйткілдерді еңсеруде сіздерге, яғни жас көшбасшыларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл жолда тек ашықтық, адалдық және сенімге негізделген диалог арқылы көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады. Өзара сенім болмаса, берік халықаралық тұрақтылық орнату мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан бейбіт қатар өмір сүру және мәдени әралуандықты құрметтеу қағидаттарын дәйекті түрде дәріптеп келеді, – деді Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы.

Форумға қатысушылар қарама-қайшылықтар мен қақтығыстар белең алған және халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесіне деген қажеттілік арта түскен қазіргі кезде орнықты дамудың кепілі ретінде жастар ерекше рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ жаһандық сын-қатерлерге қарсы күресте күш-жігерді біріктіру жолында мәдениеттер мен діндер арасын байланыстыратын рухани дипломатияның маңызына да баса мән берілді. Поляризация, діни төзбеушілік және әлеуметтік қайшылықтар ушыға түскен бүгінгі жағдайда жастардың жасампаз күн тәртібінің тасымалдаушысы ретіндегі рөлі стратегиялық маңызға ие екені анық.

Форум бағдарламасына сәйкес пленар­лық сессия мен Forum-talks сессия­сы өтті. Онда қатысушылар жастардың бейбітшілік пен дінаралық диалогті нығайту жолындағы миссиясы туралы баяндамалар жасады. Сондай-ақ әртүрлі конфессиялар арасындағы ынтымақтастықты арттыру ісінде жас буынның рөлі және қазіргі таңда өзара түсіністік пен үйлесімділікті нығайту­да мәдениетаралық құндылықтардың маңызы сөз болды.

Іс-шара соңында «Бейбіт өмір – жастар таңдауы» атты қорытынды коммюникенің жобасы таныстырылды. Құжатта қазіргі жаһандық сын-қатерлерді еңсеруде конфессияаралық диалогтің рөлі аса маңызды екені айтылған. Сондай-ақ онда жас көшбасшылар толеранттылық, әділеттілік және ынтымақтастық қағи­даттарына табан тіреген жарқын болашақ құруға өз күш-жігерін жұмсауға дайын екені жазылған. Коммюникеде халықтар мен діндер арасындағы өзара түсіністік, мейірімділік және ынтымақтастық мұраттарына жас діни лидерлердің бейіл екені де көрсетілген.

II форум жастардың съезге және жаһандық дінаралық күн тәртібін талқы­лауға қатысуының маңызы жоғары екенін айқын дәлелдеп берді. Ал іс-шараның нәтижесі аталған алаң инклюзивті, бейбіт және орнықты қоғам қалыптастыру жолында рухани дипломатияның тиімді тетіктерінің бірі екенін нақтылай түсті.

Айта кетейік, үш жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде Мемлекет басшысы форум қызметін жетілдіруге арналған өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін әзірлеуді ұсынған еді. Бұл бастамаға делегат­тар бірауыздан қолдау білдірді. Осыған байланысты жаңа көзқарас пен заманауи шешімдердің символы және ушыға түскен жаһандық проблемаларға жа­уап ретінде Жас діни лидерлер форумын өткізу қолға алынды.

 

Адамзаттың ортақ мүддесі

Тәуелсіздік сарайындағы алқалы жиында арнайы секциялық отырыс­тар да ұйымдастырылды. Оның аясында діннің адамзатты ортақ мүддеге жұмылдырудағы рөлін және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселе­лерін талқылады. Сондай-ақ дін көшбас­шылары цифрлық және жасанды интеллект дәуірінде дін мен рухани құнды­лық­тардың бітімгершілік әлеуетін одан әрі дамыту жөнінде пікірлерін ортаға салды.

Бірінші секция «XXI ғасырда адамзатты жұмылдырудағы діндердің рөлі» тақырыбына арналды. Мұнда спикерлер дін әркімнің сенімі мен рухани қажеттілігін қанағаттандыру үшін ғана емес, адамзаттың ынтымағын арттыруға бағытталғанын жеткізуге тырысты. Яғни әртүрлі дін өкілдері, зерттеушілер, құқық және гуманитарлық саясат саласының мамандары діндер арасындағы өзара байланысты күшейтуде конструктивті тәсілдерді анықтап, ортақ бастамаларды дамытуды көздеді.

Спикерлер қазіргі уақытта әлемде түрлі қиындықтар көбейіп, қоғамда бөлінушілік пен халықаралық жанжалдар күшейіп жатқан кезде, діндер адамдарды біріктіретін, қолдайтын және көмек­те­сетін маңызды күшке айналып отырғанын айтты. Осы орайда Словакиядан келген делегат, еуропалық саясаткер Ян Фигель әр азамат жауапкершілік алуы керек екенін, әрқайсысы өз деңгейінде кез келген мәселеге әсер ете отырып, ізгілікке бағыттай алатынын айтты.

– Көпшілігі еркіндікті қалайды, бірақ оның талаптарын орындауда жауапкершілік таныта бермейді. Адамдар тіпті өздерінің құқықтарын түсінбейді – бұл баршамызға ортақ өткір мәселе. Құқық пен бостандық міндетпен қатар жүруге тиіс. Жауапкершіліксіз еркіндік тұрақтылық әкелмейді. Мысалы, балаға тек еркіндік беріліп, міндет жүктелмесе, ол тәртіпсіз болуы ықтимал. Яғни баланы тәрбиелеу арқылы біз қоғам алдындағы жауапкершілігімізді орындап отырмыз. Тек қоғамдық емес, діни, азаматтық жауапкершілігімізді күшейту керек. Барлығы әділеттілікке, төзімділікке және адалдыққа негізделуі қажет. Қазіргі әлемдегі соғыс, геноцид жағдайлары адам құқықтарының өрескел бұзылып отырғанын көрсетеді. Біз бұл зұлматтарға қарсы халықаралық келісімдерге қол қойсақ та, оларды толық орындай алмай келеміз. Съезде жиналған көшбасшылардың мақсаты – әлемнің әр бұрышында ішкі және қоғамдық тұрақтылыққа, сенім мен бейбіт өмірге қол жеткізу. Сондықтан біз жауапкершілігімізді сезініп, құқық пен міндеттерді тең ұстану арқылы адамзат­тың бірлігін нығайтуға бар күшімізді салуымыз керек, – деді саясаткер.

Ал екінші секция «Діндер – әлемнің тұрақты дамуының факторы» тақы­рыбында өтіп, түрлі елдерден келген дін лидерлері мен сарапшылар қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында ынтымақ пен бейбітшіліктің маңызын талқылады. Басқосуда діндердің миссия­сы, дінаралық ынтымақтастық күшейту жөнінде қалам сермеп жүрген бразилия­лық жазушы Освальдо Конде қоршаған ортаға жауапкершілікті рухани және этикалық міндет ретінде қарастыру керек деген ой тастады.

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тіпті бір ғана жәндікке қарсы жасалған әрекет үшін де адам жауапты болатынын ескерткен. Мұның терең этикалық әрі моральдық мәні бар. Себебі табиғаттағы әрбір тіршілік иесімен қарым-қатынасымыз біздің рухани және адамгершілік болмысымызды көрсетеді. Біз – бір ғаламшарда өмір сүріп жатқан қауымбыз. Сондықтан табиғатқа деген жауапкершілік те ортақ. Қазіргі таңда діни және рухани көшбасшылар әлемде өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтып, экологиялық тұрақтылықты насихаттауға міндетті. Христиандарда да адам сөздері мен ойлары арқылы да жауапкершілік арқалайды, демек табиғатқа немқұрайлы қарау әрекетсіздік пен күнә саналады. Әр діннің парызы әлемнің тұрақты дамуы жолында табиғатпен үйлесімде өмір сүру екенін түсіндіру, – деді О.Конде.

Бразилиялық спикердің сөзін жалға­ған Президенттің кеңесшісі – Прези­д­ент­тің халықаралық экологиялық ынты­мақ­тастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова тұрақты даму мен климат­тық жауапкершіліктің жаһандық күн тәртібіндегі рөліне ерекше назар аударды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларында экология мәселесі айрықша маңызға ие. Қазіргі таңда климаттың өзгеруі тек экологиялық емес, сонымен қатар жаһандық қауіп­сіз­дікке, әлеуметтік тұрақтылыққа және ұлттық бірегейлікке тікелей әсер ететін күрделі факторға айналып отыр. Қазақстан бидай өндірісі бойынша әлемде жетекші орындардың бірін иеленеді. Алайда климаттың өзгеруіне байланыс­ты алдағы жылдары жаһандық деңгейде бидай өндірісі шамамен 49%-ға қысқаруы мүмкін деген болжам бар. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін елеулі қатер. Азық-түлікке қолжетімділік бүгінде тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Президент бұл мәселенің тек ұлттық деңгейде ғана емес, жаһандық маңызға ие екенін атап өтті. Сондықтан стратегиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біз кешенді және жүйелі шаралар қабылдауға тиіспіз. Осы орайда діни және әлемдік көшбасшылардың рөлі ерекше. Өйткені қазіргі заманғы әлем – өзара тығыз байланыстағы күрделі жүйе. Демек тұрақты даму мәселесіне тек әлеуметтік не экономикалық тұрғыдан ғана қарауға болмайды. Бұл – өзара ықпалдасқан, көпсалалы кешенді үдеріс. Сондықтан бұл бағыттағы прогресс барлық мүдделі тараптардың – мемлекеттер басшыларының, діни жетекшілердің, азаматтық қоғам өкілдерінің және халықаралық ұйымдардың бірлескен күш-жігерін талап етеді. Тек осылай ғана біз тұрақты, қауіпсіз және әділетті болашаққа қол жеткізе аламыз, – деді З.Сүлейменова.

 

Цифрлық технология және рухани жауапкершілік

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде технологиялар дәуіріндегі құндылықтар тақырыбы кеңінен талқыланды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жасанды интеллект жөніндегі басқарушы директоры Алексей Самойлов ЖИ-ді көмекші құрал ретінде ізгі мақсатта пайдалануға болатын тұстарын атады.

– Жасанды интеллект – құпияға толы болмыс та, табыну нысаны да емес, ол адамға қызмет ететін инженерлік ойдың жемісі ғана. Оның пайдасы да ұшан-теңіз. Мәселен, технологиялар қасиетті мәтіндерді аударуға, өзара түсінуге, дәстүрлер мен құндылықтарды зерттеуге көмектесетіні анық. Көне қолжазбаларды цифрлау, жоғалған мәтіндерді қалпына келтіру, ауызша мұраларды жинақтауда да көмекші құрал бола алады. Оның үстіне, ЖИ интернетті жайлаған экстремистік материалдар мен зорлық-зомбылыққа шақыратын үндеулерді жедел анықтауға мүмкіндік береді. Яғни арнайы бекітілген алгоритмдер ақпарат ағынын жедел талдап, ықтимал қауіп-қатерді болжайды, ескертеді. Бірақ жасанды интеллект зұлымдықты өздігінен жеңе алмайды, оған арнайы тапсырма жүктейтін тірі жан қажет, – дей келе Алексей Самойлов араб елінің тәжірибесінен де мысал келтірді.

Спикер осыдан бірнеше жыл бұрын Дубайда пайда болған «Кибер-Мүфти» жобасының мықты әрі осал тұсын ашып айтып берді.

– Бұл – әлемде алғаш рет мемлекеттік деңгейде құрылған, жасанды интеллект негізінде діни сұрақтарға жауап беретін қызмет түрі. Оның мақсаты – жастарды интернеттегі радикалды уағызшылардың ықпалынан қорғау. Ресми чат-ботқа сұрақ қойған адам дәстүрлі исламға негізделген жауап алады. Алайда ЖИ күрделі сұрақтар туындаса, дәрменсіз болып шықты. Тіпті кейбір ғалымдар жобаның осы дәрменсіздігін сынады. Олардың айтуынша, компьютер адамның өмірлік жағдайын түсінбейді, жүрегінде не барын сезбейді. Сондықтан бұл қоғамның радикалдануымен күресте түбегейлі шешім бола алмайды деп отыр. Дегенмен ЖИ-ді сенімнен алыстататын күш деп қарастыруға болмайды. Тек біздің жасанды интеллектіге қандай сұрақ қоятынымыз маңызды. Егер са­уал мағынасы тұрғысынан терең болса, сенімімізді нығайтатын жауап іздесек, мұндайда дұғаға немесе ұстазға жүгіну дұрысырақ. ЖИ біздің дүниетанымымыз­ды қалыптастырмайды, тек бар білімді көрсетеді. Оны қалай қабылдау – біздің шешіміміз, – деді А.Самойлов.

Әлемдегі геосаяси ахуал күрделі кезеңде діндердің бейбітшілік орнату­дағы рөлі айрықша мәнге ие. Өйткені қазір жаһанда діни және этника­лық төзбеушілікке негізделген зорлық-зомбылық, экстремистік идеология­лардың таралуы және өшпенділік тілінің күшеюі алаңдаушылық тудырып отыр. Осыған орай сьездің төртінші секциясы «Сенім экстремизмге қарсы: діндердің бітімгерлік әлеуеті» тақырыбында өтті.

Отырыс аясында рухани диплома­тияның қақтығыстардағы әлеуеті, діни экстремизмнің қауіптері, діни және халықаралық ұйымдардың терроризммен күрестегі орны, бейбіт өмір сүруге үндейтін діни білімнің маңызы және өшпенділік тіліне қарсы күрестегі БАҚ пен әлеуметтік желілердің ықпалы сияқты маңызды мәселелер қарастырылды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай диалог алаңын ұйымдастыруға бастамашылық жасауы тегін емес. Қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір қызметін атқарып келеді. Бұл сьезд Қазақстанның әлемдегі ынтымақтастық пен бейбітшілік саясатының айнасы десе болады. Қазіргі күрделі кезеңде діни көшбасшылардың бір үстелде бас қосуы, қайшылықтарды бейбіт жолмен шешуге деген ықтиярлығын көрсетеді. Ислам діні зұлымдықты емес, бейбітшілікті қолдайды. Қазақ халқы да – болмысынан ымырашыл, бірлік пен татулықты қолдаушы ел. «Ұйымдасқан ұтады, ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деген даналық сөзді ардақтай отырып, жер бетін ортақ үйіміз деп санап, оның бейбіт өмірін бірге қорғауымыз қажет. Алқалы жиын жаһандық деңгейде адамзатты бірлік пен татулыққа шақыратын маңызды алаңға айналып отыр. Осы орайда экстремизм мен терроризмнің шынайы дінге қатысы жоқ екенін тағы да баса айту керек, – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы.

Секция спикерлері әлемдегі қақтығыстардың себептері көпқырлы екенін, террорлық әрекеттер отбасылық мәселелерден бастап экономикалық жағдайларға дейін әсер ететінін айтты. Сондай-ақ олар дін де осы мәселелердің бір бөлігі болғанымен, оның өзі ғана шешім болмайтынын жеткізді. Қорыта келе, бірауыздан кешенді тәсіл ұсынуды, ол білім беру, әлеуметтік қолдау және халықаралық ынтымақтастық арқылы жүзеге асырылуға тиіс деп түйіндеді.

Рухани дипломатияға ғылыми тәсілді интеграциялаудың нәтижесі ретінде «Бүгінгі мәдениетаралық және дінаралық диалог» атты сараптамалық дөңгелек үстел ұйымдастырылғанын да атап өткен жөн. Іс-шарада академиялық ортаның, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың, діни бірлестіктердің өкілдері және басқа да мүдделі тараптар климаттың өзгеруі, көші-қон, гендерлік аспектілер, адам құқықтары мәселелерін талқылап, жаһандық сын-қатерлерді еңсеру жөнінде ұсыныстар жасады. Қатысушылар атап өткендей, мұндай синергия дипломатиялық әлеуетті арттырады және бейбіт, әділ, тұрақты әлем құруға ықпал етеді.

Сонымен қатар «Әл-Азһардың» Жоғарғы имамы шейх Ахмед әт-Тайебтің «Ислам дініндегі негізгі ұстанымдар» атты қазақ тілінде жарық көрген кітабы көпшілікке таныстырылды. Онда сенім, мораль және этика сияқты құндылықтар қазіргі заманғы діни-философиялық көзқарастар тұрғысынан талданған.

VIII съезд алаңында Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев «Әл-Азһар» Жоғарғы имамының орынбасары, доктор Мұхаммед Абдурахман ад-Дуайнимен кездесті. Жүздесуде съезд хатшылығы мен ислам әлеміндегі маңызды білім беру, ғылыми және рухани орталықтарының бірі «Әл-Азһар» университеті арасындағы ынтымақтастықты арттыру мәселесі сөз болды. Одан бөлек, теологиялық білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы бірлескен бастамаларға ерекше мән берілді.

Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кристоф Камппен екіжақты кездесу өткізді. Сұхбат кезінде тараптар Ұйым аясындағы ұлтаралық қатынастар мен өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Жалпы, еліміздің бейбітсүйгіш бол­мысын айшықтай түскен бұл халықара­лық жиын алғаш құрылған күннен бас­тап бүгінге дейін талай тақырыпты таразыға тартты. Әрі заман талабына сай трансформациядан өтті. Сөйтіп, қазақ елінің  жаһандық сенім бастамасы баянды жүзеге асып, барлық дін өкілі асыға күтетін дәстүрлі алаңға айналды.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»