Білім • Бүгін, 08:15

Колледж түлектеріне сұраныс жоғары

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елімізге жоғары білікті, кәсіби даярлығы мықты жұмысшы мамандар қажет екенін айрықша атап өтті. Өйткені оларсыз еңбек нарығын елестету тіпті де мүмкін емес.

Колледж түлектеріне сұраныс жоғары

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әрі оқиды,әрі еңбек етеді

Осы құрыш білек мамандарды даярлайтын колледждер көбіне университеттердің тасасында қалып қояды. Ал шын мәнінде, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен қызмет көр­сету салаларында нағыз шебер маманға деген сұраныс ешқашан азайған емес. Жалақысы да кейбір жоғары білімді қызметкерлерден кем түспейді. Қоғамда жұ­мыс­шы ма­ман­дығына деген көз­қа­рас өзгерсе дейміз. Сонда ғана жастардың да осы салаға қызығу­шылығы арта түспек.

Қазір елімізде 772 колледж жұ­мыс істейді, онда 550 мың студент оқи­ды. Биылғы оқу жылынан бас­тап 9-сы­нып­тар­дың түлектері сұра­ныс­қа ие мамандықтар бойын­ша те­гін білім алады. Бұл ретте мем­ле­кет­тік тапсырыстың 70%-ы тех­ника­лық мамандықтарға бағыт­талған.

Саладағы тағы бір маңызды жаңалық – дуалды оқыту жүйесі­нің кеңінен енгізіліп жатқаны. Осы арқылы студент теория­ны меңгеріп қана қоймай, кәсіп­орын­да нақты тәжірибеден өтеді. Оқу үдерісі екі ортада, яғни колледж бен өндірісте қатар жүреді. Мұның бірнеше артықшылығы бар. Атап айтсақ, теория мен тәжірибе қатар меңгеріледі.

Студент алған білімін бірден іс жүзінде қолданып, кәсіби дағдысын шыңдайды. Одан бөлек, студенттің жұмысқа бейім­делуі жеңіл болмақ. Өйткені білім алушы оқу барысында-ақ еңбек тәртібі мен өндіріс мәдениетіне үйренеді. Содан соң түлектің еңбек өтілі болады. Колледж бітірген кезде қолында тәжірибесі бар маман ретінде жұмысқа орналасады. Бұл жүйе жұмыс берушіге де тиімді. Өйткені кәсіпорын өзіне қажетті маманды алдын ала даярлап, болашақ кадр қорын жасақтайды. Көптеген мекеме тәжіри­беден өтушілерге еңбекақы немесе шәкіртақы төлеп отырады. Осылайша, дуал­ды оқыту – «оқи жүріп, жұмыс істеудің» тиімді жолы. Ол түлектің еңбек нары­ғына дайын болуын ғана емес, жұмыс берушінің де сенімін арттырады.

«Қазір колледждердің 72%-на  дуал­ды оқыту енгізілді. Дуалды оқытуға
18 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары 130 мыңнан астам колледж студенттеріне тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді», деді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Ғарифоллаұлы.

Иә, қолынан іс келетін адамға еңбек нарығында әрдайым орын бар. Техно­логия дамығанымен, адам қолының ше­берлігі мен кәсібилігіне сұраныс еш­қашан төмендеген емес. Жас мамандар жоғары жалақы төлейтін, тұрақты жұмысы бар кәсіпті меңгеруге ұмтылады.

Астана қаласындағы Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры Бірлік Еркінұлының айтуынша, жастарды еңбекке ерте араластыру олардың кәсіби тұрғыда тез жетілуіне және нарықта өз орнын табуына зор мүмкіндік береді.

«18 жасқа толған студенттер үшінші курстан бастап өндірістік тәжірибеге шығып, айына 300 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Бұл колледждегі маман­дықтарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Тіпті кейбір компания­лар үздік студенттерді іріктеп, бірден жұ­мысқа қабылдаса, кей жағдайда бүкіл топты толықтай жұмысқа алады. Мәсе­­лен, 2023 жылы түлектердің 80%-ы, өт­кен жылы 83,5%-ы, ал биыл 84%-ы тұ­­рақ­­ты жұмысқа орналасқан. Жалпы, кол­­­­­леджге жыл сайын шамамен 550 студент қа­былданады.
2023 жылы – 554, былтыр – 559, ал осы жылы 575 студент қабылданды. Оқу үдерісінің ерек­­­шелігі – бірінші курста студенттер не­гізінен мектеп бағдарламасындағы пән­дерді меңгеріп, екінші семестрден бас­­­тап кәсіби бағыттағы сабақтарға кө­ше­­ді. Бұл кезеңде олар мамандықтың қыр-сы­рымен танысып, қай салада жұ­мыс істей алатынын анықтайды», дейді ол.

Колледж басшысының айтуын­­ша, жоғары курсқа өткен соң, 18 жасқа тол­ған студенттердің көбі нақты өн­­­­дірістік тәжірибеге шығады. Мәселен, колледж студенттері Астана жол дистанциясында тәжірибеден өтіп, кейін тұрақты жұмысқа орналасып жатқан көрінеді. Тәжірибе кезеңінде алғашқы айда 150 мың теңге, келесі айда 300 мың теңгеге дейін еңбекақы алады. Осылайша, стипендиясымен қоса есептегенде студенттің айлық табысы 350 мың теңгеге жетеді. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Себебі олар оқу орнында жүріп-ақ тұрақты табысқа қол жеткізіп, өз мамандығы бойынша еңбек жолын ерте бастайды.

ыы

 

Жастарды қанаттандыратын бағдарлама

Астанадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің түлегі
Ерке­бұлан Серікбайұлының айтуынша, колледжде алған білім мен тәжірибе түлектерге бірден еңбекке араласып, тұрақты табыс табуға жол ашады.

«Бала кезімнен наубайшылыққа қызығып, осы салада өзімді жетілді­ріп келемін. Қазір студенттерге нан өнім­дерін әзірлеуді үйретемін. Кол­леджде алған білімімнің арқасында Швей­цария, Польша, Италия, Түркия сияқты елдерде өткен байқауларға қаты­сып, жүлделі орындарға ие болдым. Әлемнің жеті мемлекетін шарладым. Қазір шәкірттерімді халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындап жатырмын. Бұл мамандық ешқашан сұранысын жоғалтпайды. Мәселен, біздің түлектер оқуын аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасып, 500 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Ал жаңа технологияларды меңгергендер бұдан да көп табыс таба алады. Ең бас­тысы – колледж тек білім беріп қана қоймай, өндірісте тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасайды. Сондықтан бүгін колледжге келген жас – ертең тұрақты жұмысы бар, кәсіби маманға айналады», дейді ол.

Тіпті елімізде колледж студенттерін қолдайтын жақсы бағдарламалар да баршылық. Бұған Астана қаласындағы Жоғары көлік және коммуникация колледжіне барған сапарымызда анық көз жеткіздік. Білім алушылармен сұхбаттасу барысында Бүркіт Ерасыл есімді студент кол­ледждегі мүмкіндіктер туралы айта келіп, «Басқалар 41 000 теңге стипендия алса, біз ай сайын
80 000 теңге шәкіртақы аламыз. «Жарқын болашақ» бағдарламасы төртжылдық оқуымызды толық қамтамасыз етеді. Өзім Маңғыстаудан келдім. Жатақхана да тегін. Жол шығынын да жіберуші тарап көтереді», деген еді.

Аталған бағдарламаның жетекшісі Назерке Дабылдың айтуынша, колледж 9-сыныпты аяқтаған оқушыларға сапалы білім алып, таңдаған мамандығы бойынша жақсы тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

«Колледж – жастар үшін нағыз әлеу­меттік баспалдақ. Студенттер қысқа уақытта ма­мандық алып шығып, өз болашағы­на сенімді қадам баса алады. Бірінші курстан бастап-ақ тәжірибеге араласып, түрлі жұмыс орындарында өздерін сынап көреді, жауапкершілікке  үйренеді. Колледждің артықшылығы сол, балаларға түрлі бағытта дамуға мүмкіндік береді, яғни біреулер бірден еңбек нарығына шығады, енді бірі жоғары оқу орнында білімін жалғастырады. Бұл жастар үшін де, еңбек нарығы үшін де тиімді деп ойлаймын. Қазір «Жарқын болашақ» бағдарламасы аясында мыңға жуық бала еліміздің үздік колледждерінде білім алып жатыр. Былтыр және биыл екі жүзден аса түлек оқуын тәмамдады. Олардың жартысы жұмысқа орналасса, қалғаны жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып жүр. Кейде университет бітірген жастар ұзақ уақыт жұмыс таба алмай жүреді. Ал біздің балалар кураторлардың көмегімен жұмысқа орналасып, кәсіби дамуға мүмкіндік алады. Бағдарламаға қатысушылар арасында техникалық және IT-мамандықтарға сұраныс ерекше. Биыл «Жарқын болашақ» бо­­йынша оқуға түскен талапкерлердің 80%-ы техникалық мамандықтарда білім алмақ», дейді Назерке Дабыл.

Бүгінде бағдарлама бойын­ша елі­міз­дегі 60-тан аса колледжбен екіжақты мемо­ран­­дум қабылданған. Назерке Дабыл­дың айтуынша, оқу орындары жұмыс беру­шілермен жақсы байланыс орнат­қан, студенттерді бірінші курстан бас­тап тәжірибеге жіберіп, оқу озаттарына мықты кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар

Оралу: рух күші

Руханият • Кеше

«Алисаның» қазақша нұсқасы

Ғалам ғажаптары • Кеше