Қоғам • Бүгін, 08:48

Комиссияның кезекті отырысы

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Игорь Роговтің төрағалығымен өткен іс-шарада азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар өзекті мәселе қаралды.

Комиссияның кезекті отырысы

Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Азаматтардың конституция­лық құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау жүйесіндегі әкімшілік сот ісін жүргізудің рөлі туралы баяндама жасады. Ол еліміздегі жүргізілген әкімшілік реформа тиімділігін дәлелдегенін, бұл бағыттағы Мемлекет басшысының тапсырмасы сәтті орындалғанын атап өтті.

Баяндамашы әкімшілік рәсім­дер мен сот ісін жүргізу бірқатар қағидатқа сүйенетінін, ол қағидаттар азаматтардың мүдделер теңгерімін сақтауға, әлсіз тараптың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айта келіп, кейінгі бес жылда еліміздің әкімшілік соттарында 124 мыңнан аса талап-арыз түскенін, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қабылданғанға дейін азаматтар мен бизнес өкілдері істердің небәрі 15%-ын ғана ұтатын болса, бүгінгі бұл көрсеткіш 60%-ға жеткенін, бұл қадам «соттар үнемі мемлекеттік органдарды жақтайды» деген теріс стереотипті өзгертуге мүмкіндік бергенін алға тартты.

– Биылғы наурыз айынан бастап әкімшілік істер бойынша аумақтан тыс соттылық енгізілді. Ол талапкердің таңдауы бойынша жүзеге асады және жауапкердің келісімін қажет етпейді. Бұл шешім ең алдымен жергілікті соттардың бейтараптылығына қатысты күмәндерді жоюға әрі сотқа деген сенімді арттыруға бағытталған. Сонымен қатар осы жыл­дың 1 шілдесінен бастап жұмысын бас­таған қылмыстық, азаматтық, әкімші­лік соттардың кассациялық сатысының жұмысына ерекше назар аударылды, – деді А.Мерғалиев.

Сонымен қатар А.Мерғалиевтің түсіндіруінше, еліміздегі кассациялық шағымдарды қарау тәртібі бірыңғай­ланған. Алдын ала іріктеу алынып таста­лып, азаматтардың кассацияға тікелей жү­гінуіне қол жеткізілген. Барлық шағым сот отырысында тараптардың қатысуы­­­мен алқалық түрде қаралады. Қыл­мыс­­тық және азаматтық істерді касса­­ция­­­лық сатыда қарау мерзімі ӘРПК-ге сәйкес алты айдан аспайды. Бұл ретте сот шешімдерінің орындалу уақы­­­тын созуды болдырмауға мүмкіндік береді.

Спикер әкімшілік реформа нәти­жесінде 15 мыңнан аса іс тараптардың татуласуымен, 29 мыңға жуық іс талап қоюды қайтарып алумен аяқталғанын айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу жағдайын жақсарту бойынша тапсырма бергенін, қазір инвестициялық қызметке байланысты инвесторлардың талап қоюларын Астананың соттары қарайтынын (ӘРПК-нің 102-бабының 3-бөлігі, АІЖК-нің 27-бабының 1-2-бөлігі), ӘРПК қолданысқа енгізілгеннен бастап Астана соттарына осы тектес 1000-ға жуық талап қою келіп түсіп (999, оның ішінде: МАӘС – 482, МАЭС – 517), елорданың әкімшілік соты шешімдердің 83 пайызы  инвесторлардың пайдасына шешілгенін, ақшалай баламамен есептегенде 100 млрд теңгеге жуық сомаға инвесторлардың құқықтары қорғалғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар іс-шара барысында комиссия жанындағы Сараптамалық кеңес жұмысының тиімділігі де қаралып, KazGUU университетінің ректоры Мәжит Нәрікбаев, Сараптамалық кеңес төрағасы Сергей Пен сөз сөйледі.

Отырыстың қорытындысы бойынша төрағалық еткен Игорь Рогов комиссия мүшелері мен шақырылған сарапшыларға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы жұмысты жалғастыру бойынша бірқатар ұсыныс берді.

Соңғы жаңалықтар

Оралу: рух күші

Руханият • Кеше

«Алисаның» қазақша нұсқасы

Ғалам ғажаптары • Кеше