
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жиында сөз алған Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов аталған бағдарлама бойынша тәрбие жүйесі мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталғанын айтты. Ол баяндағандай, бағдарлама 2023 жылы қанатқақты режімде басталып, 2024 жылы толықтай білім беру ұйымдарына енгізілді. Қазіргі уақытта еліміздегі 11 мыңнан аса балабақша, 8 мыңнан аса мектеп және 700-ден аса колледж осы бағдарламамен жұмыс істеп жатыр.
«Алғаш рет бағдарлама жекеменшік мектептер үшін де міндетті болмақ. Бұл тәрбие жұмысының ел көлемінде бірізді стандартпен жүргізілуіне, барлық оқушыға тең орта қалыптастыруына мүмкіндік береді. Өңірлерде жекеменшік мектеп мұғалімдеріне арналған оқыту семинарларының сериясы ұйымдастырылды. Бүгінде 800-ге жуық жекеменшік мектептен 23 мыңнан аса педагог оқытылды. «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қамқор» жобасы – балалардың бойында жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Биыл осы жобаға 3 миллионнан астам оқушы қатысып, ел көлемінде аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстарын атқарды. Сонымен қатар 185 мыңнан аса түлек «Ағаш отырғызу» челленджіне қосылып, келер ұрпаққа жасыл желекті мұра етіп қалдырды. Жобаның үздік экологиялық бастамалары Мемлекет басшысына таныстырылды», деп атап өтті.
Спикердің сөзіне сүйенсек, білім алушылардың мәдени-танымдық көкжиегі де кеңейіп келеді. «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханаларының қоры 2 миллионнан астам жаңа туындымен толықты. «Балалар кітапханасы» жобасы аясында ұсынылатын әдебиеттер тізімін толықтыру туралы Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің бірлескен бұйрығы бекітілді, оған 2 580 әдебиет атауы енгізілді. Мектеп кітапханаларының қоры көркем әдебиетпен толықтырылып, қазіргі таңда 141 млн данадан асты. Бірқатар мектепте күн сайын 20 минуттық міндетті оқу дәстүрі енгізілді. Сондай-ақ ел көлемінде 440 заманауи коворкинг-орталық ашылды.
«Бұған қоса елімізде ата-аналар комитетінің жұмысы қайта жасақталады. 2023 жылдан бастап барлық білім беру ұйымында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ата-аналардың оқу-тәрбие үдерісіне қатысу деңгейі үш есеге артқан. Қазір ата-аналар комитеттерін трансформациялау жұмысы жүріп жатыр, ал қараша айында «мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығын нығайтудың жаңа алаңына айналатын алғашқы Республикалық форум өтеді. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі тарапынан нақты шаралар жасалды. Ата-аналар комитеттерінің төрағалары, сынып жетекшілері, директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Өркен» ұлттық балалар әл-ауқаты орталығының сарапшылары қатарынан жұмыс тобы құрылды», деді Е.Қалмақов.
Брифингте баяндама жасаған Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова бағдарламаның сапалы іске асырылуына әдістемелік қолдау көрсету мақсатында әдістемелік құралдар әзірленгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл құралдар мектептердегі директордың тәрбие орынбасарларына, сынып жетекшілерге қолжетімді. Өткен оқу жылында тәрбие жұмысын ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін талқылау, тәжірибеде тиімді қолдану жолдарын анықтау үшін білікті ғалымдар, тәжірибелі педагогтер мен қоғам белсенділері қатысты.
«Әр тоқсан сайын мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері және ата-аналар арасында сауалнамалар жүргізілді. Сауалнама тәрбие жұмыстарының нақты, объективті жай-күйін зерделеуге мүмкіндік берді. Былтырғы оқу жылында 4 мыңға тарта тәрбие орынбасары, 50 мыңнан аса сынып жетекшісі мен 300 мыңға жуық ата-ана сауалнамаға қатысып өз пікірлерін білдірді. Сауалнама нәтижесі жалпы ел көлемінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы оң көрсеткіштермен іске асырылып жатқанын көрсетіп берді. Солтүстік Қазақстан (77%), Қостанай (75%), Ақтөбе (75%) облыстарында, Шым-кент (74%) қаласында Бағдарламаның білім алушылардың мінез-құлқына оң әсері жоғары болды. Павлодар (86%), Ақтөбе (76%), Қостанай (77%), Жетісу (74%) өңірлерінде Бағдарлама оқушылардың белсенділік деңгейінің артуына ықпал етті. Сауалнамаға қатысқан ата-аналар бағдарламаға оң көзқарасын білдірді және оның аясында мектеппен бірлесіп жұмыс істеуге ынталы екені анықталды Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарын құру нәтижесінде мектеп өміріне тартылған ата-аналардың үлесі 42%-дан 82%-ға дейін өсті», деді А.Тәңірбергенова.
Академия өкілінің сөзіне қарағанда, өңірлерде жекеменшік мектеп мұғалімдеріне арналған оқыту семинарларының сериясы ұйымдастырылды. Бүгінде 800-ге жуық жекеменшік мектептен 23 мыңнан астам педагог оқудан өтті. Астанада Қазақстан, Азия және Еуропадан келген профессорлардың қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, әлемдік сарапшылар «Адал Азамат: біртұтас тәрбие» атты бағдарламаға жоғары баға берді. Жалпы алғанда, «Адал азамат» бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылып, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға, ата-аналарды тартуға және оқушылардың құндылықтық дамуына нақты ықпал етіп отыр. Бағдарламаның әлеуеті халықаралық деңгейде мойындалып, оның жас ұрпақты үлкен өмірге дайындаудағы стратегиялық рөлі айқындалды.