
Тікелей байланыстың мәні зор
Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленовтің айтуынша, бұл ретте кооперативтер мен ауыл шаруашылығы одақтары диқан өнімін сатуға дәнекер бола алады. Кооперативтер, мемлекеттік немесе жекеменшік аграрлық маркетингтік орталықтар логистика, өңдеу, орау, сақтау қызметтерін атқара алады. Олар өндіруші мен сатып алушы арасында тікелей байланыс орнатуға көмектеседі.
«Шаруаға нарықтағы баға, сұраныс пен ұсыныс туралы деректер толық әрі дұрыс жетпейді. Соның салдарынан делдалдар өнімді арзан бағаға алып, тұтынушыға бірнеше есе қымбатқа сатады. Бұл – диқандардың табысын кемітеді, ал тұтынушылар үшін бағаны өсіреді. Делдалдарды тежеу үшін заңнамалық тұрғыдан делдалдық маржаны шектеу (шаруадан сатып алғаннан кейінгі үстеме бағаны реттеу), делдалдық қызметке лицензиялау немесе мемлекеттік бақылау енгізген жөн. Оған қоса, фермер мен тұтынушы арасын тікелей байланыстыру – тікелей сауда орындарын, арнайы фермер дүкендерін ашу керек, өйткені өнім тікелей ауылдан келеді», дейді Әкпар Мәуленов.
Дәнекердің міндеті қандай болмақ?
Өнімді сатудағы дәнекер – диқан мен тұтынушыны немесе сауда желілерін байланыстыратын, екі тарапқа да тиімді шарт жасайтын құрылым. Мұндай дәнекердің міндеті: сатып алушы табу мен нарықты зерттеу – қай өңірде қандай өнімге сұраныс барын анықтау, логистика ұйымдастыру – өнімді уақтылы жеткізу, сапаны бақылау – тауарды сақтау мен тасымалдау талаптарын орындау, бағаны тұрақтандыру – делдалдық үстемені шектеп, әділ баға ұсыну, транзакция қауіпсіздігі – төлемді уақтылы әрі толық аудару. Әкпар Қазәлиұлының пікіріне сүйенсек, әуелі қоймалар мен логистика мәселесін шешіп алған жөн. Ол үшін аймақтық қоймалар мен хабтар құру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы әр облыста заманауи қойма салу, температура сақтайтын салқындатқыш қойма, вакуумды сақтау жүйесін құру қажет.
Әсіресе ауылдарға логистикалық компаниялардың кіруін ынталандыру, кооперативтер арқылы бірлескен тасымал ұйымдастыру ісін жеделдеткен ләзім. Сондай-ақ қойма салуға, логистика техникасын алуға жеңілдетілген несие беріп, сақтау мен тасымалдауға арналған субсидия немесе салықтық жеңілдіктер енгізген жөн. «Егер осы шешімдер кешенді түрде жүзеге асырылса, фермер табысы артып, өнім бағасы тұрақталады, ауыл шаруашылығы дамиды деп сеніммен айтуға болады», деді ол.
Кооперативке біріккеннің ұпайы түгел
Түркістан облысы Мақтаарал ауданының диқаны Бахадір Қарысбекұлы біз көкөністі мол етіп өсіреміз, бірақ оны өткізу қиын дейді.
«Делдалдар бізден арзанға алады да, қалада екі есе бағамен сатады. Егер ауылдан қалаға дейінгі логистика мен сату орындарын мемлекет немесе кооперативтер қамтамасыз етсе, фермер де, тұтынушы да ұтар еді. Әйтпесе, қайта өңделуге тиіс көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар болса, олар өнімді бізден тікелей сатып алса тиімді болар еді», деген ойын айтты.
Агроэкономист Алпамыс Елмуратовтың пікірінше, бұл істегі ең тиімді модель – ауыл шаруашылығы кооперативтері мен фермерлік маркетингтік орталықтар құру. «Еуропа мен Түркияда фермерлердің өнімін өткізетін кооперативтер бар. Олар сақтау қоймасы, логистика, сауда орындары және онлайн сатуды бір жүйеге жинайды. Біздің елге де осы жүйені енгізу керек. Сонда фермердің табысы артып, тұтынушы сапалы әрі арзан өнім алады», дейді ол.