
Сурет: parstoday.ir/kz
Газа секторындағы өмірдің тозаққа айналғаны соншалық, азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы ушығып, ауруханалар отын мен қажетті ресурстардан біржола қол үзген. Бұл жағдай медициналық көмектің уақтылы көрсетілуіне кедергі келтіріп, жұқпалы аурулардың да таралу қаупін күшейе түсті.
Халықаралық ұйымдардың мәліметіне сүйенсек, секторда қақтығыс басталғалы бері 65 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты деген дерек бар. Көз жұмғандардың көбі – әйелдер мен балалар. Ал жарақат алғандар саны да аз емес, дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың тапшылығынан жаралыларға толыққанды көмек көрсете алмай, дәрігерлер де дәрменсіз күйде қалды.
Әлемдік қауымдастық та қос тарапты, әсіресе Израиль әскерін атысты тоқтатуға және гуманитарлық дәліз ашуға шақырып, барын салып жатыр. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдері соғысты тоқтатып, гуманитарлық көмекті бөгетсіз жеткізуді талап етті.
Соған қарамастан Газа секторындағы жағдай күн сайын ушығып барады. Әскери әрекеттердің күшеюі мен гуманитарлық дағдарыстың ауырлауы халықаралық қауымдастықтың шындап араласуын талап етіп отыр. Бейбіт тұрғындарды қорғап, қақтығысты тоқтатып, көмекке жол ашылмаса, Газадағы жағдай тіпті жантүршігерлік күйге түскелі тұр.
Осындай күрделі ахуалға алаңдап, тамыз айында өткен брифингтердің бірінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те кезекті мәлімдесін жеткізген. Онда ол Газа қираған үйінділерге, қаза тапқан денелерге толып жатқанын айтып, халықаралық құқықтың адам төзгісіз деңгейде бұзылып жатқанына мысалдар келтірген.
«ХАМАС пен өзге де топтар ұстап отырған тұтқындар босатылуға тиіс және олардың төзуге мәжбүр болған сұмдық қатыгездік әрекеттер тоқтатылуы керек. Мен ең алдымен тағы да тараптарды тұрақты бітімге, Газаға бет алған гуманитарлық көмектің жолын бөгемеуге, барлық тұтқынды дереу әрі шартсыз босатуға шақырамын. Бейбіт, бейкүнә халықты аштыққа ұшырату соғыс жүргізу әдісі ретінде ешқашан пайдаланылмауы керек. Азаматтар қорғалуға тиіс. Гуманитарлық қолжетімділікке еш кедергі болмауы қажет. Енді ешқандай сылтаудың, ешқандай кедергінің және ешқандай өтірік айтудың қажеті жоқ!» деп Антониу Гутерриш Таяу Шығысқа қарата қатқыл үн қатқан-ды.
Бұл мәселеде біздің ел де БҰҰ ұстанымын қолдап, халықаралық қауымдастықтың бейбіт бастамаларына қосылады. Жексенбі күні Қазақстан бірнеше елмен бірлесе халықаралық гуманитарлық құқықты сақтау бойынша үндеу жариялады.
Нақты айтсақ, Қазақстан, Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка Республикасының басшылары Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен (ХҚКК) бірлесіп, соғыс кезінде ізгілікті сақтауға шақыратын мәлімдеме жасады.
Өз мәлімдемесінде мемлекеттер басшылары бүкіл әлемдегі қақтығыстарда халықаралық гуманитарлық құқықтың (ХГҚ) кең ауқымда бұзылуына, оның салдарынан болып жатқан адамзаттық қасіретке алаңдаушылық білдірді. Олар барлық мемлекет пен қарулы қақтығыстардың тараптарын ХГҚ-ны, атап айтқанда, бейбіт тұрғындарды, азаматтық нысандарды, сондай-ақ медицина және гуманитарлық сала қызметкерлерін қорғауға қатысты нормаларды сақтауға шақырды. Сондай-ақ мемлекет басшылары келесі жылы соғыс кезінде ізгілікті сақтауға арналған жоғары деңгейдегі жаһандық кездесу ұйымдастырылатынын жариялады.
«Осыдан бір жыл бұрын біз ХГҚ-ға саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманы қолға алдық. Бізге зор жауапкершілік сезімі мен әлем куә болып отырған халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылуы толқынын тоқтату үшін шұғыл әрі батыл шаралар қабылдау қажеттілігі түрткі болды», делінген бірлескен үндеуде.
Осылайша, Әлем көшбасшылары соғыс кезінде ізгілікті сақтау үшін халықаралық гуманитарлық құқықты қорғау жолында бірікті.
«ХГҚ жөніндегі жаһандық бастама әлемнің қай жерінде болсын, барлық қарулы қақтығысты қамтиды, ол барлық қатысушы тарапқа арналған және ХГҚ-ның біркелкі әрі жаппай қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ онда Женева конвенцияларының ережелерін қорғау, сақтау және іс жүзінде қолдану жауапкершілігі, ең алдымен, мемлекеттерге жүктелетіні мойындалады», дейді мемлекеттер басшылары үндеуде.
Бұл мәлімдеме халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі Жаһандық бастаманы ілгерілету аясында жасалды. Бастама ХГҚ-ның неғұрлым қатаң сақталуын қамтамасыз ету бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеуге бағытталған және былтырғы 27 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясы аясында бастамашы алты елдің СІМ басшылығы мен ХҚКК кездесуі барысында жарияланды. Қазіргі уақытта бастамаға 89 мемлекет ресми түрде қосылды, ал 130-дан астамы жеті тақырыптық бағыт бойынша жаһандық және өңірлік консультацияларға қатысты.
Бірлескен мәлімдеме әлем жұртшылығын кеңінен хабардар ету мақсатында БҰҰ-ның алты ресми тілінде, сондай-ақ қазақ және португал тілдерінде жарияланды.
«Әлем халықаралық гуманитарлық құқықтың негізгі қағидаттарының үнемі және қасақана бұзылуына бейжай қарай алмайды. Біз бірлесіп, бүгінгі қарулы қақтығыстарға тән ойға сыймайтын және жол беруге болмайтын азап пен қиратуды тоқтатып, бұл қақтығыстарды бейбіт реттеу арнасына бағыттай аламыз», деп үндеуді түйіндеген бастамашы топ өзге елдерді де ХГҚ бойынша жаһандық бастамаға ресми түрде қосылуға, консультацияларға белсенді қатысуға және басқаларды да осы үлгіні ұстануға шақырып отыр.