
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, декларация негізінде жеңілдетілген арнайы салық режімі енгізіледі. Бұл талап табысы 600 мың айлық есептік көрсеткішке (шамамен 2,4 млрд теңге) дейінгі шағын және орта бизнес субъектілеріне арналып, әкімшілік жүктемені төмендетуге бағытталып отыр. Яғни есеп тапсыру жеңілдеп, аталған режімге жеке кәсіпкер ретінде міндетті тіркеусіз ауысуға мүмкіндік беріледі. Ал қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке (шамамен 40 млн теңге) дейін азайтылды. Сөйтіп, төлеушілер шеңбері кеңейеді. Сондай-ақ реформа есептілік көлемін 30%, ал салықтарды 20%-ға дейін азайтуды көздейді.
«Кәсіпкерлерден берешекті өндіріп алудың неғұрлым икемді әрі жұмсақ тәртібі қарастырылып отыр. Егер қарыз мөлшері аз болса, компаниялардың шоттары автоматты түрде бұғатталмайды. Бұл бизнеске операцияларды тоқтатпай, қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Қатаң шаралардың орнына алдын ала ескертулер мен хабарламалар жіберіледі. Кемшіліктер тек жүйелі түрде байқалған жағдайда ғана кезең-кезеңімен өндіріп алу тетігі енгізіледі. Мұндай қадам шағын және орта бизнеске қысымды төмендетіп, кәсіпорындарға орнықты жұмысты істеуге жол ашады», дейді О.Абдрахманов
Алайда кәсіпкерлер қауымдастығын алаңдататын жайттар бар. Ең басты мәселенің бірі – арнайы салық режімінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салықтық шегерімдерді қолдануға қойылған шектеулер. «Үй жанындағы дүкендер» желісінің өкілі Ләззат Досмағамбетованың айтуына қарағанда, бұл жаңа нормалар шағын бизнестің дамуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
«Корпоративтік табыс салығы мен шегерім – маңызды құралдар. Біз, жеке кәсіпкерлер, тұрғындарға, ЖШС-лерге өнім жеткіземіз. Егер жаңа кодекске сәйкес ірі бизнес бізден алынған тауарларды шегерімге қоса алмаса, олар бізбен жұмыс істеуден бас тартады. Мұндай жағдайда өнімдерді тек жеке тұлғаларға ғана сата аламыз. Ал бұл біздің табысымызды азайтады», деді Л.Досмағамбетова.
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың пікірінше, кәсіпкерлердің алаңдаушылығы негізсіз емес. Сол себепті, бизнестің өңірдегі ерекшеліктерін ескеру қажет.
«Атырау облысының кәсіпкерлері әрқашан заң аясында жұмыс істеуге ұмтылды. Заңнамалық нормалар шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болмауға тиіс. Салықтан жалтаруға қарсы күрес қажет. Алайда адал кәсіпкерлердің өсу мүмкіндігі шектелмеуі керек. Осы орайда жаңа ережелерде өңірлік ерекшеліктер, соның ішінде ірі ЖШС-мен тығыз жұмыс істеу мәселесі ескерілуге тиіс», дейді ол.
Атырау облысы