Оқиға • Бүгін, 15:40

Сержанттардың Бүкілармиялық XV байқауы өз мәресіне жетті

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің «Амандық» оқу орталығының базасында сержанттардың Бүкілармиялық XV сайысы аяқталды. Додаға түрлі әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтардан іріктеуден өткен тоқсанға жуық сержант қатысып, кәсіби және спорттық шеберліктерін сынға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сержанттардың Бүкілармиялық XV байқауы өз мәресіне жетті

Фото: Қорғаныс министрлігі

Жарыс сегіз кезеңнен тұрды. Әскери қызметшілер жеке және командалық есепте бақ сынап, жауынгерлік дайындық, дене шынықтыру, тактикалық және зияткерлік қабілеттері бойынша бағаланды.

Қазақстан Қарулы күштерінің Бас сержанты, шебер-сержант Темірбек Халықовтың айтуынша, биылғы байқаудың басты ерекшелігі – тактикалық медицина элементтерін қолдану.

«Биылғы жиынның ерекшелігі тактикалық медицина элементтерімен нақты ұрыс жағдайын модельдейтін сценарийлерді пысықтау, таулы немесе жоғарғы рельефті жерде бағдар табу, бөлімше құрамында ұрыс жүргізу болды», деді ҚР ҚК Бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов. 

«Айбын» әскери-спорттық көпсайысында Десанттық-шабуылдау әскерлері 48386 әскери бөлімінің сержанты Жандарбек Исабеков жеке есепте үздік шықты.

«Бағдар» номинациясында 14776 әскери бөлімінің аға сержанты Бекзат Әжіғалиев топографиялық картамен жұмыс істеу және марш кезінде бағдарлау бойынша жеңімпаз атанды.

Тактикалық медицинаға арналған «Жәрдем» кезеңінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 66597 әскери бөлімінің 2-сыныпты сержанты Алмат Аманбаев үздік атанды.

Кедергілер жолағынан өтуге негізделген «Қайсар» сайысында 18404 әскери бөлімінің сержанты Жандос Рақымғазы ерекше нәтиже көрсетті. Ол 15 келілік жүкпен 21 шақырымдық маршты 2 сағатта еңсеріп, рекорд орнатты. Зияткерлік жарыс «Білімпазда» Әскери полиция бас басқармасынан келген сержант Ермек Жүнісов жеңімпаз болды.

«Мерген» кезеңінде 14776 әскери бөлімінің сержанты Данияр Сапаралиев оқ ату бойынша үздік атқыш атанды. Ал «Керуен» тактикалық дайындық сайысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 30238 әскери бөлімінің сержанты Тілеубай Махамбетов жеңіске жетіп, «Жекпе-жекте» де қарсыластарынан оқ бойы озып шықты.

Жалпыкомандалық есепте Десанттық-шабуылдау әскерлерінің командасы топ жарса, екінші орын 14776 әскери бөліміне бұйырды. Үздік үштікті «Батыс» өңірлік қолбасшылығы түйіндеді. Байқаудың абсолютті жеңімпазы болып 18404 әскери бөлімінің сержанты Жандос Рақымғазы танылып, «Әскер тұғыры» атағын иеленді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, XV Бүкілармиялық байқау сержанттардың кәсібилігін айқындап қана қоймай, тәжірибе алмасуға, тактикалық машықтарын шыңдауға және жауынгерлік рухты көтеруге ықпал етті.

Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше