
Сурет: kapital.kz
Жалпы дебаттағы сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде қордаланған проблемаларға тоқталып, басты басымдықтарына назар аударды. Оларды еңсеру үшін жүйелі қадамдар мен тың тәсілдер ұсынды.
Барша жерлестеріміз Президентіміздің сөзін мақтанышпен тыңдады деп ойлаймын. Ол конструктивизммен, дәлдігімен ерекшеленеді. Басынан аяғына дейін бейбітшілік, толеранттылық пен диалог баяндаманың негізгі діңгегі болғаны көрініп тұр. Біздің қоғам үшін бұл қарапайым құндылықтар мен қағидаттар болғанмен, әлем оған зәру болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекет басшыларын келер ұрпақ алдында парасаттылық пен жауапкершілік танытуға шақырды. Халықаралық құқықтың бұзылуы «жаңа нормаға» айналған қазіргі жаһандық дағдарысқа енді көз жұма қарауға болмайды. БҰҰ басшылығымен жаңа ғаламдық тәртіп моделін бірге іздеуге оралған жөн. Әлемге сенім мен ашықтыққа негізделген жаңа консенсус қажет. Ол үшін мемлекеттердің бәрі бірігіп, БҰҰ-ны жан-жақты реформалауға кірісуі керек.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға жаһандық мәселелердің салдарымен күреспей, БҰҰ нақты құралдарға ие болып, дағдарыстардың алдын алып, бүкіл адамзаттың бейбіт дамуын қамтамасыз етуі керек екенін дөп басып айтты.
Әр бастама еліміздің барлық деңгейде және халықаралық алаңдарда жүргізіп жатқан байыпты, жете ойластырылған әрі бейбітсүйгіш саясаттың нәтижесі екені Президент сөзінің салмағын арттыра түсті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы БҰҰ мінберінен жаңа идеялар ұсынып, еліміздің ғаламдық сын-қатерлерді еңсеруге қатысты стратегиясы туралы айтып берді. Ол – климаттың өзгеруі, су тапшылығы, Арал мен Каспий теңіздерінің мәселелері, жасанды интеллектіні енгізу, энергетика мен ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты жайттар.
Бұл мәселелер Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының негізгі басымдықтарына айналғаны және оның үнемі назарында екені баршаға аян. Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен әрбір Жолдауы жоғарыда аталған бағыттар бойынша елді дамытуға арналған нақты шараларды қамтиды.
Әлем көшбасшыларының басын қосқан жиында жаһандық диалогтің басты тақырыптарының бірі цифрландыруға байланысты сын-қатерлер болды. Президент дәл осы тақырыпта әлемнің ең биік мінберінен сөз сөйлеген күні Мәжілістің «Жасанды интеллект туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдауының рәміздік мәні зор. Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленді. Біздің еліміз – әлемде мұндай заңды қабылдаған алғашқы елдердің қатарында. Ол әлемдік тәжірибе негізінде әзірленіп, қазіргі қоғамдағы үрей мен алаңдаушылықтың бәріне жауап береді. Жаңа заңның прогрессивтілігі мен дер кезінде қолға алынуы еліміздің әлемдік үрдістерге сай дамып отырғанын көрсетеді.
Ең бастысы, жаһандағы алмағайып жағдайда елімізде барлық өзгеріс халықпен бірге жүзеге асырылып жатыр. Біз дамудың демократиялық бағдарын тұрақты түрде күшейттік. Президенттің ауқымды саяси және экономикалық реформалары қоғамның санасын өзгертіп, азаматтардың барлық салада белсенділігін арттырып келеді. Біздің саяси жүйеміз одан әрі ашық болып, тиімділігі артып келеді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы толыққанды іске асты. Заң мен тәртіп қағидаты барлық деңгейде мүлтіксіз орындалып, заңға бағынатын азаматтардың мүддесін қорғайды. Реформалар жолындағы келесі маңызды қадам бір палаталы Парламент болуға тиіс. Ол елдің саяси өміріне қоғамның бұдан да белсенді араласуын күшейтеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының БҰҰ Жарғысын қайта қарау, орта державалардың халықаралық қатынастардағы рөлін күшейту, Қауіпсіздік Кеңесін жаңғырту, ядролық қаруға қарсы кешенді шаралар қабылдау, қазіргі ғаламдық сын-қатерлерді шешу сияқты нақты бастамалары жаһандық деңгейде егжей-тегжей талқыланады деп сенемін. Мұның бәрі бұрынғыдан да өзекті. Көптеген ел мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адам қазіргі әлемдік тәртіптің әділетсіздігімен бетпе-бет келіп, осы мәселелерге нақты әрі батыл жауаптар күтіп отыр. Бұл біздің планетамыздың болашағы үшін маңызды мәселе десек, артық айтқандық емес.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Парламент Мәжілісінің төрағасы