
Фото: egemen.kz/ Қырмызы Жұмағалиқызы
Қазақстанның медициналық туризмді дамыту мүмкіндігі
Отандық медицинаның нейро және кардиохирургия, перинаталдық медицина, неврология және стоматология салалары шетелдіктер тарапынан жоғары қызығушылықты тудырып отыр. Мәселен, Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығының мәліметінше, елімізге ем іздеп келгендер саны 2022 – 2024 жылдар аралығында 1200-ден 80 мың адамға өскен. Көрші мемлекет азаматтарынан бөлек Германия, АҚШ, Израиль, БАӘ және Швейцариядан келетін медициналық туристер легі біртіндеп артып келеді. Нұргүл Тау оң көрсеткіш кездейсоқ емес, нақты факторлар негізінен көтеріліп отырғанын тілге тиек етті. Оның алғашқысы халықаралық аккредит болса, екіншісі еліміздегі жоғары сапалы медициналық қызметтер басқа елдерге қарағанда әлдеқайда қолжетімді екендігі. Мәселен, Астана әкімдігіне қарасты «Астананы дамыту орталығының» ақпаратына сәйкес Қазақстанда жүрек шунттау хирургиясы АҚШ-қа қарағанда 80 есе, Сингапурға қарағанда 11 есе арзан. Үшінші, елдегі медициналық ұйымдардың медициналық туристтерді тартуға экономикалық жағынан мүдделі болуы.
Осындай іргелі мүмкіндіктерді қомақты экономикалық табысқа айналдыру тұсы тұралап тұрғаны жасырын емес. Мәжіліс депутаты сауалында салада шешімін табуы тиіс мәселелерді атады.
«Елдегі медициналық ұйымдар мен туристтік операторлардың арасындағы өзара әрекеттестік жоқтың қасы. Мәселен, медициналық мекемелер туристтік-бизнеске бейімделмегендіктен туристтерге билеттерді сатып алу, тұрмыстық жағдайды ұйымдастыру сияқты қосымша қызметтерді сапалы түрде бере алмайды. Өйткені, бұл туристтік ұйымдардың құзырында. Сол себептен, клиникалар мен медициналық туристерге сауатты қолдау көрсете алатын Медициналық туризм саласындағы Бірыңғай операторды құру қажет деп ойлаймын. Оның құзыретіне диагностика және емдеу бойынша консалтинг, туристтердің санын тіркеу, туристтік өнімді ұсыну, тасымал және медициналық аудармашы қызметін кіргізуге болады», деді Нұргүл Тау.
Түркия тәжірибесі
Сұраныс артса баға да көтерілетіні - нарық заңы. Бұл мәселені де алдын – ала бағамдаған абзал. Нұргүл Тау бізге берген жауабында осы тұрғыда Түркия тәжірибесін ұстын етуді ұсынды.
«Әлемдік үздік үлгілер қатарынан табылатын Түркияда медициналық туризмді дамыту ұлттық стратегия деңгейінде іске асырылады – Health Tourism Vision 2030 бағдарламасы қабылданған. Бауырлас елде сұраныс соңынан қалтаға салмақ салмау үшін жергілікті халыққа басқа, шетелдік ем алушыларға өзге баға бекітілген. Біздің елде осы үлгіні ұстанғаны дұрыс», деді депутат.
Медициналық туризмді жолға қойған Түрік елінен алатын өзге де тұщымды тәжірибелер жеткілікті. Соның бірі медициналық туризмді түлету бағытында жұмыс істеп отырған туроператорларлар мен медициналық мекемелерді қолдаудың мемлекеттік жүйесі.
«Түркия медициналық ұйымдар мен туроператорларға: халықаралық көрмелерге қатысуға субсидиялар береді, маркетинг шығындарын ішінара өтейді, шетелдік пациенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру үшін гранттар мен жеңілдетілген несиелер ұсынады. Қатысушыларға қызметті Türkiye Health Tourism Council деп аталатын орталық орган үйлестіреді. Онда ірі клиникалар, әсіресе жекеменшік медицина ұйымдары (Acıbadem, Memorial, Anadolu) өздерінің ішкі туризм бөлімшелерін немесе серіктес туроператорларды пайдаланады. Мемлекеттік қолдау мен ұтымды жүйенің нәтижесінде науқас емдеуден бөлек, туристік қызметтерді бір терезе қағидатымен алады», деген Respublica партиясы фракциясының мүшесі медициналық туризм деңгейін арттыру үшін медициналық туристтерге арналған арнайы цифрлық визаны қолға алуды ұсынды.
Сондай-ақ қазақстандағы медициналық ұйымдардың медициналық туристерге қызмет көрсетуге дайындығының төмендігі де көкейкесті мәселе. Нұргүл Тау бұл бағытта Астана мен Алматыдан бөлек өңір ұйымдарының да әлеуетін арттыруды атап өтіп, базасы мықты жекеменшік клиникаларға да жан-жақты қолдау көрсете отырып, қызметін кеңінен пайдалануы қажет екеніне де назар аударды.