Медицина • Кеше

Алматыда озық эндоскопиялық оқу орталығы ашылды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде кіндік Азияның да эндоскопист-дәрігерлері біліктілігін арттыратын орталық ашылды, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда озық эндоскопиялық оқу орталығы ашылды

Осы аптада Қазақстан, Жапония, Польша мен Чехия елдерің мамандары біріге отырып, Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының базасында жаңа эндоскопиялық оқу орталығының ашылуына ықпал етті. Көптен күттірген орталық енді Қазақстанның ғана емес, Орталық Азия елдерінен келген эндоскопист-дәрігерлердің де кәсібилігін шыңдап, эндоскопиялық диагностиканы жаңа деңгейге көтеретін заманауи білім беру хабына айналмақ.

Заманауи эндоскопиялық орталық Evis X1 эндоскопиялық жүйелері мен жоғары технологиялы симуляторлар сияқты ең соңғы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Осындай озық оқу үдерісі халықаралық стандарттарға сай кәсіби біліктілікті көтеруге септеседі. Әрі бұл жүйе эндоскопияны жасанды интеллектпен бірге жаңа деңгейге көтеріп, дәрігерге тіпті өте кішкентай, көзге көрінуі және жетуі қиын ісіктерді анықтауға көмектеседі.

«Орталықтың ашылуына әлемдік медициналық жабдықтар өндірісінің көшбасшысы – Olympus компаниясымен стратегиялық әріптестігіміз ықпал етті. Серіктестерімізге көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді КІАҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.

Рүстем Төлеутаев жаңа орталықтың өз дәрігерлерімізбен қоса, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстаннан келген мамандарды да машықтандыра отырып, озық технологияларды меңгеретін маңызды алаңға айналатынына сенім білдіре келе, оның диагностика мен медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жапониядағы Olympus Corporation өкілі Йохи Маэда: «Тренинг орталығын құруға Қазақстан, Жапония, Польша мен Чехия командаларының ат салысқанына қуаныштымыз. Орталық мамандарды даярлау, білім алмасу және жоғары стандарттарды енгізу салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады», – дейді.

Өз кезегінде Olympus OCG директоры Томаш Ставярски: «Мақсатымыз – адамдарды ажалдан арашалау. Біз дәрігерлерді жабдықты дұрыс әрі тиімді пайдалануға үйретеміз, себебі, науқастардың өмірі мен денсаулығы осыған тәуелді. Осы маңызды жобаның бір бөлігі болғанымызды мақтан тұтамыз», деді.

Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жәмила Қайбуллаева эндоскопиялық орталықтың өз дәрігерлерімізді сапалы колоноскопия әдістеріне үйретіп қана қоймай, ADR көрсеткішін есептеу жүйесін енгізілетінін де жеткізді. Бұл көрсеткіш – тік ішек пен тоқ ішек қатерлі ісігімен күрестегі шешуші фактор. Оны қолдану мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Эндоскопия және интервенциялық гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі Алма Хабижанова да орталық Орталық Азияда эндоскопиялық қызметтің дамуына айтарлықтай үлес қосатынына сенімді.

Оқу орталығының бағдарламаларына теориялық курстармен қатар, симуляторлар мен нақты өмірлік, клиникалық жағдайда өткізілетін кең көлемді практикалық сабақтар да кіреді. Бұл оқу процесінің тиімділігін барынша арттыруға жол ашады.
Бұл маңызды оқиға Қазақстандағы медициналық білім беру мен технологияларды дамытудың жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді.

АЛМАТЫ