
«Елдің экономикалық әлеуетін арттыру, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу мақсатында ауданымызда кешенді шаралар тізбегін қолға алдық. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс» деп атап өткен еді. Сондықтан бүгінгі форум – ауданымыздың әлеуетін танытып, жаңа серіктестіктерге жол ашатын, ортақ мақсатқа қол жеткізуге арналған тиімді алаң болды», дейді Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.
Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың айтуынша, мемлекеттің жүйелі қолдауы арқасында облыста биыл жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 1,8%-ға артып, 59 153 бірлікке жетіпті. Қазір бұл салада жалпы саны 120,3 мың адам қызмет етіп, нәпақа тауып жүр. Үдеріс Қазталов ауданында да жақсы жүріп жатыр. Оны осы форум алдында ұйымдастырылған жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері көрмесінен де байқадық.
Мысалы, «Қабығалиев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ақылбек Қабдығалиев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, Қазталов ауылында шатырға қажетті қосалқы бөлшектер өндіруге кіріскен. Аяужан Самиғоллақызы Қараоба ауылында ет өнімдері мен шұжық шығара бастаған. Бірік ауылдық округінде құс шаруашылығын қолға алған «Манас» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Манас Асылханұлының еңбегі де мақтауға тұрарлық.
Форумның пленарлық отырысында мемлекеттік қолдау тетіктері мен кәсіпкерлікті дамыту жайында да кеңінен айтылды.
Ауданда ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Ақпәтер ауылдық округінде екпешөп өсіріп, мал азығын алып жатқан «Ер-Қожа» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов, Қараоба ауылдық округінде дайын өнім өндіруге мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткен «Даяр» жеке кәсіпкерлігінің негізін қалаушы Жанайдар Рысқалиұлы, мемлекеттік қайтарымсыз грант және «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып құс шаруашылығын дамытып отырған Манас Асылханұлы форумда тәжірибесін ортаға салды. Ақкөл жағасында демалыс аймағын құрып, қонақүй салған Сұлтан Сартаев жаңа кәсібі туралы айтып берді.
Ауылда өткен инвестиция форумы ауыл экономикасын дамытуға бағытталған жаңа кезең болса керек. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда ауылдың екінші тынысы ашылып, халықтың әлеуметтік ахуалы жақсарары сөзсіз.
Батыс Қазақстан облысы