
Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы, биоалуантүрлілік және экотуризм саласындағы саясатты іске асыру департаментінің басшысы Бахром Холхужаев пен Ормандарды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және шөлейттенуге қарсы күрес басқармасының бас маманы Сарвар Ахмедов Орал қаласына арнайы сапармен келді. Оларды Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін қабылдады. Өзбекстандық делегацияның мақсаты – Жәңгір хан университеті ғалымдарының тәлімбақта киік өсіру тәжірибесімен танысу. Оралдық ғалымдар бұл бағытта бірнеше жылдан бері нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.
Меймандар білім ордасының ғалымдарымен бірге қала шетіндегі «Ақбөкен» тәлімбағына барып, қолға үйретілген дала жануарларын көздерімен көріп, ондағы жұмыс барысымен танысты.
«Өзбекстан үкіметі Қарақалпақстан Республикасы аумағында киік санын көбейтуді мақсат етіп отыр. Биыл арнайы жұмыс тобы да құрылды. Біз алдымен Қарақалпақстан жерінде-гі жергілікті жағдайды, ондағы қорықтар мен тәлімбақтардың жай-күйін зерттедік. Осы алғашқы сапарымызда Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің киікті тәлімбақта ұстау тәжірибесімен таныспақпыз. Бұйырса, Қарақалпақстан жерінде де осындай тәлімбақ құру жоспарымызда бар», деді Б.Холхужаев.
Өзбекстанда бұған дейін ақбөкенді қолдан өсіру тәжірибесі болмаған. Бірақ табиғи жолмен өздігінен барған шағын тобы кездеседі. Соңғы мәліметке қарағанда, Өзбекстан аумағында қазір шамамен 300-дей киік бар. Ғалымдар бұл жануардың санын көбейтуге ден қойып отыр.
«Осы бағытта Қазақстан тарапынан экологиялық дәліз құру туралы мәселе көтерілді. Мұны да алдағы уақытта жан-жақты талқылайтын боламыз», дейді меймандар.
Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Смайылұлының айтуынша, бұл жобаға бұған дейін Әзербайжан мен Қытай елінің мамандары да қызығушылық танытқан.
Батыс Қазақстан облысы