
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы орайда «батыл ұсыныс» деп бекер айтып отырған жоқпын. Өйткені ЖИ-ге сену, оған сенім арту, осыған дейін адам атқарған қызметті жүктеу, соған қарай бет бұру және оны мемлекеттік деңгейде жаппай енгізу, оны Мемлекет басшысының нығыздап айтуы – алапат батылдықты талап етеді. Себебі бұл – айтуға оңай болғанымен, салмағы ауыр үдеріс. Маман даярлау қажеттігі, инфрақұрылымды жасау қажеттігі, үлкен мәліметтер қорымен жұмыс, үдерістерді реинжиниринг жасау деген секілді көптеген алғышарт бар. Қызық болғанда, өзге дамыған елдер 15–20 жылда жүріп өткен алғышарттарды біз қас пен көздің арасында игеруіміз қажет. Неліктен? Әлемнің, заманның талабы сондай.
Өзім жиі айтатын мысал бар. Ыбырай Алтынсарин атамыздың осыдан бір ғасыр бұрынғы «Өнер-білім бар жұрттар…» өлеңі. Ыбырай атамыз сол өлеңді жазған кезде, яғни ХІХ ғасырдың соңғы жағында ағылшын инженері Ч.Бэббидж арифметикалық компьютер жасап, Ада Лавлейс оған компьютерлік бағдарлама жазып жатты.
Ал енді цифрлық трансформацияның контексі және мақсатына келер болсақ, Жолдауда қазіргі әлемнің бұлыңғыр және тұрақсыз екені, ал Қазақстанның жаппай цифрландыру және жасанды интеллект (ЖИ) дәуіріне қадам басқаны атап өтілді. Бұл дәуір адамзат үшін оңай болмайтыны анық, алпауыт елдер арасындағы қайшылықтар мен қақтығыстардың өсуі байқалады. Кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табыстарға жетіп жатыр. Бұл кейбір елдер деп отырғанымыз АҚШ, Англия, Франция, Қытай, Ресей жатады. ЖИ-дің қарқынды дамуы халықтың, мемлекеттің, қоғамның жекелеген адамдардың, экономиканың, әлеуметтің, барлығының-барлығының болмысына әсер етеді. Осы түбегейлі өзгерістерге дайын болу, дайын болып қана қоймай, оған еру, оны игеру, жасау қажеттігі баса айтылды. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады. Әрине, мақсат біреу. ЖИ-ді жаппай енгізу және жаппай цифрландыру арқылы еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттыру. Өйткені кез келген технологияның табиғаты секілді, ЖИ табиғаты да сол: өнімділікті арттыру, шығынды азайту, үдерісті жеделдету.
Жолдауда айтылған ЖИ-ге қатысты мәселелерге қайтадан көз салайықшы:
- Біртұтас тұжырымдамалық құжат: Осы мақсатты орындау үшін цифрландыру мен ЖИ-ді дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірленеді. Онда барлық бастама мен жоба жалпыұлттық стратегия аясында біріктіріледі.
- Институционалдық және заңнамалық реформалар:
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру: Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жаңа министрлік құрылып, оны Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаратын болады.
Цифрлық кодексті қабылдау: Бұл заң цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттарын, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика және үлкен дерекқорларды пайдалану мәселелерін айқындайды.
Заңнаманы реттеуде ЖИ-ді қолдану: Заңнаманы тексеру және ретке келтіру үшін жасанды интеллект технологиясы жылдам әрі тиімді қолданылады.
Интеллект арқылы реттеу орталығы: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан құрылатын бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен және тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады.
- Экономика салаларындағы ЖИ мен цифрландыруды енгізу:
Экономиканы жаңғырту: Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізетін болады.
Жер қойнауына қатысты мәліметтер: ЖИ арқылы жүйеленеді.
Ауыл шаруашылығы: ЖИ-ді қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутник арқылы мониторинг жасалатын болады.
Көлік және логистика: Тасымалды басқарудың кешенді, көпбейінді цифрлық платформасын ЖИ арқылы жасайтын болады.
Құрылыс: «Building Information Modeling» (BIM) сияқты ЖИ технологияларының көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану туралы айтылды. Құрылыстың барлық кезеңін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформа іске
қосылады.
Су ресурстарын басқару: ЖИ негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақтайтын бірыңғай цифрлық платформа жасалатын болады.
Салықтық әкімшілендіру: Мемлекеттік кірістер комитеті ЖИ әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолданады.
Денсаулық сақтау: ЖИ технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастырады.
Демографиялық үдерістер: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен ЖИ технологиялары енгізілген орталық құрылады.
Алатау қаласы: Аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс, мұнда «Smart City» технологияларынан бастап, тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтар енгізіледі.
Ештен кеш жақсы демекші, бұл ауқымды жұмыстардың бәлкім кейбірі жасалып та жатқан болар, кейбірі жоспарда тұрған да болар, дегенмен, енді одан әрі қарқынды түрде іске асыруды талап етеді. «Ал енді осының барлығын жасайтын мамандар қайда?» деген сұраққа да жауап берілген секілді. Адам капиталын дамыту жөнінде оқушылар деңгейінде, студенттер деңгейінде, жас мамандар деңгейінде бірқатар тапсырма берілді. Мысалы, ЖИ-мен жұмыс істеу құзыретін мектеп қабырғасынан бастап, ерте жастан қалыптастыру, сондай-ақ ұстаздардың ЖИ технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыру туралы айтылды. Соған «Qazaq Digital Mektebi»: Қашықтан оқыту және ЖИ технологиясы негізінде шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу туралы мәлімдеме де кіреді. Одан да жақсы бір серпін беруі қажет жаңалық, ол – университеттерге еркіндік. Яғни жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беру ұсынылады. Бұл – шындығын айтқанда, көптен күткен жаңалық. Қорыта келгенде, еліміздің үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналуы және экономиканы жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын барынша енгізу арқылы жаңғыртуы – технологиялық жаңғыру ғана емес, сонымен қатар қоғамның барлық саласын қамтитын, адам капиталын дамытуға бағытталған кешенді реформа. Осы мақсатқа жету үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, Цифрлық кодексті қабылдау, ЖИ-ді экономиканың әртүрлі саласына енгізу және білім жүйесінде ЖИ қабілеттерді дамыту сияқты нақты қадамдар көңілді көншітеді. Бұл шаралардың түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз етуге бағытталған әрекет екеніне нық сенімдімін. Бастысы, Үкімет тиісті деңгейде атқарса болғаны. Барлығымыздың үмітіміз бен күтетініміз осы.
Тимур Бектұр,
ІТ аналитик, ЖИ маманы