Жасанды интеллект • Бүгін, 08:45

«AI-Sana»: Білім саласындағы жасанды интеллект

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Жасанды интеллект технологиялары саласындағы отандық және халықаралық білім беру бағдарламалары еліміздің кадрлық әлеуетін нығайтуға үлес қоса алады. Үкіметке жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау үшін «AI-Sana» бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бағдарлама білім беруді, зерттеулерді және стартаптарды дамытуды біріктіретін серпінді экожүйе қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін пайдалану қажет. Қазақстанның әрбір азаматына жасанды интеллектінің пайдасын түсіндіру, оның не үшін қажет екенін және оны дұрыс қолдану жолдарын жеткізу алдағы міндет», деген еді Президент. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да осы бағдарламаның маңызын атап өтті.

«AI-Sana»: Білім саласындағы жасанды интеллект

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қол­ға алынған «AI-Sana» бағдарламасы – еліміздің білім, ғылым және инновация сала­сындағы ең ірі қадамдарының бірі. «AI-Sana» – студенттер арасында жасанды интеллект саласындағы дағдыларды жан-жақты дамытуға бағытталған бірегей бағдарлама. Ол 100 мың қатысушыны қамтиды және ел эко­номикасының әлеуетін көтеру­ге, технологиялық кәсіпкер­лік­ті қолдауға басымдық бере­ді. Әсіресе «DeepTech»-стартап­тарды дамытуға ерекше назар аударылған, себебі олар елі­міздің технологиялық және экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күші бола алады.

Бағдарлама халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген. Оның қалыптасуына негізгі үлес қосқан – Стэнфорд университе­тінің Жоғары білім мектебінің бас техно­ло­гиялық директоры әрі қауымдас­тырылған деканы Пол Ким. Сонд­ай-ақ бағдарламаны әзір­леу­де «Stanford University», «Imperial College London», «King’s College London», «Royal Academy of Engineering», сондай-ақ «SETsquared», «UKSPA» сияқты ин­новациялық платформалардың тәжірибесі пайдаланылған. Бұл серіктестер алдыңғы қатарлы білім мен үз­дік тәжірибелерге жол ашып, бағдарламаның жаһандық тәжіри­бені жергілікті қажеттілік­тер­мен ұштастыруына мүмкіндік береді. «AI-Sana» өз бетінше білім алу, зерттеу және қолданбалы бағыттарды біріктіретін тәсіл­ді қамтиды. Оның негізгі мақ­саттары:

  • Жасанды интеллект бойынша іргелі білім мен дағдыларды қалыптастыру.
  • Экономиканың басты са­ла­ларына қажет кәсіби мамандар даярлау.
  • ЖОО мен ғылыми зерт­теу институттары негізінде «DeepTech»-стартаптар генера­циясын қолдайтын тұрақты экожүйе құру.

«AI-Sana» елімізді «стартап-ұлт» идеология­сына же­телейтін негізгі қозғаушы күш­тердің бірі болмақ. Ол адам капиталын дамытуға, жоғары тех­нологиялық шешімдерді енгізуге және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға ықпал етіп, болашақтың ғылымға негізделген экономикасын қалыптастыруға арналған платформалық экожүйе жасайды.

Мамандардың айтуынша, бұл бас­тама еліміздегі дәс­түр­лі білім жүйесін өз­гер­тіп, ғы­лыми зерттеу бағы­тын­­дағы ун­и­вер­ситеттерді қалып­тас­тыруға мүмкіндік береді. Университеттердің халықаралық тә­жіри­беге сүйене отырып жаңа форматқа көшуі елдің зияткерлік әлеуетін көтеріп қана қоймай, әлемдік технологиялық жарыста алға шығуына жағдай жасайды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзінше, жаңа техноло­гияларды игеру болашақ мамандар үшін ғана емес, елдің экономикалық қуаты мен бәсекеге қабілеттілігі үшін ғана де стратегиялық маңызға ие. Университеттердегі өзгерістер мен студенттердің бастамалары қазірдің өзінде айтарлықтай нәтиже бере бастады.

«Бағдарлама жүзеге асып жатқан 5 айда біздің студенттер 119 жасанды интеллект агентін құрды, тағы 395-і әзірленіп жатыр. Нәти­­жесінде, 20 университетте ЖИ, машина­­лық оқыту және киберқауіпсіздік саласында 25 жаңа білім бағдарламасы ашылды»,  дейді министр.

«Satbayev University» – «AI-Sana» бағдарламасын жоғары білім жүйесіне енгізетін 27 тірек университеттің бірі. Уни­верситет «Huawei ICT Academy» курстарын және өзінің авторлық бағдарламаларын қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынып отыр. «Satbayev University» тарапынан әзірленген «Баршаға арналған жасанды интеллект» курсын қазірге дейін 12 мыңнан астам адам, соның ішінде 654 оқытушы аяқтап үлгерген. Оқу мазмұны инженерлік және қолданбалы міндеттерде ЖИ-ді қолдануға бағытталған.

Сәтбаев университетінің академиялық мәселелер жөнін­дегі проректоры Раиса Өскен­баеваның айтуынша, оқу орнында жасанды интеллект са­ласындағы бастамалар өте көп. Ол уни­вер­ситеттің оқу бағдарламаларын жаңартып, заманауи ЖИ-технологияларын білім үдерісіне енгізіп жат­қанын атап өтті. Сонымен қатар индустриялық серіктестермен ын­тымақтастық дамып, түлектердің кәсіби дайындығы жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын жеткізді.

«Бүгінде жасанды интеллект – технология ғана емес, білім мен ғылымды жаңа дең­гейге көтеретін қуатты құрал. «Satbayev University» осы бағытты басымдыққа алып отыр. Университетіміздің оқу бағдарламалары жаңартылып жатыр. Біз теориялық білім беріп қана қоймай, студенттерге нақты жобаларда жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынамыз. ЖИ-технологияларын білім үдерісіне енгізу – болашақ инженерлер мен ғалымдардың кәсіби дайындығын жаңа сапаға шығарады. Мысалы, студенттеріміз «Big Data» талдау, машиналық оқыту, нейрондық желілер құру, роботтехника сияқты салаларда тәжірибе жинап жатыр. Бұл – ертеңгі күні еңбек нарығында сұранысқа ие болатын мамандықтар», дейді Р.Өскенбаева.

«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Кәміл Ақатовтың айтуынша, еліміз білім, ғылым саласына жасанды интеллектіні енгізуге толық дайын.

«AI-Sana» бағдарламасы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Бүгінде жасанды интеллектіні енгізуге толық дайынбыз. Ғылым қоры инновацияларды қолдаудың жаңа тәсілдерін енгізіп, елде ЖИ-экожүйенің қалыптасуына серпін беруді көздеп отыр. Біздің мақсат – жекелеген ғылыми жобаларды қаржыландыру ғана емес, технологиялық дамуды жеделдететін жүйелі шешімдер қабылдау», дейді ол.