
– Жеке министрлік құру дегеннің өзі де табыс кепілі емес қой. Алдағы уақытта қандай қиындықпен бетпе-бет келуіміз мүмкін?
– Иә, дұрыс айтасыз. Құрылымды жасақтау – жарты шаруа. Мұның артында мамандардың, ресурстың және мазмұнды ойдың тұруы маңызды. Министрлік тәжірибесі бар кәсіби мамандарды қатарға тартып, үздік халықаралық тәжірибелерді ескеріп, өзге ведомстволармен үйлесімді жұмысты жолға қоя білуі шарт. 2023 жылы Ұлыбританияда осындай министрлік құрылған кезде біршама түсініспеушілік туындады. Түрлі функция қабаттасып кетіп, бизнес бюрократия көбейді деп шағымданды. Сингапур білімге және мемлекеттік басқару жүйесіне жылдар бойы инвестиция салу арқылы ғана табысқа жетті. Сауд Арабиясында миллиардтаған инвестиция құю бойынша мәселе жоқ, алайда кадр тапшылығы жұмысты тежеп тұр. Бұл ретте, еліміз реформаны ауқымды жүргізуді ғана мақсат тұтпай, оны тереңнен қамти білуді ескеруге тиіс.
– Жолдаудағы жаңа бастамалардың бірі – Цифрлық кодекс жобасы. Бұл кодекстің мәні неде, ол не үшін керек?
– Мұны белгілі бір деңгейде цифрлық конституция деп айтуға болар еді. Кодексте жасанды интеллектіні пайдалану, үлкен деректермен жұмыс істеу жайы, платформа мен алгоритмдерді қадағалаудың тәртібі егжей-тегжей жазылуы керек. Біз технологияны дамытып қана қоймай, оны басқаруды ойласақ, онда бұл өте маңызды қадам. Бірақ бұл жерде ескере кетер бір жайт бар: жүйеге ауыр жүк артуға болмайды. Мәселен, Еуроодақта AI Act-ті қабылдау өте ұзақ жүрді. Өйткені бизнес тарапынан шағым мен дау-дамай көп туындады. Ал Қытайда керісінше – реттеу өте тез атқарылды, бірақ бұл стартаптарға өте ауыр соққы болды. Сондықтан еліміздің міндеті – тепе-теңдікті таба білу. Бастаманы да тұншықтырып алмау және азаматтарды қорғауды да ұмыт қалдырмау қажет.
– Сонымен қатар Жолдауда криптоқор, активтерді қайтару туралы да сөз болды. Мұны да цифрлық стратегияның бір бөлігі деп түсінуге бола ма?
– Сөзсіз солай. Бұл жерде әңгіме тек технология туралы емес, сенім жайында да болып тұр. Цифрлық технологиялар қаржылық ашықтықты қамтамасыз етіп, ағымдарды қадағалап, жемқорлық тізбегін анықтауға көмектеседі. Сол себепті, цифрлық бақылаудың болғаны жақсы. Дегенмен таяқтың екі ұшы барын ұмытпаған абзал. Үндістанда цифрлық төлем жүйесін жаппай енгіземіз деп кибералаяқтық пен деректердің ұрлануын өршітіп алды. Сондықтан мәселе тек технологияда емес, жүйені қорғауға да тікелей қатысты. Бұл тұрғыда қауіпсіздік деңгейі жоғары цифрлық жүйе қалыптастыра алуымыз керек.
Жалпы, Жолдауда бағыттар нақты көрсетілді. Президент стратегияны айқындап берді. Бірақ бұл стратегия шындыққа айналуы үшін оны сапалы түрде жүзеге асыра білуіміз керек. Бәрі де министрліктердің, бизнес пен білім мекемелерінің, барша басқарушы аппараттың осы бағытта қаншалықты алға жылжи алатынына байланысты. Егер бәрі сауатты жасалса, еліміз расымен алға озады. Ал егер ескі схемаларға бой ұрып, бюрократия мен кадр тапшылығына ұшырасақ, онда мүмкіндікті қолдан сусытып аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Абай Аймағамбет,
«Egemen Qazaqstan»