
Кейінгі жылдары басқару жүйесінің құрылымы босаңсып, оның іс-қимыл тәсілінің ұтымдылығы төмендеген. Ел экономикасының даму қуаты – қаржы-қаражаты Үкіметке тікелей бағынышты емес жекеменшік банктерге, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» сияқты аса ірі акционерлік ұйымдарға таратылып кеткен. Соңғылары өздеріне бағынышты ондаған, жүздеген заңды және жеке тұлғалардан тұратын «империя» құрып алған. Мұндайда салалық министрліктердің де ықпал жасау құзыреті төмендейді. Салдарынан басқару жүйесінің қуаты мен жауапкершілігі шашыранды қалыпқа түсіп кетті.
Қазір Үкіметтің тұрақты қазынасы жоқ. Яғни бюджеттен басқа, Үкіметтің қолында экономикалық өсуді жеделдету үшін бюджет қаражатымен қатар нарық кеңістігінде несие, несиелік инвестиция тарта алатын өзіндік құралдары жоқ. Осы жағдайларды ескере отырып, Үкімет қазынашылығында тұрақты түрде сақталатын алтын, платина, басқа да сирек металдардан тұратын «Үкімет қазынасы» деп аталатын дербес даму қорын құру қажет.
2023 жылғы есеп бойынша әлемдегі шығарылған алтынның 22-23%-ы инвестиция ретінде пайдаланылып, 25%-ын үкіметтік алтын қорлары, Орталық банктер сатып алып жатыр. Мысалы, кейінгі 10 жылда (2013–2023) Ресей 1 347 тонна алтын сатып алып, алтын қорын 2 329 тоннаға, Қытай 1 191 тонна алтын сатып алып, алтын қорын 2 245 тоннаға дейін арттырды (WGC статистикасы). Осылай өзге елдер алтын қорларын еселеп өсіріп, қазынасын молайтып, экономикасын қуаттандырып жатыр. Біз осындай жаһандық мейстримнен тыс қалмауымыз керек.
Алтын көп жағдайда халықаралық саудада аса қажетті шикізат, технологиялар үшін төлем құралы ретінде пайдаланылатындықтан оны өндіру, сату және сатып алу тәртібін Орталық банктер емес, Үкімет өз бақылауында ұстайды. Алтын қорларының негізгі мақсаты – экономиканы сыртқы тәуекелдерден қорғау. Көптеген елде алтын қорлары тек мемлекетке тиесілі қазына саналады, ал орталық банктер осы алтынның сақтаушылары немесе басқару агенттері ретінде ғана әрекет етеді. Біздегі алтын-валюта қоры Ұлттық банк қаражатымен жасақталған, сондықтан оған Үкімет иелік ете алмайды.
Мемлекеттік алтын қорын құруға қатысты бірінші әрекетті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жасап, Президенттің 1991 жылғы 31 тамыздағы N412 «Қазақ КСР-де алтын қоры мен алмаз қорын құру туралы» Жарлығы шықты. Осы Жарлық негізінде ҰБ алтын-валюта қорынан басқа, мемлекеттің алтын қоры құрылмақшы еді. Алайда Үкімет Президент Жарлығын жүзеге асыра алмады. Одақ құлап, экономика терең дағдарысқа ұшырап жатқан мезетте Үкіметтің өзіндік алтын қорын құратын мүмкіндігі жоқ-ты. Ол кезде мұндай мүмкіндік тек Ұлттық банкте ғана болды. Сондықтан Жарлықты орындау ҰБ-ға жүктелді. Мен 1992 жылдың басынан бастап ҰБ басқарма төрағасы қызметін атқардым. Аса қиыншылық жағдайында 1992–1993 жылдары бас-аяғы екі жылда жұмысымызды нөлден бастап, 22 тонна алтын қорын жинадық. Алтын-валюта резервін 730 млн долларға жеткіздік. Қор тек ҰБ табысымен құрылды және алтын қоры бірте-бірте ҰБ-ның алтын-валюта резервіне айналды.
Енді алтын қазынамызды қалай жинаймыз деген мәселеге келейік. «Үкімет қазынасы» даму қорына керек алтынды жыл сайын 100 тоннадай көлемде жеке өндірушілерден биржалық бағамен сатып алу керек. Осы мақсат үшін 10-20-30 жылдық мерзімді «Үкімет қазынасының» облигацияларын айналымға шығару қажет. Осы облигацияларға Ұлттық қордың, Зейнетақы қорының, Ұлттық банктің қаражатын салып, қаржы жинақтап, алтынның бағасын өтеуге болады. Бұлай істеу заңнамаға қайшы келмейді. Ұлттық банктің 2023–2024 жылғы есебі бойынша Ұлттық қордың 90%, АҚШ, ЕО-ның 2,0–2,5% жылдық табыс беретін қазынашылық облигацияларына қаржы салынып келеді. Ал қаражатымызды өзіміздің қазынашылық облигациямызға салуға ешқандай бөгет жоқ, Үкімет тек тиісті шешім шығарса жеткілікті.
Жылына 100 тоннадай алтын жиналса, Үкіметтің қазынашылық қорына бірінші жылы кемінде 7-8 млрд доллар, алғашқы 3 жылда 35–40 млрд доллар, 10 жыл ішінде 130–150 млрд доллар көлемінде қаражат тартылады. Қазір ел экономикасының барлық қуаты жеке сектордың шикізат экспортымен байланысты, соның валюталық түсімдерінен мемлекеттік бюджет кірістерінің 30–35%-ы және Ұлттық қор қалыптасады. Бірақ экспорттық тауарлардың баға деңгейі біздің елге тәуелді емес, әлемдік нарықта анықталды, ол кейде өсіп, кейде құлдырап отырады. Сондықтан елдің даму мүмкіндіктері сыртқы күштерге тәуелді. Қазіргідей мұнай бағасы нарық аясында анықталмай, жаһандық саяси күштердің шешімдеріне байланып, үлкен тербелісте тұрған кезеңде мұнай бағасы түсіп кететін болса, ел экономикасына үлкен қауіп төнеді. Мұндайда валюталық резервтер халықаралық, отандық алыпсатарлардың қолына түсіп, еріген мұздай ағып кетуі ықтимал. Одан қорғанатын жол біреу-ақ, ол – алтынды қолдан шығармай, елімізде, Үкімет құзырында сақтау.
«Үкімет қазынасы» даму қоры аясында алтын қорын құру арқылы сыртқы күштердің қаупінен, доллардың айырбас бағамынан тәуелсіз, жылма-жыл үдемелеп өсетін, тұрақты стратегиялық қаржылық көзін қалыптастыруға болады. Алтыннан тұратын қазыналық қор Үкіметтің қолындағы ең тиімді құралға айналады. Үкімет еліміздегі әлеуметтік-экономикалық салалардың өзекті бағыттарына бюджеттен тыс, көлемді қаржылық инвестиция құятын дәрежеге жетеді. Экономика саласындағы дербестігімізді нығайтуға қол жетіп, теңге бағамы мен тауар бағасының тұрақтануына жол ашылады.
«Үкімет қазынасы» қорының ақша ресурстарын тиімді пайдалану үшін, жеке банктердің, қолданыстағы мемлекеттік қорлардың делдалдығынсыз тікелей өндірістік салаларға (ауыл шаруашылығына, өңірлердегі кәсіпкерлікке) қаражат беруге ынталы, алыпсатарлық табыс қуаламайтын, мемлекеттік қатысумен құрылатын, бақылау пакеті Үкіметке тиесілі, акционерлік қоғам форматындағы «Агроөнеркәсіп банкін», ал ірі қалаларда орта және кіші кәсіпкерлікті дамыту үшін «Кәсіпкер» банкін ашуды ұсынамын. Жаңадан құрылатын банктерге жарғылық капиталын қалыптастыруға «Үкімет қазынасы» қорының есебінен 4–5 млрд доллар көлемінде 10-20-30 жылдық облигациялар шығарып, Ұлттық банктен немесе Ұлттық қордан қаражат алып, банктерге Үкімет бастапқы жарғылық капитал ретінде берсе болады. «Үкімет қазынасы» даму қоры алтынды монетизациялау үдерісі бойынша жиналатын барлық қаражатты түгелімен жаңадан құрылатын банктерге аударып отыруы керек. Сонда ғана осындай ірі қаражат көзін алыпсатарлық нарық сегменттеріне кетіп қалмай, кәсіпкерлік салаға тура бағыттауға қол жеткізіледі. Қордың қаражаты бірден несиеге ауысып, міндетті түрде қайтарылатын қасиетке ие болады.
Мемлекеттің қатысуымен құрылатын банктердің несие үстемеақысын 3–5%-дан асырмай беру міндеттемелерінің болуына байланысты. Бюджет тарапынан кредитті арзандатуға берілетін субсидияларды түгелімен жою қажет. Қазір кредитті субсидялауға бюджеттен 1,2–1,3 млрд доллар көлемінде қаражат жұмсалады, бірақ мұның үлкен бөлігі кәсіпкердің мұқтажына жетпей, жемқорлардың пайдасына кетіп отыр. Мен ұсынған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде «Үкімет қазынасы» дербес қаржы қоры мен мемлекеттің қатысуымен құрылатын банктердің қызметінен салыстырмалы түрде қысқа мерзімде мынадай нәтижелерге қол жеткізуге болады:
«Үкімет қазынасы» қоры мен Үкіметке бағынышты жаңадан құрылған банктердің активтері ұлғайған сайын ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті несиелендіру мәселесі түбегейлі шешімін табады. Бұл ретте жекеменшіктегі банктер өзіндік ақша және несие саясатын қайта қарауға мәжбүр болады. Осылайша, батыстық қаржы орталықтары мен жаһандық ықпал ету құралдарына тәуелсіз қаржы-несие жүйесінің жаңа архитектурасы құрылады. Үкімет әлемдік және ішкі несие нарығына бөгетсіз шыға алатын қуатты құралға ие болады.
Алтынмен қамтамасыз етілген қазынашылық облигациясын шығару отандық қор нарығы тарихында алғаш рет тартымдылығы жағынан кез келген дамыған елдің, оның ішінде АҚШ-тың, ЕО-ның бағалы қағаздарынан кем түспейтін отандық жоғары рейтингті бағалы қағазды яғни, жаңа аса өтімді инвестициялық құралды өмірге әкеледі. Ол кез келген отандық және шетелдік даму институттарының, сондай-ақ ел азаматтарының қаражатын орналастыруға болатын сенімді инвестициялық құралға айналады.
Ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік банктер құрылған жағдайда облыс және аудан әкімдері осы қуатты кредит институттарына сүйеніп, өңірлерді дамытудың және муниципалды меншікті құрудың нақты жоспарларын әзірлеуге мүмкіндік алады. Яғни өңірлерді дамыту жоспарлары жоғарыдан емес, төменнен жасақтала бастайды.
Ғалым БАЙНАЗАРОВ,
Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы