
Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев жобаны әлемге танымал «Pas Grau International» компаниясымен бірге әзірлегенін айтты. Жоспарға заманауи өндірістік технологияларды қолдану, рельеф пен климаттық жағдайларды спутниктік деректер арқылы зерттеу, «жасыл» стандарттарды енгізу кірген. Әлемнің 120-дан астам тау шаңғысы курортында сыналған үздік тәжірибелер негізге алынған.
«Pas Grau International» өкілі Жоан Виладомат нысанның мегаполиске жақын орналасуын артықшылық ретінде бағалады. Оның айтуынша, Алматыдағы дамыған қонақүй мен тамақтану орындары, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы курорт аумағында артық құрылыс жүргізуді қажет етпейді. Бұл шешім аймақтың табиғи келбетін сақтауға мүмкіндік береді.
Жоспарды дайындау барысында экологияға ерекше назар аударылды. Құжатта орнықты даму қағидаттары мен халықаралық экотуризм стандарттары ескерілген. Алдағы уақытта жоба Алматының қысқы демалыс пен экологиялық туризм орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып, қонақүй бизнесіне, көлік пен қызмет көрсету саласына жаңа инвестициялар әкеледі. Бұл өз кезегінде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін бермек.
Отырыс барысында Премьер-министр құрылыс кезінде экологиялық талаптардың қатаң сақталуы керектігін атап өтті.
«Almaty Superski» отандық туризмнің жаңа қарқынын қалыптастырып, ел экономикасын әртараптандыруға үлес қоспақ.